Ел ағасы Ерағаң
Еркеғали Рахмадиев! Ол өзінің талантты шығармаларымен – операларымен, симфониялық күйлерімен, поэмаларымен, труба мен оркестрге, скрипка мен оркестрге жазған концерттерімен, басқа да туындыларымен қазақтың музыка өнерін жарқыратып әлем сахнасына шығаруға, өзге елдерге, дүние жүзіне танытуға құлшына ат салысып қана қоймай, әдебиеттегі, музыка саласындағы, өнердегі аттары бүгінде аңызға айналған Ғабит Мүсірепов, Ғабиден Мұстафин, Мұқан Төлебаев, Қанабек Байсейітов, Құрманбек Жандарбеков, Жүсіпбек Елебеков, Манарбек Ержанов, Ғарифолла Құрманғалиев, Нұрғиса Тілендиев, Шәкен Айманов сияқты талай асыл саңлақтарымызбен кезінде қоян-қолтық араласып өмір сүрген, соларға іні, дос бола білген, көкірегі алтын сандық сияқты, бүгінгі һәм келер ұрпақтар үшін інжу-маржандай сырларға толы, ұлтымыздың мақтаныш тұтар тұлғаларының бірі.
Сонау алыста қалған 1968 жылдың өзінде-ақ бұрынғы Кеңес Одағының аузы дуалы марқасқасы, музыканың білгірі Родион Щедрин ол туралы былай деп жазған еді: “Оның шығармалары Еуропа мен Азияның көптеген елдерінде, Америка континентінде орындалып келеді және әрдайым жұртшылықтың қызығушылығын туғызуда. Еркеғали Рахмадиев – өз халқының мәдениетіне тамыры терең бойлаған композитор. Оның музыкасы арқылы қазақ өнері бүгінгі таңда еліміздегі ең таңдаулы концерттік эстрадаларда көрініс береді; оның шығармалары шет елдерде табысты түрде орындалады… Кеңес елі сыншыларының пікірінше оның музыкасы қазіргі қазақ музыкасының “визиттік кәртішкесіне” айналған”. Одақ көлемінде осындай баға алып жүргенінде Еркеғалидың жасы небәрі 38-де ғана екен.
Бүгіндері, Ерағаң 80 жастың сеңгіріне шығайын деп отырған күні мен өзімнің ол кісі туралы білетін, көңілге түйген біраз сырларымды халқымыздың ықыласына бөленген “Егемен Қазақстан” газеті арқылы жұртшылық назарына ұсынуды жөн көрдім.
Автор.
“Еркеғали Рахмадиев Алматыдан Астанаға көшіп келіпті” деген хабарды естіген соң зайыбым Хабиба екеуміз қазақы дәстүр бойынша Ерағаң мен Клара жеңгейге шаңырағымызды көрсетіп, ерулік беруді ойлағанбыз. Бірақ мекен-жайы мен телефонын білмейміз.
Жалғыз қазақ халқы емес, берісі – бұрынғы Кеңес Одағына кірген республикалардың барлығы, әрісі – шет мемлекеттердің музыка сүйер қауымы атына қанық, ХХ ғасырдағы қазақтың әйгілі композиторы Еркеғали Рахмадиевтің өзін де, зайыбы Клараны да бұрыннан, Алматыда тұрған кезімізден жақсы танитын едік. Менің әйелім Хабибаның туған әпкесі Әмина Ерағаңның үйіндегі Клара жеңгеміздің етбауыр жақын ағасы, қазақтың белгілі этнограф ғалымы, профессор Халел Арғынбаевқа тұрмысқа шыққан кезден бастап Ерағаңның өзімен, отбасымен жақын араласып кеткенбіз. Бастапқыда, Орталық партия комитетінде істеген жылдарымда жасы бізден едәуір үлкен Ерағаңды ресми жиындарда, қызмет барысында көрген жерде іштей сыйлайтынымды, қадір тұтатынымды білдіріп, әдейілеп сәлем беріп жүретінмін. Кейінірек құда-жекжаттық жолымен анда-санда бажам Халелдің үйінде, біздің үйде, Ерағаңның өз үйінде дастарқан басында кездесетін болдық. Ондай отырыстарда Ерағаңмен бірге болу қызықты, ол айтқан әңгімелер де, әзіл-қалжың да үйдің ішін көңілді күлкіге бөлеп, ажарландырып жіберетін. Астанадағы тұрағының дерегін немесе телефонын қайдан табамыз деп жүргенімізде Ерағаңның өзімен және жеңгемізбен ойламаған жерде көшеде ұшырасып қалдық. Ол Хабиба екеуімізді көрген бойында-ақ:
– Астанаға келгенімізге біраз болды. Сендер көрінбейсіңдер. Екеуің бізге ерулік бермей, оп-оңай құтылып кетеміз деп ойлап жүрген жоқсыңдар ма? – деп бірден әзілге басты.
– Келгендеріңізді естідік. Бірақ әдрістеріңіз бен телефондарыңызды білмей, мысымыз құрыды емес пе, – деп ақталып жатырмын.
– Ендеше, жаз үйдің телефонын. Ал әдрісімізді звандағанда білерсіңдер, – деді Ерағаң…
Ол кісі үйге келгенде жалғыз отырмасын деп біраздан бері дастарқанымызда болмаған тағы бірер достарымызды қоса шақырғанбыз.
Ерағаң бұл жолы да әдеттегісіндей көңілді отырды. Клара жеңгеміз екеуінің Астанаға қалай көшіп келгенін де қызықты етіп әңгімелеп берді.
– Үйді сізге Президентіміз бергенін білеміз. Сіз сонда ол кісінің қабылдауына жазылып, Астанадан үй сұрадыңыз ба? – деген аңғалдау сұраққа Ерағаң:
– Жалпы, есімдері елге танымал әжептәуір азаматтар өздерінің жеке бастарына қажетті бірнәрселерді сұрау үшін Президентке кіруге ұмтылуларын өз басым дұрыс деп санамаймын. Президент – елдің, халықтың адамы. Сондықтан оған барғанда да қоғамдық, халықтық, елдік мәселелері сөз болуға тиісті. Өзім туралы айтар болсам, Президентке бір барғандағы айтқан мәселем – ақпарат, спортпен бірігіп кеткен Мәдениет министрлігін қайтадан өз алдына жеке шаңырақ етіп бөліп шығару жөнінде болған еді. Қандай дамыған, өркениетті елді алсақ та, Ғылым академиясы, Мәдениет министрлігі жоқ ел болмайды. Егер мәдениетке алты қанат ақ үй тігіп беруге мүмкіндік жетпей жатса, үш-төрт қанат болса да шаңырағы, босағасы бөлек жеке үй тігіп берген жөн-ау деген пікірімді білдірдім. Ақпарат дейтін үздіксіз жұмыс істейтін нәрсе ғой. Ана газет не жазып жатыр, радио не деп сөйлеп жатыр, теледидар не көрсетіп жатыр, қандай кітаптар басылып жатыр деген сияқты. Толып жатқан дүние. Оппозиция да бар дегендей. Екі саланы бір адам басқара алмайды. Қандай керемет болса да. Ертеден кешке дейін сол ақпаратпен отырады. Сөйтіп жүргенде мәдениет ақсап қалады. Ал оның да музыкасы, театрлары, киносы, бейнелеу өнері, тағы басқа нәрселері толып жатыр деп. Обалы не, бөліп берді ғой. Бірақ кейін, өкінішке қарай, жылға жетпей қайтадан біріктіріп жіберді. Кейін тағы қайтадан бөлді. Бұл жерде мен енді Елбасының, Үкіметтің ісіне төрелік айтайын деп отырған жоқпын. Үкіметтің саясатының толып жатқан қатпар-қатпар астарлары бар емес пе…
Тағы бір барғанымда сонау тоқсаныншы жылдардағы қиын кезеңдерде шет елдерге кетіп қалған музыканттарымызды, композиторларымызды, өнерлі жастарымызды елге қайтару, өнерді дамытуға көбірек қаржы бөлу, опера, балет, симфония сияқты күрделі жанрларда жаңа шығармалар жазылуы үшін талантты композиторлармен шарт жасасып, тапсырыс беріп, ынталандырып отыру сияқты жайлар сөз болды. Президентке мың рахмет. Жалғыз экономикамызды ғана емес, мәдениетімізді де өрге бастыруға жанұшыра ат салысып жүр ғой. Шүкіршілік, жаңағы шеттегі таланттарымызды елге қайтару, өнерді өркендетуге қаржы бөлу сияқты мәселелер де бірте-бірте өзінің шешімін тауып келеді.
Осындай әңгімелер үстінде кейде басқа да тақырыптарға ойысып кететін жайлар болады. Бір жолы ол мені осындай бір әңгіме үстінде жайлап-жайлап оппозиция тақырыбына қарай қақпайлады. Тікелей айтпайды, ақылды адам ғой. Сайлау жақындап келе жатқан, оппозиция өз белсенділігін барынша күшейтіп тұрған. Мен өзім де егер Нұрекең осы тақырыпта әңгіме қозғаса не айтуға болар еді дегенді шамалап ойланып барғанмын. Содан айттым:
– Нұреке, баяғыда Ғабит Мүсірепов ағамызбен жиі араласып жүргенімде Мойынқұм ауданына барған едік. Жамбыл облысында. Бетпақдаланың шетінде. Сонда Назарбеков Айтбай дейтін азамат аудандық партия комитетінде хатшы болды.
