Егемен Қазақстан          

 
 


ЖАЗЫЛУ






Қазақ Интернетi

№46-47 (25893) 09 АҚПАН СЕЙСЕНБІ, 2010 ЖЫЛ
2007-04-25:

“Ислам – бейбітшілік діні, оны саясатпен байланыстыруға болмайды”

 

“Нұр-Мүбарак” Египет Ислам мәдениеті университетінің ректоры, профессор  Махмуд Фаһми ХИДЖАЗИ мырза бүгін бізбен өзі басқарып отырған оқу орнының бүгінгі таңдағы тыныс-тіршілігі, келешекте атқарылатын іргелі жобалары төңірегінде ой бөліседі.

 

–Махмуд Фаһми мырза, өзіңізге жақсы белгілі, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев қазақ­стандықтарға биыл “Жаңа әлем­дегі – жаңа Қазақстан” атты Жол­дау жолдаған болатын. Жол­дауда “Біз үшін барынша мүдде­лілік туғызып отырған білім беру салаларына шетел ғалымдары мен оқытушыларын белсендірек тарту” мәселесі де атап көрсетілді. Ендеше, өзіңіз басқаратын уни­верситет ұстаздары студенттерге “халықаралық” деген статусына лайық білім беріп жатыр деп айта аласыз ба?

–Ең алдымен айтарым, “Нұр-Мүбарак” Қазақстан мен Египет мемлекеттері арасындағы дос­тық­тың, ынтымақтастықтың рә­мізі, алтын көпірі десем, қате­леспейтін сияқтымын. Оған ең басты себеп – екі елді мыңжыл­дықтан астам созылған ортақ мәдени мұра жалғастырып келе­ді. Мен бұл жерде тек Сұлтан Бейбарыстың ғана емес, жалпы мәмлүк сұлтандарының дәуірін меңзеп отырмын. Әлемдегі мұсылман елдерінің арасында Египет исламтану саласында жә­не ғылым, оқу-ағарту бағытында да алдыңғы қатардан көрінуі көп нәрседен хабар берсе керек. Со­нымен қатар, тағы бір есте бола­тын жәйт, Египет мұсылмандары сунниттік жолда, мемлекет құры­лымында қазақ еліне ұқсастығы мол, зайырлы мемлекет, ең бас­тысы, елде дінді бірбеткей бұра тартушылыққа жол берілмейді.

Оқу орнында Египеттің әл-Әзхар, Каир, айн-Шамс, Алек­сандрия, әл-Миния университет­терінің білікті, көрнекті доктор-профессорлары дәріс жүргізеді. Олардың қай-қайсысының бол­масын өз шәкірттері алдындағы жауапкершілігі жоғары. Ө­з кезе­гінде студенттерге  Египетте ар­наулы курстарда оқып, практи­кадан өтіп, магистратура мен докторантурада білімдерін одан әрі жетілдіруіне мүмкіндік те жасалуда. Біздің оқу орнында қа­зіргі таңда негізінен төрт маман­дық бойынша мамандар даярла­нуда. Олар – исламтану, дінтану, аударма бөлімі және шет тілі (араб және ағылшын тілдері). Жо­ғары оқу орнын бітіргендер “дінтану”, “исламтану” маман­дықтарына, ал араб колледжін бі­тіргендер “шет тілі” маман­ды­ғына қысқартылған бағдарла­мамен оқуға сұхбат негізінде түсе алады. 

– Қай елде қандай оқу орны болмасын туған елге, қоғамға аса қажетті әрі білікті мамандар даяр­лаумен ғана айналысуы тиіс. Мұндай маңыздылығы жоғары мәселе сіз жетекшілік етіп отыр­ған жоғары оқу орнында қалай шешілуде?

–Пікіріңіз орынды, шын мә­нісінде де қай елде болмасын  білікті кадрлар жетіспеушілігі байқалуда. Сондықтан да оқу орнында бұл мәселе бірінші кезекке қойылуда. Университетте Египеттің, сондай-ақ Қазақ­станың аты белгілі ғалымдары сабақ береді. Студенттерге қо­лайлы жағдай да жасалған, оқу ғимаратында зәулім мешіттен бастап, дәрісханалар, компьютер кабинеттері, жиырма мыңға жуық кітап қоры бар кітапхана жүйелі түрде жұмыс істейді. Биыл­ғы жаңа оқу жылында  магистратура енгізіледі, өйткені ғылыми-зерттеу жұмысын жетіл­дірудің маңызы зор. Батыс елде­рінде ғылыми орталықтар оқу орнының жанына шоғырланған, соған орай университет  ғылыми-зерттеулермен айналысады, ал ғылыми-зерттеу орталықтарын құрудың қажеттілігі басым. Қа­зірде оқу орны жанында араб тілі орталығы жұмыс істейді, онда араб тілін үйренгісі келетіндерге көрсетілетін көмек те, қамқор­лық та дайын. Университет ұс­таздарының оңтүстік астанадағы жоғары оқу орындарымен байла­нысы уақыт өткен сайын ұлғая түсуде. Абылай хан атындағы уни­верситетте, ҚазМҰУ және өзге де оқу орындарында “Нұр-Мүбарак” ұстаздары дәріс оқиды.

