Алты жасар имам
Ислам тарихында бала кездерінен Тура жолға түсіп, Исламиятқа айрықша үлес қосқан сахабалар едәуір еді. Солардың бірі жайлы баян…
Әмір тұратын ауыл керуен жолдың бойында еді. Бұл жерден мөлдір бұлақ басталатын. Араб даласының аптап ыстығында тілі таңдайына жабысып, діңкесі құрып, шөліркеп келіп, бас қойған жан ғана ол бастаудың қадірін жете түсінсе керек. Тура жер астынан қайнап шығатын тұсында су – мұп-мұздай салқын, жанға шипа беретіндей мөлдір. Тіпті су астындағы қайрақ тастар моншақтай тізіліп, көздің жауын алады. Бастауынан сәл ұзасымен-ақ бұлақ суы жылып сала беретін. Ауыл тұрғындары ауыз суларын осы жерден алатын еді.
Күннің аптабы сәл басылысымен ауыл балалары бұлақ маңынан табылатын. Ойынның неше түрін ойлап тапқандарына мәре-сәре. Бірақ, қаншама асыр салып ойнаса да, бұлақ суын лайлау, оның көзін бітеу деген бұзақы қылықтар ойларына да келген емес. Себебі, үлкендер жағы бұлақ көзін ашуды, суды қастерлеуді суы тапшы құмды өңірде өскен осынау балалардың санасына сәби кездерінен құйып баққан-ды. Су жоқ жерде тіршілік те болмақ емес.
Осы бұлақ маңынан өтетін керуен жолдары сона-а-ау көкжиекке жалғаса асылып, одан әрі тылсым бір әлемге жетелеп әкететіндей… Сондықтан болар, Әмір бала достарымен соншалықты беріліп ойнай жүре, оқтын-оқтын керуен жолдары о шеті мен бұ шетін жалғастырып жатқан көкжиекке ұзақ қарағанды жақсы көретін.
Себебі, сол жолдар арқылы келетін керуеншілер мұның ауылын көл-көсір әңгімеге қарық етуші еді. Олардың ішінде көсем сөздің небір шешендері де бар. Алыс елдер мен қалалардағы базар нарқынан бастап, түрлі адамдар тағдыры туралы небір хикаялардың майын тамызады-ай дерсің.
Әсіресе, сахарада салқын маусымдар басталған тұста бұлардың ауылы арқылы өтетін жолаушылар саны көбейіп, ауылдастарының құлағы әр-алуан әңгімеге әбден-ақ қанығып қалушы еді. Шілденің ми қайнатар ыстығында, әрине, керуен тартушылардың тым азайып қалатыны тағы бар. Ондай кезде со-на-ау көкжиекке көз талдырып қараған Әмірдің бойын ересектерге тән, белгісіз бір зарығу сезімі билейтін еді. Сағынышпен ұзағырақ телміре қарағаннан болар, әйтеуір көз ұшындағы сағым атаулы бір сәт қоңыр керуенге ұқсап, сәлден кейін жөңкіле көше жөнелетіндей әсер қалдыратын балаға.
Сондай аңсауға толы күндердің бірінде Мекке жақтан керуен келді. Оның иелері шай ішіп, жайғаса отырып, әдеттегісінше хикаяларын бастаған тұста бұл жолғы әңгімелерінің сарыны бөлектеу сияқты көрінген. Меккеде өзін пайғамбар деп жариялаушы бір адам пайда болған көрінеді. Көп құдайға табынуға қарсылық көрсетуші ол адам бір Аллаға ғана құлшылық етіп, мойынсұнуға шақыруда, дейді. Міне, сол күннен бастап, бала Әмірдің ауылына Меккеде пайда бола бастаған жаңа дін және оның насихаттаушысы жайлы әңгімелер толассыз жете бастады.
Керуеншілердің бірі оны мақтаса, екіншілері даттап дегендей, екіұдай хабарлар қаптап кеткен болатын. Арада тағы біраз уақыт өткенде керуеншілердің кейбірі: “Алла тарапынан жаңа пайғамбарға түсірілген аяндар” – деп, бұларға жыр тілінен де жағымды, ғажап бір мақаммен айтылатын аяттарды жеткізе бастады. Әмірдің ауылдастары керуеншілер кеткеннен кейін әлгі аяттардың жалпы мазмұнын ғана қайталай баяндап жүрісетін. Себебі, сөзбе-сөз жаттап алған ешқайсысы бола қоймады.
Тек бес жасар Әмір ғана әлгі аяттарды сол естіген қалпында санасында сақтап қалған екен. Ол қасиетті сөздер бала жүрегіне өз-өзінен сіңіп жататындай. Содан бастап Әмірдің бойында тосын бір өзгерістер басталды. Ол жадында жатталған аяттарды оңаша сәттерінде жиі қайталап, әкесі Саламаға да оқып беретін. Осыдан былай әкелі-балалы екеуі оңашаланып, жиі әңгімелесуді әдетке айналдырған еді.