– Білемін, – деді Нұрекең.
– Сол кісі Ғабаңды көктем, күзде аң-құс атып, демалып қайтуға жылда шақыратын. Ғабаң қасына мені ертеді. Көктемде үйрек ататынбыз. Күзде қаз, қасқырға баратынбыз.
Бір жолы мамыр айында аттандық. Ұмытпасам, мамырдың 5-і мен 9-ының арасында. Сол уақытта шеңгел де, сексеуіл де, жиде де бәрі бірге гүлдейді. Олардың иісі ен даланы, жер-көкті алып кетеді. Аңқыған хош иіс! Оның қасында французыңның иісмайының көк тиынға керегі жоқ. Біз келсек, Ғабең екеумізге жататын үйді бөлек тігіпті. Қасында тамақ істейтін, ас ішетін үйлері бар. Солардың бірінде екі орыс азаматы жатыр екен. Тамаққа бізбен бірге келіп отырды. Сұрастырсақ, Ленинградтан келіпті. Мұнда неғып жүрсіздер деп едік, келген шаруаларын айтты. “Соғыстан бұрын Ленинградтың Выборг жағындағы орманда арнайы қорық ашып едік. Солтүстік бұғыларының ішіндегі сирек, таңдаулы түрінің елу шақты тұяғын өсіп-өнсін деп сол жерге әкеліп жібергенбіз. Содан соғыс басталып, әлгілерге қарайтындай жағдай болмай кетті. Соғыс біткен соң жаңағыларды барып қарасақ, қасқыр жеген, бомба мен снарядтың жарықшағынан өлген, тым азайып, жиырма шақтысы ғана қалыпты. Сондықтан бұғылардың өсіп-өнуіне енді кедергі жасамасын деп, сол маңдағы қасқырдың бәрін қырып тастаған едік.
Арада тағы бір жиырма бес жылдай өткен соң әлгілерді барып қайта зерттесек, әбден көбейіп, өсіп-өніпті. Бірақ баяғы түрлері жоқ, бойлары аласарған, тапалтақтау, бұғағы мен қарындары салбырап семірген. Бұрынғыдай мойындарын созып, ағаш жапырақтарын жеуге ерінеді, шамалары да жоқ. Аяқ астындағы шөпті ғана жейтін болыпты. Қимылдары марғау. Қасқырларды қырамыз деп бұғылардың тұқымын аздырып, сиырға айналдырып ала жаздаппыз. Жағдайды қайта түзеу үшін сіздерден біраз тірі қасқырлар алып кетуге келдік деді әлгілер. Сөйтіп, орманда жүрген тағыны ит-құстар анда-санда үркітіп тұрмаса, қарындары қампиып, сиырға айналып кетеді екен. Саясаткерлер үшін оппозиция да сол қасқырлар сияқты емес пе деп едім Нұрекең мәз-майрам болып күлді. Ойпыр-ай, қайдағыны қайдан тауып айтасыз. Тағы да айтыңызшы деді. “Оппозиция деген сол. Сен тауда жүрген тағысың. Ойда жүрген ит-құстар анда-санда үркітіп тұрмаса болмайды” деп әзілдедім. Оппозиция деген сөзге өзімше бір тапқан бейнелі суретім ғой. Осылайша сөзіміз, әзіліміз жарасып жүреміз. Жалпы мен Елбасыға ризамын. Қазақстанның қазіргідей табыстарға жетуі соның еңбегінің арқасы ғой. Егер ол болмаса жұрт ақшасына сатып ала алмайтын үйді маған да кім береді, – деп рахаттана күлді Ерағаң. Содан соң сөзін жалғады:
– Президентте болған қабылдауды теледидардан көрсететін әдет бар ғой. Сол күні де көрсетсе керек. Кештетіп Қазтай Ұлтарақов деген досым үйге телефон соқты: “Әй, сен осы Елбасыға не істеп қоясың? Біз барсақ, басқалар барса қабағын ашпайды, сен барсаң қарқ-қарқ күліп отырады”, – деп. Мен де оған әзілдедім: “Қазтай, сен барсаң ана шолақ қолыңды әдейі алдыңа ұстап барасың. Соғыста жарты жанымды беріп келгенмін деп, оған бірден міндет артасың. Содан кейін балаңа жұмыс сұрайсың. Немереңе үй сұрайсың. Президент не, барлығын оңға, солға үлестіріп отыр дейсіңдер ме? Ол да адамның баласы. Барған кісімен әңгімелескісі келеді, әлденелерді білгісі келеді. Мен барсам, ештеңе сұрамаймын. Мүмкін болғанынша ана әңгімені айтып, мына әңгімені айтып, күлдіруге тырысамын. Жадырап отыратыны сол,” – деймін. “Бәсе, сен барсаң болды, әйтеуір, жарқылдайды да отырады,” – деді ол.
– Сонымен енді Елбасының үй бергеніне келейін, – деп әңгімесін әрі қарай жалғастырды Ерағаң. – Мен одан үй сұраған жоқпын. Шақыртып алып, үйді өзі берді. Үлкен ұлым Мәскеуде оқыған жылдарында голланд қызбен танысып, соған үйленген. Қазір сол бұрынғы келінім немерелерімізбен Голландияда тұрады. Жеңгелерің Клара екеуміз жыл аралатып, сонда барып, немерелеріміздің қасында болып, әңгімелесіп, шүйіркелесіп, мауқымызды басып, соларды қызықтап, қыдырып қайтамыз. Екі жылда бір рет барамыз. Қалтамызға кейде гонорар, анау-мынау бірнәрсе түссе, соларды балаларға ала жүгіреміз. Сол әдетімізбен жаз айында Голландияда жүрген едік. Сол жерде түріктің дүкені бар. Олар малды мұсылманша сояды. Сол дүкеннен қойдың етін аламын. Етті турағаннан кейін ең алдымен тұз себу керек. Содан кейін ары қарай тағы баптайсың. Сөйтіп, шашлыкты балаларға өзім пісіріп беремін. Немерелерім айтады, “біздің атамыздай шашлықты ешкім жасай алмайды” деп.
Бір күні Алматыдан үлкен қызымыз телефон соқты: “Папа, сізді Президент 19 тамызға, таңертеңгі сағат 9-ға шақырып жатыр”, – деп. “Біз де қайтуға 17 тамызға билет алып қойғанбыз. Ертең ұшамыз, үлгереміз”, – дедім. 18 тамызда Алматыға ұшып келдік. 19-ында таңертең сағат 9-да Президенттің Алматы резиденциясында, қабылдауында болдым. Келсем, Иманғали Тасмағамбетов екеуі отыр екен. Амандасып болған соң Иманғалиға қарап айтты:
– Астананы Арқаға көшіргенде қызметте жүргендеріміз сыпырылып кете беріппіз де, кейде ақыл айтатын, кейде ұрсатын ақсақалдарымыздың барлығын Алматыда қалдырып кетіппіз ғой, – деп. – Сондықтан Ерекеңді Астанада қасымызда жүрсін, сондағы салынып жатқан Пирамида сияқты мәдени құрылыстарға бас-көз болсын деп, әдейі шақырып, осы кісіге Астанадан пәтер бергелі отырмын, – деді. Иманғали ол кезде Мемлекеттік Хатшы. Ол “дұрыс, дұрыс” деп қостап жатыр.
Сөйтіп, пәтердің барлық құжаттарын қолыма тапсырды.
Алғаш көшіп келгенде біраз өгейсіп жүрдік. Жеңгелерің екеуміз күнде қала көшелерімен жайлап қыдырамыз. Келдің, кеттің деп жатқан ешкім жоқ. Содан, шамалы уақыттан соң Алматыға қайтып барғанбыз. Сол жерде Нұрекеңмен қайта ұшырасып қалдық.
– Оу, Ереке, мен сізді Астанада жүр десем, мұнда жүрсіз ғой, – деді ол.
– Астанаға бардым. Екі ай тұрдым. Бәйбішеммен күнде кешке жайлап қыдырамыз. Келді, кетті деп ескеріп жатқан ешкім жоқ. Содан Қаржы министрлігі тұрған алаңға шықтым да айқайладым: “Әй, астаналықтар, Нұрекең кел деген соң келіп едім, екі ай тұрып едім. Қазақтың әдет-ғұрпы, салты болушы еді. Үлкен кісі келді деп ерулік беретін еді. Бірің елеп-ескерген жоқсың. Ал мен кеттім өзімнің Алматыма!” – деп айқайладым да кетіп қалдым, – дедім.
Бұл сөздеріме күлді. Сонан соң:
– Үйренесіз әлі. Бәрі орнына келеді. Сіздің сонда тұрғаныңыз жөн, – деді Нұрекең.