“Нұр-Мүбаракта” оқытылатын мамандықтарды осы университеттің қамқорлық кеңесі шешеді. Келе­шекте информатика, тарих, журна­листика (араб және ағылшын ті­лінде) мамандықтарын қолға алу­мен бірге, жаңа оқу кешендері бой көтермек. Университет құрылысы­ның екінші кезеңі – 2008 жылы аяқталады деп жоспарлануда. Алда тағы да төрт түрлі мамандық енгіз­бекпіз, олардың арасында фило­софия факультеті мамандығы да бар. Жаңадан ашылатын барлық мамандықтар бойынша Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігімен алдын-ала келісім жасалады. Мүмкіндігінше бола­шақта қазақстандық философтар еңбектерін студенттерге игерту ойымызда бар.

Жас мамандардың кәсіби білік­тілігін көтеріп қана қоймай, олар­дың назарын рухани игіліктер, адами құндылықтар мәселесіне аудару қажет деп ойлаймын.

“Нұр-Мүбарак”, ұстаздары, міне, осындай бағытта жұмыс істеп, із­деніс пен іскерліктің, қамқорлық­тың үлгісін танытуда. Араб фило­софиясына көптеген жаңа идеялар енгізген ғалымдар еңбегімен жақын танысудың кімге болмасын берері мол. Бұл орайда әл-Кинди, Ибн-Халдун, Ибн-Син, ат-Тахтауи,    Әл-Фараби және басқа да ғұла­малар еңбектері менің жан-дүниеме өте жақын. Мәселен, Ибн-Сина­ның медицинамен бірге, социо­логия, әлеуметтік мәселелер жөнін­дегі туындылары  жөнінде ғылыми баяндама да дайындадым.

— Тағы да қандай ғұламалар тұ­жырымдары сіздің көңіліңізге қонады?

–Ақиқатын айтсам, мен қазақ­тың ғұлама ақыны Абай фи­лософиясын өте жоғары бағалай­мын, ақын шығармаларын қазақ тілінде оқып шықтым. Бай да құнарлы қазақ тілін өте жақсы кө­ремін, онда араб сөздері де кез­деседі. Сондай-ақ Абайдың неміс, ағылшын тілдеріндегі аудармалары­мен де таныспын. Бір ғажабы, Абай мен мысырлық ат-Тахтауи (1872 жылы қайтыс болған) еңбектерінде ұқсастық мол. Екі ойшыл да тыл­сым құпиясы, болмысты қалай сақтау қажеттігі және өркениет, ұлт келешегі, еуропалық тілдерді үйре­ну мәселелері жөнінде де терең тол­­ғанады. Екі ойшылдың шығар­ма­­ларын зерттеп, Абай жөніндегі еңбекті қолға алып, оның қара сөздерін араб тіліне аудармақпын.

Араб – қазақ тілінде мектеп оқушыларына арналған сөздіктер де құрастырылуда. Жалпылай алғанда Қазақстан тарихы жөнінде жазылған еңбектер қатарын одан әрі молайтудың, мазмұнын, тақы­рыбын кеңейтудің қажеттілігі зор. Мәмлүк сұлтандарының тарихы қазақ сұлтандарымен тығыз байла­нысты. Мәселе Бейбарыста ғана емес, Қайтпай, Барыспай, Таухри­берді сияқты сұлтандар жөніндегі мәліметтер кейбіреулерге әлі беймәлім.

– “Нұр-Мүбарак” Египет Ислам университеті түлектері қандай салаларда жұмыс істейді және жас мамандардың жұмыспен қамтылу мәселесі сіздердің назарларыңыздан тыс қалмай ма?