Сөйтіп жүргенде Әмір бес жасты артқа тастап, алтыға аяқ басқан-тын. Күннен-күнге баланың жаңа дінге, оны таратушы пайғамбарды көруге деген ынтызары арта түсті. Бірақ ол бар болғаны бала, оның алдында үлкендер бар ғой. Араб халқының ұлттық дәстүрі бойынша, үлкендердің сөзін тыңдау, алдарынан қия өтпеу-парыз.
Арабиядағы өзге тайпалар сияқты, бұлардың ауыл ақсақалдары да өзін пайғамбармын деп жариялаушы адам мен меккелік көпқұдайшылар арасындағы қақтығыстарды құрайыштардың өз ішкі мәселесі деп бағаласты. Ол жаңа діннің Ислам екендігін, ал оны ұстанушылардың мұсылмандар деп аталатындығын бала Әмір кейінірек білген-тін.
Бұл жөнінде әл-Бұхаридің “Сахихындағы” 4302-ші хадисте Әмір бин Саламаның өзі (Алла оған разы болсын) былай деп еске алады: “Өзге арабтар жөнінде айтар болсақ, олар Меккені мұсылмандар жаулап алғанға дейін Ислам дініне өтуді кешеуілдетумен келді. “Оның өз руластарымен күресін жайына қойыңдар. Егер ол шынымен құрайыштарды жеңсе, онда оның шынайы пайғамбар болғаны”, десті. Кейін Меккені мұсылмандар жаулап алған тұста барлық араб тайпалары Исламға лап қойып, өте бастады. Біздің руымыздан, өзгелерден бұрын, менің әкем мұсылман болды. Пайғамбарымыз салла Аллаһу алейхи уәс сәләммен кездесіп келгеннен кейін әкем былай деді: “Алла атымен ант етемін! Сендерге шынайы Пайғамбардың (с.а.у.) хабарын жеткізгелі келдім. “Әр намазды өзіне тиесілі уақытында орындаңдар, намаз оқитын мезгіл жеткенде сендердің біреулерің азан шақырыңдар. Және іштеріңде Құранды кім артық білсе, сол имам болсын”, – деді пайғамбар”, деген әкемнің хабарынан кейін руластарым Құранды жақсы білетін адамды іздестіре бастады. Алайда, менен артық Құранды білетін ешкім табылмады. Себебі, осы қасиетті Кітаптың әрбір аяты керуеншілердің жеткізуінде жүрегімде жатталып қалған болатын. Сондықтан олар мені имам қойысты. Ол кезде алты немесе жеті-ақ жаста едім. Үстімдегі көйлегім өте қысқа болғандықтан, сәждаға барғанымда оның етегі тым жоғары түріліп кете беретін. Сонда намазға тұрған біздің тайпаның әйелдерінің бірі: “Имамдарыңның арқасын дұрыстап жапсаңдаршы, көрінбесін!”-деді. Содан кейін ауылдастарым бір мата сатып алып, одан маған арнап көйлек тігіп берді. Сол кезде әлгі көйлекке қатты қуанғаным әлі есімде”, – деп еске алған еді Әмір хазыреті Сахих хадисте.
Иә, ағайын! Алланың нұрына, Пайғамбарымыздың (с.а.у.) шапағатына сәби кезінен бөленген бақытты балалардың бірі осы Әмір бин Салама болатын.
Нұрлытай ҮРКІМБАЙ.


Ойын-тойға, оң мен солын өз көзімен көріп-білуге жаралған, бал тілді бөбекті белін бекемдетпей сәждеге жығу – бағынан бездіру! Бәріміз де жаратқанның құлымыз, алайда қазіргідей өркениет заманында жарқын өмірдің алауына қыздырынбаған баланы басын айналдыратын діни насихаттар орынсыз деп санаймын! Әрине Сізге жақсы, балалық балдәуреннің бар қызығын тояттадыңыз, енді ақыл айтар төрден сол өзіңіз бастан кешкен асыл сәттерден басқаларды бездіресіз. Осы да әділдік пе? Дін жолын кәмелеттік жастан асып барып, жүрек қалауын дәл танитын шақта ұстанған абзал!
“Балалық балдәуреннің бар қызығы” деген не сонда, сіздіңше?
Арақ, зина, құмар ойындары – бұлардың қайсысын бала кезімізде “тояттадық” сіз бен біз? Бұдан бөлек бір мәселе, “оң мен солын өз көзімен көріп-білуге жаралған” дегеніңіз де орысшалап айтқанда әшейін фикция емес пе, егер мұсылман ата-ана өз баласын дін жолына салмаса, даладағы компаниясы, теледидар, интернет, … өздерінің “жолына” салмай ма, басын айналдырып?
Менің пікірімше (жалпы, дініміздің бір қағидаты бұл) діндар ата-аналар үшін өз баласына Ислам дінін үйрету парыз.
Ал шектен асып, әртүрлі “экстремизмге” ұрынбау – мүлдем бөлек мәселе деп ойлаймын.
Assalaumagaleikum,Allaga kul boludan artyk kandai bakyt bar.Barlyk narse Alladan,Amantai artyk aittynyz ,taubege keliniz.Bolat batyra aittynyz.Alla razy bolsyn sizge.
Амантай мырза советтік атеизмнен шыға алмай жүрген ғой.