Содан бері осында тұрып жатырмыз. Бір ауыз сөзін жерде қалдырып не қылайын, халқымыздың бағына туған, еліміздің келешегі үшін тыным таппай, еңбек етіп, барлық күш-қайратын аямай жұмсап жүрген азаматтың, – деді Ерағаң. – “Мәдени мұра” жөнінде мәжіліс өткізгенде көрген шығарсыңдар, оң жағына отырғызып қойды ғой. Осы жердегі үлкеніміз, ақсақалымыз дегені-ау шамасы.
– Қаланың басшылары да ескерулері керек шығар, сіздің осында екеніңізді, – деп мен де сөзімді қыстырып жібердім.
– Той-пой болған кездерде қалдырмайды, шақырады, – деді Ерағаң.
* * *
Соңғы төрт-бес жыл ішінде мен Ерағаңмен өне бойы кездесіп, әңгімелесіп жүріп, әртүрлі көңіл-күйінің, қуанған да, ренжіген де сәттерінің куәсі болдым. Әсіресе “Абылай хан” операсы жазылып бітіп, сахнаға қойылған, әдебиет пен өнердің аузы дуалы өкілдерінің де, Ресей, Италия сияқты елдерден келіп, операны тамашалаған мамандардың да, қалың жұртшылықтың да көңілдерінен шығып, жоғары бағаланған, Елбасымыз үй беріп, Астанаға көшіп келген кезіндегі көтеріңкі көңіл-күйі көз алдымда.
Осыдан бес жыл бұрын өзінің 75 жылдығын Астанадағы Конгресс-холда атап өткен Ерағаң қазіргісінен әлдеқайда тың әрі ширақ еді. Алматыдан Астанаға көшерінде бұрынғы бас қаламыздағы консерваторияның ректоры, музыка саласындағы халқымыздың жұлдыз қыздарының бірі Жәния Әубәкірова өзі басқаратын оқу орнында композициядан сабақ беретін Ерағаңды профессорлық қызметтен босатқысы келмей, ол кеткен соң да айлық жалақысын Алматыдағы үйіне беріп жібергенін, балалары телефон соққанда Ерағаңның: “Сендер оны алмаңдар, мен қызметтен кеттім ғой”, дегенін, ал Астанадағы Музыка академиясының ректоры, халқымыздың тағы бір жұлдыз қызы Айман Мұсақожаеваның Ерағаңды келе салысымен-ақ қолқалап, академияға профессор етіп, ұстаздық қызметке шақырып алғанын шадыман көңілмен айтқан еді. Егер сенің біліміңді, білігіңді, талантыңды бағалап, екі оқу орны таласқандай болып жатса, оған да әрине, шүкіршілік деу керек шығар деп ойлағанбыз. Ал, Ерағаңның өз шәкірттеріне берер білімі мен өнегесі көп қой, әрине.
Ерағаң сол жылдарда Мәдениет министрлігімен де үзбей хабарласып, республикамыздағы, Астананың мәдени өміріндегі әртүрлі шараларға ынталана қатысатын. Елбасымыздың өнерге деген оң көзқарасының арқасында өнер саласына қаржының жылдан жылға көбірек бөлініп келе жатқанына қуанатын. “Қазір енді экономикамызды түзеп, азырақ ес жиғандай болған кезімізде Нұрекең соңғы жылдардағы дүниежүзілік қаржы дағдарысының қиындықтарына да қарамастан өнерге материалдық, моральдық қолдау көрсетуге барынша көңіл бөліп келеді ғой. Соның арқасында Мәдениет министрлігі баяғыда сыннан өткен жемісті әдістерді қайта жаңғыртып, драматургтерге – пьеса, композиторларға – музыка жаздыртуға арнайы тапсырыстар бере бастады. Тапсырыстар берілуге тиісті композиторларды іріктейтін, олардың жазған шығармаларын қабылдап алатын комиссияның президиумына мені де мүше етіп кіргізіпті. Мұның өзі жауапкершілігі көп дүние ғой. Баяғыда, жасырақ кезімізде болса сөзсіз мәз болып қалар едім, міне, мені қалай бағалайды деп. Бұл жолы онша қуана қойған жоқпын, – деген еді бір жолы. – Қазір менің суық ақылым айтады: “Аптықпа, әуелі осының қалай іс жүзіне асатынын көзіңе елестетіп көрсеңші”, деп. Расында қазір ақша алу үшін музыкалық үлкен шығарма жазуға 30-40 композитор жапа-тармағай өтініш берді делік. Кейін соның нәтижесін сұрауға келгенде көпшілігінің шығармалары дайын болмауы, жарамсыз, шала болуы мүмкін ғой. Президент берген грантқа сондайларды кіргізсең, ертең ол жаза алмаса, жауапкершілігінен бұрын ұяты өртейді ғой, артынан: “мына ақсақалға сеніп едік, сүйтіп едік, бүйтіп едік дейтіндей әңгімелер туындаса”, – деген болатын.
Тағы бір барғанымда Ерағаң өкінішті, ренішті көңіл-күйде екен. Соның алдында ұзақ жылдардан бергі өзімнің жақын досым, академик Рымғали Нұрғалимен телефон арқылы сөйлескенімде ол: “Мен тәуелсіз газеттердің бірінен Ерағаңның сөзі ме, әлде онымен интервью түрінде ме, берілген бір материалды көрдім. Елбасын күстаналайды. Сөздері жаман. Рахмадиевтің аузынан шықты дегенге сену қиын”, – деп еді. Бұған мен де таң қалғанмын. Мен білетін Ерағаң республикамыздың өміріндегі болып жатқан оң өзгерістерге, әсіресе, өнер саласындағы жаңалықтарға, табыстарға әрдайым қуанып жүретін. Конгресс-холл мен опера театрының сахналарынан сөйлеген сөздерінде де, газеттегі қысқа-қысқа лебіздерінде де, екеуара әңгімемізде де экономикамыздың, халық тұрмысының жылдан-жылға жақсарып, республикамыздың мерейі халықаралық деңгейде үздіксіз өсіп келе жатқаны – Нұрекеңнің арқасы, Елбасымыз аман болып, өзінің туған халқы үшін жанталаса атқарып жүрген қызметі жемісті бола бергей деген тілегінен жазбайтын. “Егер Елбасының айтқан сөздерін, берген тапсырмаларын үкіметіміз, министрлер, облыс әкімдері барлық ынта-жігерімен, бұрмаламай, бұлжытпай орындайтын болса, жағдайымыз қазіргіден әлдеқайда жақсарып кетер еді”, дегенді де айтатын. Тоқсаныншы жылдардың басындағы халқымыз үшін аса ауыр кезеңде Ерағаңа үлкен сенім артып, оны Мәдениет министрі етіп тағайындаған Нұрекеңмен ол адамгершілік, сыйластық қарым-қатынаста болатын. 1994 жылы консерваторияның 50 жылдығына арналған салтанатты жиынға Президент келетін болғанда, сол кездегі ректор Дүйсен Қасейінов: “Бізге Нұрекең келеді, сол жиында бір ауыз сөйлеп беріңізші”, деп қолқа салғанда, Ерағаң залдағы жұртты да, Нұрекеңді де күлдіріп, риза етіп, әңгіме айтқан. Сахнаның төрінде отырған Елбасы сонда:
– Ереке, анау жолы Колбин мылтығымды тартып алды деп ренішіңізді білдіріп едіңіз, сол мылтығыңызды қайтарып берейін деп алып келдім. Иманғали, қайда мылтық? – дегенде қашан да шапшаң, жинақы Иманғали: “Міне, Нұреке”, – деп қолына ұстата берген. Қорапқа салынған американдық “Браун” екен. Ерағаң мылтықты алып:
– Рахмет, қарағым. – Бірақ мынаны кім берді, қайдан алдың десе, не бетімді айтамын? – дегенде, Елбасымыз қайтадан:
– Ойбай, солай екен-ау. Иманғали, ал да мынаны ақсақалдың атына жаздырт, – деген. Залдағы жұрт “бұл шал тапқыш” деп тағы да күлкіге қарқ болған. Кейінірек, тағы бірнеше жыл өткен соң Елбасымыз: “Жетпіске келсе де жеткізбейтін өнердің тұлпары Ерекеңе”, деп жаздыртып, күмістен жасалған ат сыйлаған. Осы жайларды білетіндіктен мен Ерағаң Елбасын жамандап интервью береді дегенге сенгенім жоқ. Қан қысымы көтеріліп, ауырып, мазасы болыңқырамай жүрген Ерағаңның көңіл-күйінің күрт төмендеп кетуінің бір себебі де осы газеттегі мақала екен.
– Сіз ол газеттің тілшісімен сөйлесіп пе едіңіз? – деген сұрағыма:
– Жоғә. Қаладағы қазақша шығатын басқа бір газеттің тілшісімін, менің де атым Еркеғали, сізбен аттаспын. Бірер ғана сұрақ қоямын. Қысқаша жауап берсеңіз болды деп жылпылдаған бір жігіт келген. Мен сөзіне сеніп, құжаттарын да сұрамап едім. Аз ғана әңгімелесіп, кетіп қалған. Сөйтсем, аты-жөнін, істеймін деген газетін өтірік айтыпты. Артынан ол айтқан газетке звондап сұрасам, ондай адам бізде жоқ дейді. Ойына келгенін оттап жазып, мен ешқандай қатыспайтын, тіптен оқымайтын бір газетке апарып беріпті.
– Мақаланы шығарарда: “Сөздеріңізді бергелі жатырмыз, оқып көресіз бе?” деп газеттегілер хабарласқан жоқ па? – дегенімде:
– Қайдағы, – деді Ерағаң. – Сондай материал қолдарына түскеніне қуана-қуана басқан болар.
– Әлде газеттің өзі ұйымдастырған нәрсе емес пе? – дедім көкейіме келіп қалған күдігімді де жасырмай. – Мүмкін ондай алаяқ жігітті сотқа берген дұрыс шығар?
– Қалай беремін? Мен оның аты-жөнін де анық білмеймін ғой, – деді Ерағаң шарасыз кейіппен.
Мен Ерағаңның көңіл-күйін одан әрі бұзбайын деп, бұл тақырыпқа бұдан кейін қайтып аяқ басқан жоқпын…
Жалпы, Ерағаңның өзінің өмірі – халқымыздың да бастан кешкен барлық хикметтері мен қиындықтарын, жүріп өткен күрделі жолдарын еске түсіреді. Не көрсе де ол барлығын өзінің елімен бірге көрген. Көз жүгірте шолып көрейікші.
* * *
Ерағаң 1930 жылы 1 тамызда, Семей облысының Шұбартау ауданындағы тоғызыншы ауылда сол өңірге белгілі ақын, домбырашы Рахмади Жабықбаевтың отбасында дүниеге келіпті. Анасы Бәтіш тұрмысқа ерте шығып, 13 құрсақ көтерген екен. Соның 10-ы шетінеп кетіп, Биғали, Еркеғали және ең кенже қыздары Тәттіғайша ғана тірі қалыпты. Өткен ғасырдағы халқымыздың өмірін өзгерткен қазан төңкерісіне дейін де, одан кейінгі Кеңес өкіметінің алғашқы жылдарында да қазақ әйелдері баланы көп туғаны, 10 баланы, одан да көп сәбиді дүниеге әкелу үйреншікті жағдай болғаны тарихи деректерден белгілі ғой. Бүгінгі күннің биігінен қарағандағы және бір таң қаларлық нәрсе – бала өлімінің шектен тыс көп болуы. Халқымызда: “Баланы кім таппайды, тұрарын айт, дүниені кім таппайды, құрарын айт” деген. Бұрыннан айтылып келе жатқан, өкінішке толы, сәбиінен айрылып, өзегі өртенген ата-ананы жұбату үшін айтылатын мақал сол кездерден қалған мұра сияқты.
Ерағаң туғаннан кейін кешікпей Семей өңірін де ашаршылық жайлап, ел қырылып, қырылмағаны шұбырып, жан-жаққа босып кеткен. Әкесі Рахмади өзінің отбасымен талғажау етер талшық іздеп, балық аулап күн көрмек болады. Жетісу өңіріндегі Лепсі өзенінің Балқашқа құяр тұсына келіп, қоныс тебеді.
– Мен екі жастан енді асқанда ашаршылықтың, аштықтың кесірінен қырқұлақ, діңгене деген ауруға ұшыраппын. Тұра алмай, жүре алмай жатып қалыппын. Әкем мен шешем көтергеннің өзінде ойбай салып, шырылдап жылайды екенмін. Қиын ауру болыпты. Менен үлкен ағам бар. Шешем айтып отыратын, сол ағамның маңдайы шот болып іріңдеп, көлкілдеп ісіп кетті деп. Менің екі аяқ, екі қолым тартылып қалған. Балқаштың бергі Арқа жақ қабағы жартастар болатын. Өздерің секілді елдегі әлді жігіттер мұздың шеті сөгілгеннен кейін, наурыздың екінші жартысында сол жартастарға салған құстың жұмыртқаларын қайықпен жинап алып әкелетін. Оның ішінде шағаланың, үйректің, қаздың, әйтеуір тасқа жұмыртқалайтын құстың барлығының жұмыртқасы бар. Тау-тастың қиялау жерлерінде сарымсақ өседі. Жабайы жуа дейді оны. Шешем әлгі жуаны жігіттер жинап әкелген жұмыртқамен қосып беріп, соны жеп, ептеп жүретін болғанмын. Балалық кезден тағы бір есімде қалғаны 1934 жылы көктемде, наурызға қарсы әрбір үйге екі-екіден қозы әкеліп бергені. Біз тумай тұрып кәмпеске болып өткен. Ал біз – өзіміз туғаннан кейін малды көрмей өскен балалар едік. Ол кезде ел ішінде жағдайы келген үйдің ғана иті болатын, біздер содан басқа төрт аяқтап жүретін жануар көрген емеспіз. Сонда әлгі қозыларды алғашқыда “күшігім, күшігім” деп шақырғанымыз әлі күнге шейін есімде қалыпты. 1934 жылдың көктемінде ашаршылық бітті ғой деймін, мал әкеліп бергеніне қарағанда, – деп еске алады Ерағаң.
1934 жылы Алматыда халық таланттарының, өнерпаздарының алғашқы слеті болып өткені, әкесі Рахмади соған қатысып, Жамбыл атаны, Кенен атаны көргенін айтып келгені, кейде өзінің айтысқан ақындарын да әңгіме етіп отыратыны Ерағаңның есінде. “Жүлдеге ілінген болуы керек. Ауылға бес-алты табағы бар бір патефон, бір мандолин, бір велосипед алып келгеніне қарағанда. Слетте алтыншы орын алдым деп айтқаны есімде”, – дейді ол.
1941 жылғы елімізге, басқа да көп халықтарға қайғы-қасірет әкелген, алапат, қанды қырғын соғыстың қалай басталғаны да оның есінде.
– Балқаштың оңтүстік-шығыс жағында “Аялақ”, “Қарашыған” деген жерлер бар. Сол арада әкем мал бағып отырған. Көз алдымнан әлі күнге мынадай сурет кетпейді. Әкем айқайлап келеді: “Ойбай, жігіттердің барлығын катермен алып келеді, соғысқа әкетіп бара жатыр екен”, деп. Шешеме: “Наның, қымызың болса, тезірек бірдеме дайында. Жігіттер ана жерге түседі. Содан ары қарай оларды мәшинемен алып кетеді. Ең болмаса қоштасып қалайық”, – деп айтып жатыр. Екеуі анау-мынауларын алып, қоңыр биеге асыға міңгесіп, ең болмаса балаларға дәм таттырып қалайық деп желдіре жөнелді. Балқаш көліне ау салып жүрген жігіттердің 18-30 жас арасындағыларын соғысқа жібереміз, 30-45 жас арасындағыларын еңбек армиясына жібереміз деп сыпырып жинап алып келген ғой түгелдей. Біздің бір колхоздан ғана 68 адам кетті майданға. Соның 7-8-і ғана аман қайтты, – деп еске алады ол.
Бастауыш мектепті өз ауылы “Жаңа тілеу” колхозында бітірген Еркеғали одан кейінгі кластарда өздерінен жеті шақырым жердегі орта мектебі бар “Үлгі” колхозының интернатында жатып оқуға мәжбүр болады. Бұл – атақты композиторымыз Мұқан Төлебаевтың туған ауылы еді. Осында оқып жүргенінде ол Мұқан ағасының 1944 жылдың көктемінде елге келгенінің ғана емес, мектеп үйінің бір бөлмесіне пианино әкелгізіп қойғызып, “Біржан – Сара” операсының бірінші актісін қалай шығарып, нотаға қалай түсіргенінің де куәсі болады. Бір жолы мұның домбыраны қалай тартатынын көрген Мұқан ағасы риза болып: “Қағысың жақсы екен, өнеріңді өрістете бер, айналайын! Сенен түбінде композитор шығады”, – деп ризалығын білдіріп, бата-тілегін айтыпты. Мүмкін сол сөздерді сол кезде-ақ Мұқаңның аузына періштелер салды ма екен…
* * *
1948 жыл – Еркеғалидың өміріндегі бетбұрысты кезең болады. Әкесі Рахмади дүниеден өтті. Сол жазда бұлардың ауылына ел аралап, концерт қойып, Алматыдағы П.И.Чайковский атындағы музыкалық училищеге талантты жастарды іріктеп, іздеп жүрген, ішінде Нұрғиса Тілендиев бар бригада келеді. Нұрғиса ағасына Еркеғалидың домбыра шертісі ұнап, ол оған музыкалық училищеге түсіп оқуға кеңес береді. Сол жазда үстіне тор көз қызыл мәйке мен әскерден келген ағасының гимнастеркасын және галифе шалбарын, аяғына қызыл нәски мен табаны желінген тәпішке киіп, қолына жұқа тақтайдан кесіп жасалған шамадан ұстаған Еркеғали Алматыға келіп, нағашы апаларының: “Сенің қабілетің бар, ғалым боласың, КазГУ-ге, не КазПИ-ге бар”, деген үгітін тыңдамай, музыкалық училищеге оқуға түседі.
1948 жыл – “кәртішке жүйесінің” әлі бітпеген кезі. Музыкалық училище жатақханасының үлкен бөлмесінде 25 бала жататын. Аш өзекті жалғау үшін балалар таң атпай тұрып, сағат алтыда дүкенге барады. Сағат сегізде дүкен ашылады. Бұлар келгенде кезекте 200-300 адам тұрады. Бірақ балалардың жеке алғандағы стипендиясы бір бөлке нанға да жетпейді.
– Ішімізде әскерден келген қазақтың бір жас лейтенант жігіті бар еді, – деп еске алады Ерағаң. – Бір күні сол біздерді жинап алып, былай деді:
– Біз бұлай күн көре алмаймыз. Стипендиямыз нанға жетпейді. Сондықтан бірігейік. Мен соғысты көріп келдім. Қарсы болмасаңдар мен сендерге староста болайын. Менің айтқанымды екі етпейсіңдер. Бірақ мен сендерге теріс ештеңе айтпаймын. Не болса да күнімізді бірігіп көрейік, – деді. Біз келістік.
Қазақстанда тұрып, қазақтың момындығын айтайын енді. Кезектегі орыстар кейде “калбит” деп қазақты кезектен лақтырып жібереді. Жуас халықпыз ғой. Мен айтар едім “ынжықпыз” деп. Әлгі лейтенант жігітіміз нанға 4-5 бала болып, кезектесіп барасыңдар деген тәртіп енгізді. Біреуіміз кезекте тұрамыз да, үш-төртеуіміз қасында боламыз. Бізге енді біреуі де батпайтын болды. Старостамыз біз әкелген нанды ортасынан қақ бөледі. Жартысын кешке жейміз деп әдемілеп орап қояды. Жарты нанды 25 бөлікке бөледі, қалыңдығы сіріңке қорабының ар жақ, бер жағындай. Шай, сүт, қант деген жоқ. Шәугімге суды толтырып қайнатып, дайындап қояды біз нан әкелгенше. Турағанда үгіліп түскен қоқымды да жерге тастамайтын едік.
– Сендердің әрқайсыңа пәсілке келіп жүр, мен байқап жүрмін, – деді старостамыз бірде. – Бұны былай істейік. Пәсілкені алып келіңдер, ашпаңдар. Осы жерде ашасыңдар. Ішінде өзіңе деп жіберген киім-кешек, анау-мынау болатын болса, оған ешкімнің дауы жоқ. Ал тамақты ортаға саласыңдар, – деді. Елден не келеді? Жент, қатырған қауын қақ, алма, тары келеді. Соны алады да, қылдай ғып екіге бөледі. Жартысын “мынау сенің сыбағаң” деп пәсілкенің иесіне береді. Өзің жейсің бе, жолдастарыңа бересің бе, ол өз еркің дейді. “Ал, қалған жартысы ортақ, қарсылығың жоқ қой?” – дейді. Кім қарсы болсын.
“Екінші курста бастапқыдағы 25 баладан 6 бала ғана қалдық. Қалғаны шыдай алмады. Көпшілігі елге кетіп қалды, қайсыбірі басқа оқуға түсіп кетті дегендей. Біздер ауданнан 6 бала болып келген едік, содан екі бала ғана қалдық. Бір жыл, бір жарым жыл оқығандардың қалай дегенмен музыкадан хабары бар ғой. Елге барып, ансамбль құрып, мектептерде музыка сабағын беріп, күндерін көріп кетті. 1949 жылдың аяғында “кәртішке жүйесін” тоқтатты, біз соны да көрдік. Ол да бір өзінше заман болатын”, – дер еді Ерағаң әңгімелесіп отырғанымызда.
Тағы бір айтатын нәрсе, алдында стипендияның аз, тұрмыстың, тіршіліктің қаншалықты қиын болғанын айттық қой, осы себепті Еркеғали 1949 жылы өзі музыкалық училищеде екінші курста оқып жүрген кезінен бастап Мәншүк Мәметова атындағы педагогикалық училищеге оркестр құрып, сабақ беретін мұғалім болып, қосымша қызметке орналасады. Бұл жұмысын негізінен кешкілік уақыттарда атқарады. Сол жылдарда белгілі әнші Бақыт Әшімова педучилищеде Ерағаңнан оқыған, ол бір жағы ән салатын, бір жағы оркестрдегі бас домбырада ойнайтын. Кейін белгілі қоғам қайраткері болған Ғайникен Айдарханқызы Бибатырова скрипкада ойнайтын. Еркеғалидың да өзінше ыңылдап, ырғақтар іздеп, ән шығара бастағаны осы кез. Ғали Ормановтың “Тәй-тәй” дейтін өлеңіне ән жазып, оны сол кездің өзінде атақты композитор болғанымен, өмірде өте кішіпейіл Латиф Хамидиге көрсеткенінде ол кісі оны баласынбай, талаптанып жүргеніне қолдау білдіріп, ақыл-кеңесін аямай, бұдан былай да шығармалар жазып, маған көрсетіп тұр деп қамқорлық жасайды. Еркеғалиға әртүрлі музыка жазуға кеңес беріп, баулиды. Сол жылдарда Ләтекеңнің демеуімен “Жасыл орман” (сөзі С. Мәуленовтікі), “Ақ Еділ” (сөзі Қ.Бекхожиндікі), “Аналар бейбітшілік тілейді” сияқты әндерін, тырнақалды туындыларын жазады. 1952 жылы Еркеғали училищені жақсы бітірген соң оны консерваторияға, Е.Брусиловскийдің класына қолынан жетелеп алып барған да сол Латиф Хамиди ағамыз болатын.
Консерваторияда Еркеғали барлық пәндерге ынта қойып, өте жақсы оқуымен бірге енді Е.Брусиловский сияқты білікті ұстаздың тәрбиесімен халық әні “Ләйлімге” музыкалық вариациялар жазып, композиторлық техникасын жетілдіре түседі. Өзінің бұл шығармасын қазақ халық аспаптары үшін нотаға түсіріп, ол радио мен концерт алаңдарында жиі-жиі орындала бастайды. Хор капелласына арнап “Туған ауыл” атты төрт бөлімді сюита, фортепьяноға арнап “Абай сарыны” атты алғашқы поэмасын жазады. Осы поэма Мәскеуде өткен Бүкілодақтық конкурсқа қатысып, жұрт назарын аударып, дипломға ие болады. Мәскеуден табыспен оралған Еркеғали одан сайын қанаттанып, 1916 жылдың оқиғаларына арнап “Амангелді” атты симфониялық поэмасын тудырады. Бұл шығармасының да қадамы құтты болып, кейінірек Қырғызстанда, Мәскеуде де орындалып, грампластинкаға жазылып, тарайды, музыкалық оқу орындарына арналған оқулықтарға кіргізіледі. Енді ең үлкен жанрға құлаш ұрып, С.Торайғыровтың қара сөзбен және өлеңмен жазылған “Қамар сұлу” романы негізінде опера тудыруды мақсат еткен Еркеғали оның бірінші актісін жазып бітіріп, диплом жұмысы ретінде қорғайды. Сөйтіп консерваторияны 1957 жылы үздік дипломмен бітіріп шығады және Композиторлар одағына мүшелікке қабылданады.
Консерваторияны үздік бітірген оны Қазақстан Республикасының Үкіметі арнайы стипендия тағайындап, Мәскеу консерваториясының аспирантурасына оқуға жібереді. Мәскеуде оқып жүргенінде оның жеке өмірінде айтарлықтай елеулі өзгеріс болады. Алматыға бір келген сапарында консерваторияны өзінен бұрын бітіріп, хореографиялық училищеде директор болып қызмет атқарып жүрген досы Жексенбек Еркінбековтың үйлену тойында сымбатына сұлулығы сай, КазПИ-дің студенті, болашақ жеңгеміз Кларамен танысады. Бір-ақ сөйлеммен қысқа қайырып айтар болсақ Ерағаң да, Клара да махаббатта бақтары жанып, жолдары болған жандар.
Жалпы, Ерағаңның өмірі – тынымсыз еңбектену, үздіксіз өрлеу, өсу жолы. Мәскеуде оқып, білімін одан әрі толықтырып, тереңдетіп, шыңдай түседі. Қайтып келген соң көптеген шығармалар жаза жүріп, қызмет баспалдағымен биікке өрлейді. Қай іске де жауапкершілікпен қарайтыны, алғырлығы, адамгершілігі, ұйымдастыру қабілетінің зорлығы, шаршауды білмейтін еңбекқорлығы ерте еленіп, екі жыл Жамбыл атындағы Қазақтың мемлекеттік филармониясының көркемдік жетекшісі, бес жыл бойына республикамыздың Мәдениет министрлігінің Өнер істері жөніндегі бас басқармасының бастығы, сегіз жыл Алматы консерваториясының ректоры, жиырма бір жыл үздіксіз Қазақстан Композиторлар одағының төрағасы, ал еліміз тәуелсіздік алған тұста үш жыл бойына алғашқы Мәдениет министрі болып қызмет атқарады. Бес рет Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің депутаттығына, 1989-1992 жылдарда КСРО Жоғарғы Кеңесінің депутаттығына сайланады. Осы қызметтердің қай-қайсысын атқарып жүргенде де ол ешуақытта өзіне әлдеқандай бір жеңіл жолдар мен жан тыныштығын іздемеген. Мәселен, мемлекеттік филармонияның көркемдік жетекшісі болып жүргенінде жазғы науқандық жұмыстардың қызған шағында Құрманғазы оркестрімен бірге ел аралап, концерт қоюға шыққандарын айтқан еді бір жолы.
– Қырман басында, қой қорада, жаңбыр жаумаса болды, ашық аспан астында отырып та концерт бере беретінбіз. Бірде сондай сапармен Алматыдан шығып, Талғардан, Еңбекшіқазақтан, Шелектен, Кегеннен, Нарынқолдан өтіп, Ұйғыр ауданына қарай жылжып келе жатырмыз. 65 адамбыз, ағаштан жасалған екі-үш автобусымыз бар. Іші шаңға толып кетеді. Қазіргідей жайлы, жақсы автобустар, жол да жоқ қой ол кезде. Шаршап, шөлдеп, Ленин атындағы колхозға жеттік. Қайда түсеміз, қалай жайғасамыз дегенді шешейін деп кеңсеге барсам, бір жас жігіт отыр, парторгпын дейді. Бастық қайда десем, ауданға кеткен, бүгін келе ме, келмей ме, білмеймін дейді. Қарағым, шаршап келдік дедім. Ол кезде отыздағы кезім, ол менен де жас болса керек. Бізді үйлерге бөлмейсің бе, жолдан титықтап келдік, дем алып алсақ деп едім, жоқ, бастық келмей мен ештеме жасамаймын деді. Ішімнен жарылып тұрмын. Ауыл оныкі, не айтасың. Күн ыстық. Содан не істерімді білмей, далада отыр едім, сағат төрттің кезінде бастық келді. Егделеу ақсақал екен. “Оркестрмен келген жігіт сенсің бе?” – деді. “Иә” дедім. “Кір, қарағым”, – деді. Кірдім. Амандастым. Содан кейін ол отырып “концерт болмайды” деді. Жарылып кете жаздадым. Соны байқаған ол:
– Ашуланба, қарағым, – деді. – Бүгін концерт болмайды. Сендер ауылдан шыққалы екі айдың жүзі болып қалыпты. Анау Ұзынағашта Махмедов Тұрсын деген кісі сендерді бір рет моншаға түсірген, дем алдырған. Содан кейін сендер шаң, топырақтың ішінде келе жатырсыңдар. Бүгін моншаға түсесіңдер. Концерт ертең болады, – деді. “Ертең бәлен ауылға баратын едік”. “Оны да білемін” деді. “Бүрсікүні түглен ауылға баратын едік”. “Оның бәрін білемін. Оны түгел жайлап келдім. Солардың бәрінен алатын ақшаларыңды осы арадан аласыңдар. Бүгін үйді-үйге тарап жатасыңдар” деді.
Кешкісін бір бала жүгіріп келді. Сіздерді атам шақырып жатыр, үйден келіп тамақ ішсін дейді деп. Бес-алты адам бардық. Өзі сондай салауатты, байсалды ақсақал екен. Бір уақытта үлкен табақпен аппақ қардай бірдемені әкеліп ортаға қойды. Бұл не екен деп ойладым. Август айының орта кезі. Содан айтты: қарақтарым, қой сойып емес, тай сойып қонақ ететін азаматсыздар, осы ауылда тай да жоқ емес, бәрі де бар. Бірақ “жаубүйрек” дегенді естігендеріңіз бар ма. Тамыз айында лақтың етіне жететін ет болмайды, әдейі сендерге жаубүйрек жасаттық деді. Етті көтеріп еді, үш-төрт омыртқадан алынады екен, сүбе бәрі бірге кетеді, оның іші толған май, бүйректің, сүбе қабырғаның майы бар дегендей. Әңгімелесіп отырып, тамақ ішіп, рақметімізді айтып қайттық. Ертеңіне концерт болды. Ол уақытта әрқилы жағдайда бола беретін концерт деп отырғаным сол. Ауылдың сыртында сай бар екен. Ескі көне гректердің, египеттіктердің салған амфитеатрлары сияқты. Алла тағаланың өзі солай жаратып қойған: арасы үлкен жыра, екі жағы биіктеу, ортасы ашық. 50-60 метрден кейін барып әлгі ашық жер қайтадан көтеріліп, сахна болады. Әдейі жасаған сияқты, көкпеңбек көк шөптің іші. Қалың тақтай ағаштардан орындықтар жасап тастапты. Ауылды жер малын жайлап болғаннан кейін келеді, ауылды жердің халқы сондай ғой. Біздер келесі күндері баруға тиісті көрші колхоздардан да адамдар келіпті. Концерт жақсы болды. Концерттің басында 10-15 минөттей қазақ мәдениеті, оның ішінде “Құрманғазы” оркестрінің қалай құрылып, ұйымдасып, өсіп-өркендеп келе жатқаны жайында айтып өттім.
Концерт бітті. Одан кейін әдетте ауыл бастығы, кейде аудан бастығы сөйлейтін де, мен рақметімді айтып құтылатынмын. Жаңағы кісі концерт біткен соң сахнаға шығып, былай деді: “қара қойдың ішегін ызып, домбыра қылған қазақ, қара айғырдың жалын үзіп, қобыз қылған қазақ, сенен айналайын, бастарыңды біріктіріп оркестр қылып отырған үкімет пен партия, сенен айналайын” деді де, сахнадан түсіп кетті. Екі-ақ ауыз сөз айтты. Артымда тұрған адамдар бірдеме айт деп мені түртті. “Мынадай сөзден кейін, арсыз адам ғана шығады. Бүгін шықпаймын. Айтарым жоқ мына сөзден кейін, рақметімді үйіне барғанда айтармын”, дедім. Сондай керемет адам еді. Аты қазір есімде қалмапты деген еді Ерағаң.
Мәскеуде оқып, осы заманғы музыка білімінің қайнарынан қанып ішіп, айдынында еркін жүзіп, әлемдік деңгейдегі теориясынан да, жетістіктерінен де мол мағлұмат алып, ой-өрісі мен көңіл көкжиегінің өлшеусіз өсе түскенін айқын түйсініп, елге оралып, жоғарыда айтқанымыздай қызметтер атқарып жүрген Еркеғали енді өзін бабындағы тұлпардай сезініп, жаңа шығармалар жазуға да құлшына кірісіп кетеді. Көптеген әндер, романстар шығарады, драмалық спектакльдерге, кинофильмдерге музыка жазады, күрделі жанрларға бой ұрып, “Толғау” атты симфониялық, “Балқаштағы кеш” атты – хорға арналған поэмаларын тудырады. Соңғы аталған туынды жас композиторлардың Мәскеудегі Бүкілодақтық конкурсына қатысып, Бірінші дәрежелі дипломды жеңіп алады.
Осы жылдарда ол өзінің консерваторияда жаза бастаған “Қамар сұлу” операсын аяқтайды. 1963 жылы Абай атындағы опера және балет театрының сахнасында тұңғыш қойылған, Қамар рөлін КСРО халық әртісі Роза Жаманова, Ахметтің рөлін республикамыздың халық әртісі Байғали Досымжанов ойнаған бұл шығарма өнер сүйер қауымға да, театр сыншыларына да бірден ұнады. “Операның музыкасы сезімді қозғайтын қуатты күшімен, нәзік лиризмімен, кейіпкерлерінің жан дүниесін шыншылдықпен ашып көрсете білуімен баурайды”, деп жазды кейінірек ол туралы Еркеғалидың өнердегі талантты әріптесі Ғазиза Жұбанова. Опера арада бірер жыл өткенде Мәскеудегі Кремль театрының сахнасына қойылып, онда да жоғары баға алды. Содан бері жарты ғасырға жуық уақыт өтсе де бұл шығарманың театрларымыздың репертуарынан берік орын алып, сахнадан түспей келе жатқаны – оның төл өнерімізге қосылған сәтті туынды екенін айғақтап тұрғандай.
Осы тұста ерекше назар аударып айта кететін нәрсе – Е.Рахмадиевтің сол алпысыншы жылдарда қазақтың кәсіби музыка өнерінің беделін де, деңгейін де халықаралық аренада тағы бір сатыға көтеріп тастаған симфониялық күй жанрын дүниеге әкеліп, қалыптастырғаны. Оның халық композиторларының белгілі шығармалары негізінде жазылған “Дайрабай”, “Құдаша-думан”, “Орғытпа” атты симфониялық күйлері төл өнеріміздің мақтан тұтар шығармаларына айналды. Шет елдердің музыка сүйер жұртшылығы қазақтың әуен өнерін тани түсуіне жол ашты. Әдетте домбырада орындалуы көп уақыт ала қоймайтын шағын күй композитордың жан жүрегін аралап, творчестволық лабораториясында қорытылып, жаңа иірімдерге, сан түсті бояуларға ие болып құлпырып, мазмұны терең ашылып, симфониялық көлемді шығармаға айналып, көп аспапты қуатты оркестрдің орындауымен тыңдаушыларына қайта жеткенде айтары мол, жалы күдірейген, кемеліне келіп толысқан, құдіретті, мүлде жаңа туындыға айналып кетер еді. 1973 жылдың қазан айында Алматыда өткен Азия елдерінің ІІІ Халықаралық музыкалық трибунасы кезінде орындалған “Дайрабай”, “Құдаша-думан” симфониялық күйлері шетелдік музыка мамандарын тәнті етіп, өте жоғары баға алды. “Дайрабай” осы форумның бас бәйгесі – бірінші орынды олжалады, дүние жүзінің барлық радиостанцияларынан берілуге жолдама алды. Халықаралық музыкалық трибуна бұл шығармаларды әлемнің барлық елдерінде орындалуға лайықты, таңдаулы туындылардың қатарына қосты. Авторының да, халқымыздың да атын шығарған осы симфониялық күйлер Лондонда, Филадельфияда, Сиднейде, Берлинде, Прагада, Софияда, Будапеште, Улан-Баторда, Токиода және басқа да қалаларда орындалып, тыңдаушыларының айызын қандырды.
70-80-ші жылдарда Еркеғали тағы да екі операны дүниеге әкелген. Оның біріншісі “Алпамыс” – бала күнінен өз әкесі жырлағанда қызығып талай тыңдаған, құлағына құйылып қалған шығарма болатын. Әкесі Рахмади соғыс жылдарында қамкөңіл жұрттың, азаматтары тегіс майданға кетіп, ауылда қалған кемпір-шалдардың, әйелдер мен балалардың аз да болса қабақтарын ашып, көңілдерін сейілтейін деген оймен “Қыз Жібек”, “Қобыланды”, “Алпамыс” сияқты көптеген қисса-дастандарды жатқа айтатын, кейіпкерлерінің әрқайсысын өзінің үнімен, мақамымен, мінез-құлқымен, бет әлпетін де сан құбылтып өзгерте отырып бейнелер еді, солардың бәрін орындаушы әртіс те өзі, домбырамен сүйемелдеп, музыка жағынан демеуші де өзі. Рахмади қарияның сол жылдардағы шалғай жатқан ауылдағы осындай жыр кештерін “жалғыз актердің театры” деуге әбден болар еді. Ерағаңның өзі кейінірек Алматы қалалық газетіне берген бір сұхбатында Алпамыс туралы опера жазуына бала кезінде осы дастанды әкесінің айтуымен талай тыңдағаны себеп болғанын айтқан-ды. Дастанның негізгі арқауы – туған елді, жерді сүю, оны ешбір жаудың тәлкегіне бермей, қорғай білу, бақытқа жету жолында аянбай күресу. Осы операда ол тек қана бас кейіпкерінің ғана емес, халқымыздың алып тұлғасын, сарқылмас күш-жігерін, жеңіске, еркіндікке, бақытты өмірге деген ұлы құштарлығын бейнелеуді өз алдына мақсат етіп қойған болатын. Әлемдік классикалық үлкен опералардың барлық канондары сақтала отырып жазылған толыққанды бұл туынды өзінің ән-әуендерімен, музыкасымен де шын мәнінде халықтық болып шыққанын сол жылдарда театр, өнер сыншылары, газет-журналдарымыз атап жазғаны есімізде. Операның шымылдығы ашылған кездегі осы дастанды бастау үшін қолына домбыра ұстап шығатын жырау бейнесін мүсіндегенде Ерағаңның көз алдына ең алдымен Рахмади ақсақал елестеген болар, ал жердің, халықтың Анасы өз перзенті Алпамыстың қолына алмас қылыш ұстатып, “жеңіске жет” деп бата беретін кезінде ұлтымыз қалай болғанда да түбінде тәуелсіздікке, бақытқа жетуге тиіс деген сенім мен тілек шығарма авторының жан жүрегін тебірентіп, қанын қыздырып, әуен болып құйылған шығар деген ой келеді бізге. 1978 жылы жарияланған Бүкілодақтық конкурста Абай атындағы опера және балет театры қойған бұл туынды Мәскеудің Үлкен театры қойған спектакльді ғана алға шығарып, екінші сыйлықты жеңіп алып, қазақ өнерінің мерейін өсірді.
1982 жылы Қалтай Мұхаметжановтың либреттосы бойынша жазылған “Тың тынысы” операсы Е.Рахмадиевтің есімін тағы бір биікке көтерді, Бүкілодақтақ үлкен конкурста бұл шығарма енді бірінші бәйгені олжалап, қанжығасына байлады. Оны мұндай табысқа жеткізген сол кез үшін тақырыбының актуальдылығы, спектакль құрылымының, сахналық шешімдерінің сонылығы мен сәттілігі ғана емес, ең алдымен опера музыкасының ұлттық калоритке байлығы, кең тыныстылығы, әсем саздылығы, көркемдік сапасының жоғарылығы, жасампаз еңбек адамдарының абзал қасиеттерін жарқырата ашып бере алғандығы болатын.
Жоғарыда біз Ерағаң атқарған жауапты қызметтерді қысқа ғана тізбелеп өткенбіз. Сол қызметтерде жүргенінде ол өнеріміздің өрге басуы мен ұлтымыздың ұпайын түгендеу үшін жүзеге асырған көптеген игі істерінің жай-жапсарын ашыңқырап айтуға мақала көлемі көтермейтін болғандықтан, қайсыбіріне ғана қысқаша тоқтала кетпекпіз. Консерваторияда сегіз жыл ректор болған кезінде ол осы оқу орнын бүгінгі заман талаптарына сай келетін шын мәніндегі өнер білім ордасына айналдыру үшін аянбай еңбек етті. Оқу процестерін қадағалаумен бірге құрылыс жұмыстарын да қоса жүргізіп, оқу корпусын кеңейтті, Абай мен Чапаев көшелерінің бұрышында студенттерге жатақхана салғызды. Балалар сабаққа дайындалу үшін бөлмелер іздеп, шуылдап, жатақханадан консерваторияға шұбырмасын деп, кейінірек тағы да сол араға ішінде музыка аспаптары қойылған 70-72 класы бар, репетиция жасайтын, таңғы сағат жетіден түнгі сағат он бірге дейін ашық тұратын жаңа репетиторий корпусын салдырды. Ректор бола салысымен 1967-1968 оқу жылы басталғанда сонау есте жоқ ескі заманда өмір сүрген Қорқыт бабамыздан келе жатқан көне өнеріміз құрып кетпесін деп құрақ ұшып, жаңадан қылқобыз класын ашып, сол кездегі қыл қобызды күңіренте тартатындардың көзі тірі соңғы өкілдері – төрт кластық білімі де жоқ Жаппас Қаламбаевты, жасы жетпістен асып қалған, Қорғалжында молдалық, бақсылық құрып жүрген Дәулет Мықтыбаевты қоярда қоймай Алматыға шақырып, консерваторияға аға оқытушы етіп қабылдауын жас ректордың батылдығы, ақылдылығы, халқының өнеріне жанашырлығы демегенде не дейміз! Олар өздері дүниеден өткенше консерватория түлектеріне халқымыздың қасиетті өнерін үйретіп, талай талантты шәкіртті қияға қанат қақтырмағанда қасиетті қылқобызымыздан айрылып қалуымыз да мүмкін еді-ау. Сол жылдардан бері қарай консерваторияда қылқобыз класы берік орнығып, музыкалық пәндер ішінен өзінің лайықты орнын алып, сақталып қалды. Жемісі мен нәтижесі жаман емес. Қазір енді құдайға шүкір, Қазақстанның қай түкпіріне барсаң да консерваториядан түлеп ұшқан домбырашылар мен әншілерден басқа қылқобызшы мамандар да алдыңнан шығады. Сондай-ақ ол жылдарда консерваторияның оқыту бағдарламасында төкпе күйлер болғанымен, шертпе күйлер болмаған-ды. Ол уақыт – шертпе күйдің қазақ музыкасындағы, домбыра өнеріндегі өзінің лайықты бағасын, орнын әлі алмаған, күй ретінде танылмаған кезі ғой. Еркеғали консерваторияда арнайы шертпе күй класын ашып, оған ұстаз болуға майталман домбырашы Мағауия Хамзинді шақырады. Сонымен бірге домбыраға қосылып ән айтуға баулитын жаңа кафедра да ашқызады. Осылардың барлығы оның қазақ өнерінің өркендеуіне қосқан нақты үлесі, тигізген үлкен қолғабысы емес пе?!
Республикамыздың Композиторлар одағын 1968-1991 жылдар аралығында ширек ғасырдай басқарып тұрған кезінде ол композиторларымыздың барлығын үймен толық қамтамасыз ете алуы – адам айтса сенбейтіндей, сол жылдарда республика басшылығының да, Мәскеудегі бүкіл кеңес елі Композиторлар одағы басшылығының да алдында үлкен беделі болған Ерағаңнан басқа адамның қолынан келмейтіндей тіршілік болғанын айтуға тиіспіз. Ол кезде Алматыда тұрудың, үйі-күйі болмаудың, жеке меншік үйлердің құйтақандай бөлмелерін, ауласындағы әуел баста өздеріне уақытша деп салып, артынан ақша табудың көзіне айналдырып, бұзбастан қалдыра салған жаман-жәутік лашық-кепелерін жалдап тұрудың өмір сүру үшін қаншалықты ауыр болғанын осы күндері егде тартқан интеллигенция өкілдерінің көбі біледі. Бұл жөнінен алғанда композиторлардың да шекелері қызып тұрмаған-ды. Оларға арнап салынған алғашқы 32 пәтерлік үйдің іргетасы 1967 жылдың күзінде қаланып, 1970 жылдың ақпан айында біткен кезде Ерағаңның қаладағы, одан да жоғары жақтағы басшыларға барып өтініш айтып жүріп, әлгі пәтерлердің барлығын одақ мүшелеріне алып қалуының сәті түседі. Ал ол кезде жаңадан біткен үйлердің он пайызын қалаға, он пайызын құрылысшыларға беру жөнінде бекітілген тәртіп бар болатын. Осы айтылған жиырма пайыздың орнын ол жағдайын жақсартып, жаңа үйге көшкен композиторлардан босаған ескі үйлерді беріп, сонымен өтейді.
– Сонда сол үйді бітіртіп, композиторларды кіргізіп алғаннан кейін, бір жылдан соң Мәскеуге бардым, ақшасын Мәскеудегі КСРО Композиторлар одағына төлетіп, тағы да бес жүз шаршы метр үйлерге лимит алып келдім. Әр адамға берілетін пәтерді елу шаршы метрден есептесең, бес жүз шаршы метр дегеніңіз – он пәтер. Ал алпыс шаршы метрден есептесең – сегіз пәтер. Сол Мәскеудің берген қағаздарын алып, қалалық атқару комитетіне барамын, “міне лимиті, міне ақшасы” деп. Олар үй береді. Ол үйлерді алып болған соң өзіміздің Министрлер Кеңесіне барамын, Мәсімхан Бейсебаевич болған кезде, Бәйкен Әшімович болған кезде, солардан барып, тағы бес жүз шаршы метрден үй сұрап аламын. Ой, қырғын едім ғой ол уақытта. Сөйтіп, менің абыройымның сол жылдарда көтерілгені, үш-төрт жылдың ішінде біздің Композиторлар одағында үй алмаған бірде-бір мүше қалған жоқ. Одақ мүшелерінің бәрі алды. Бір жылы тіпті құлақтандыру парағын іліп қойдық. “Бір бөлмелі пәтерді кім алады?” – деп. Соны сұрайтын, соны алатын адам таба алмадық, – деп еске алады Ерағаң жалындап жүрген жастық шақтарын осы күні ризалықпен еске алып.
* * *
Бағымызға қарай, тәуелсіздік алғаннан кейінгі алғашқы жылдардағы Мәдениет министріміз Е.Рахмадиев болды. Бұл жоғары лауазымды ол “халқыма, ұлтыма қызмет етуге берілген мүмкіндік” деп санады. Сол кездерде Президенттің Жарлығы шыққан, Қазақстанда бұдан былайғы жерде мемлекеттік тіл – қазақ тілі болады деп. Соған байланысты Жоғарғы Кеңес қаулы қабылдаған. Ерағаң соны пайдаланды да, қолма-қол Мәдениет министрлігі бойынша бұйрық беріп жіберді: “Мәдениет министрлігінің қарамағындағы мәдениет ошақтарының барлығы бұдан былайғы жерде қарым-қатынастарды мемлекеттік тілде жасасын”, – деп. Жұрт шуылдап кетті. Мұндайға бұрын үйренбеген, үкіметтік деңгейдегі қарым-қатынастың барлығы орыс тілінде ғана жасалады деген ұғым саналарға әбден сіңіп, беріш болып қатып қалған. Мәдениет министрлігіндегі сол бұйрық жалпақ жұртқа аяқ астынан бомба түскендей әсер еткен болса керек.
Содан бір күні Өскеменнің казак-орыстары, тағы біреулер үстінен арыздар жазады. “Мәдениет министрі қырып-жойып барады. Келмей жатып мемлекеттік тіл – қазақ тілі болады деп жатыр. Қазақ тілінде сөйлеңдер, қазақ тілінде қарым-қатынас жасаңдар дейді”, – деп. Жоғарғы Кеңесте де оны жамандап сөйлеушілер табылады. Содан, шақырған соң, Еркеғали Жоғарғы Кеңеске барады. “Осылай да осылай, депутаттар қайта-қайта мәселе көтеріп жүр”, – деген әңгіме айтылады оған. Ерағаң: “Мен Президенттің командасындағы қызметкермін. Міне Президенттің Жарлығы: “Қазақ тілі – мемлекеттік тіл болады” деген. Міне өздеріңнің қабылдаған қаулыларың. Онда да “қазақ тілі – мемлекет тілі” деп айтылған. Ал енді менің жазығым не? Мен нені бүлдірдім, кімді орынсыз зорлап жатырмын? Бірақ мен Мәдениет министрі болғаннан кейін, бұл шешімдерді орындауға тиістімін. Сондықтан да бұдан былайғы жерде мәдениет саласында іс жүргізу, қарым-қатынас мемлекеттік тілде болады”, – деп жауап береді.
Мәдениет министрі болып тұрған уақытындағы Ерағаңның тағы бір тындырған, тарихымызда қалатын, ұлтымыздың еңсесін көтеруге елеулі қызмет еткен және ете беретін айтулы ісі – Ресеймен шекаралас, Ресейге жақындау жеті облыста қазақ театрларының шаңырақтарын қысқа мерзімде бірінен кейін бірін көтертіп жібергені еді. Солженицын өзінің аты шулы “Как обустроить Россию” деген еңбегінде “қазақтың өз жері жоқ, солтүстіктің бәрі орыстың жері, қазақтар қойын қай жаққа бағып келсе сол жер менікі дейді” деп, намысқа тиіп тұрған кезі болатын. Елбасымыз да сол тұста Ерағаңды барынша қолдап жіберді. Астанадағы, Павлодардағы, Қостанайдағы, Арқалықтағы, Ақтөбедегі, Оралдағы, Өскемендегі қазақ драма театрлары бірінен кейін бірі сол кездерде шаңырақ көтерді.
Ерағаңнан ХХ ғасырдың басында жазылып бітіп, опера өнеріміздің алтын сандығына жарқырап келіп қосылған “Абылай ханды” жазуына не түрткі болғанын сұрағанымда:
– Нұрекең болмаса “Абылай хан” жазылмас еді, – деп жауап берген. – 1995 жылы шақырып алып: “Бұғаудан босандық. Абылайханымызды бір дәріптейтін уақыт келді емес пе, Ераға? Жазбайсыз ба опера, сізден басқа жазатын ешкім жоқ, – деген. “Батаңды бер”, дедім, қолын жайып батасын берді. Сөйтіп, жасымның келіп қалғанына қарамастан, кемпірімді жетектеп, Балқаш көлінің жағасына кетіп қалып, оңашада бес жыл жатып, жазылған дүние ғой, – деп жауап берген.
Расында да ешкім мазаламайтын жырақта, Балқаш көлінің жағасында, өзі айтатындай қыс айларында үй ішінде даладағы қасқырлардың ұлыған үндерін естіп отырып, Әбіш Кекілбаевтың либреттосына жазып шыққан “Абылай хан” операсын Е.Рахмадиевтің өнердегі рухани ерлігі, еліне тартқан қымбат сыйы, халқымызды, кең байтақ жерімізді жан-жақтан қаумалаған жауларға, алпауыт елдерге жем етпей, найзасының ұшымен, ақыл-парасатының күшімен қорғай білген Абылай хан сынды асыл бабаларға бүгінгі ұрпақ атынан айтқан алғысы, көрсеткен тағзымы, ата-баба рухына сыйынып, көк туын қайта қолға алып, игі тілектерді ниет етіп тәуелсіздік пен өркендеудің арманды, бақытты жолына қайта түскен еліміздің үміті мен сенімін ақтауы деп білгеніміз жөн шығар.
* * *
Таяуда, жылдағы әдетімен жаз айларында Балқаш көлінің жағасына дем алуға кеткен Ерағаңа телефон соқтым.
– Үніңіз сынық қой. Ауырып қалған жоқсыз ба? – деген сұрағыма былтыр ғана жүрегіне операция жасатып, қан қысымынан да, жүріп-тұрудан да қиындық көріп жүрген Ерағаң:
– Қанша дәм-тұз барлығын Алла біледі… Артымнан ерген жалғыз қарындасым Тәттіғайшадан осы кеше ғана айрылып қалып, Алматыға барып, жерлеуіне қатысып, бір уыс топырақ салуға жарамай, тізеден төмен шойырылып, жүре алмай, отырмын ғой омалып, – деп маған мұңын шаққандай болып, жылап жіберді… Қайрақ тастай мықты адамның да кейде бордай езілетін кезі болады екен-ау деген ой келді маған.
Болат БОДАУБАЙ, жазушы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері.
АСТАНА.