–Менің ойымша, шет тілдерді, әсіресе араб және ағылшын тілде­рін жетік меңгерген жас жігіттер мен қыздардың жұмыспен қамты­луы онша көп қиындыққа соқпай­тын сияқты. Қазақстанның өзінде екі мыңға жуық мешіт бар, бүгінгі күнге дейін олардың барлығы дерлік жоғары білімді имамдармен қамтамасыздандырылмағаны жасы­рын емес, сондықтан да біздің оқу орнының түлектеріне деген сұра­ныс мол. Мәселен, биылғы бітіру­шілерді Қазақстан мұсылмандары дін басқармасының төрағасы, Бас мүфти Ә.Дербісәлі қызметке бөліп қойды. Қазіргі уақытта исламтану мамандығын игергендердің дені мешіттерде, діни салаларда жұмыс істесе, ал кейбіреулері араб, ағыл­шын тілдерінде білім ұяларында шәкірттерге дәріс береді. Ал, үшін­ші біреулері өз білімдерін одан әрі жетілдіріп, магистратураға қалуда. Биылдан бастап жаңа оқу жылына “Исламтану” мамандығына тұңғыш рет қыздарды қабылдау ниетін­деміз. “Исламтану” мамандығын бітірген қыздар мешіттерде, діни орындарда оқытушы, тәрбиеші және тағы да басқа қызметтер атқарады.

Мұнда ойлап қарасаңыз, екі мәселе туындайтын тәрізді. Мен жалпы жастарға мамандықтарды оқытқанда олардың қоғамға қа­жеттілігі туралы ойлаймын. Екінші мәселе – араб тілі және ислам мәдениеті орталығының берері мол. “Исламтану” мамандығына талап­керлерді қабылдауға келетін болсақ, бұл іс-шара Қазақстан мұсыл­мандары діни басқармасымен келі­се отырып, жүзеге асырылады. Қазақстандық кредиттік жүйені республикада ең алғашқылар қата­рында “Нұр-Мүбарак” халықара­лық университетінің бастағанын да сөз реті келгенде айта кеткен жөн сияқты.

Оқу орны Каир университе­тімен, әл-Әзһаж университетімен тығыз байланыс жасауда. Қазіргі талап бойынша университетте Қазақстан Республикасы жағынан ұстаздар санын көбейту ісі қолға алынды.

–Қазақстанға келгеніңізге, “Нұр-Мүбарак” Египет Ислам уни­вер­ситетіне басшылық жасағаны­ңызға да бірқатар уақыт болыпты, қазақ­стандықтар, ел мен жер, жастар туралы пікіріңіз қандай? Кеңес үкіметі кезінде халықтың дінге деген көзқарасы қалай болғаны кімге де болса белгілі, ал бүгінде қазақ­тардың ислам дініне деген бетбұ­рысынан, көзқарасынан не байқа­дыңыз?

–Ішіме сыр бүкпей, шынымды айтсам, мен Қазақстанда жүргенде өзімді бөтен елде жүрген сияқты сезінбеймін, себебі түбі бірге туыс, мұсылманбыз ғой. Қазақстан Мемлекетінің басшысына, Қазақ­стан Үкіметіне айтар алғыс мол. Қазақстан жайлы екі кітап жазып жатырмын. Соның бірінші кітабы “Қазақстан жоғары деңгейде дамып келе жатқан мемлекет” деп атала­ды, онда негізінен елдің экономи­касы, мәдениеті және білім беру саласы жөнінде құнды деректер жинақталған, бұл еңбек екі жүз беттен тұрады, жақында оны аяқтадым. Тағы бір еңбегім – ғұлама Абайдың мәңгі өшпес асыл мұрасы жөнінде сыр шертпек. Ақын шығармаларының маңызын, ұлағатын оқырмандарға шынайы қалпында жеткізгім келеді.

Дін жөнінде, әсіресе ислам діні жөнінде сөз қозғасам, ең бірінші айтатыным мұнда, яғни Қазақ­станда ең бастысы, діни еркіндік бар, екіншіден, оған қоса қоғамдық келісім салтанат құрған. Ислам – құдайға құлшылық ету, сену, келешекке үміт арту. Қазіргі таңда Қазақстанның әлемдегі сан алуан діндер арасындағы сұхбат орталы­ғына айналып отырғаны сүйсінер­лік жәйт. Сөз реті келгенде айта кететін тағы бір маңызды мәселе, ислам – ол бейбітшілік діні, оны саясатпен, саяси мәселемен байла­ныстырмау керек.

–Махмуд Фаһми мырза, артық айтсам кешіріңіз, бірақ террорды ислам дінімен жиі байланыстырады ғой.

–Рас, өкінішке қарай, ондай пікірлер қылаң беріп жата­тындығы жасырын емес. Біздер, мысырлық­тар, дінді өте қатты құрметтейміз, бірақ шектен шығуды ұнатпаймыз. Халықтың, үлкен-кішінің барлығы да діншіл адамдар, мерекелерде екі діннің адамдары бірін-бірі мейрамда­рымен құттықтап, мәре-сәре болып жатады. “Бәрі­міз де Алла жолындамыз, ал, Отанымыз болса бәрімізге ортақ” дейді екі дін өкілдері ағынан жарылып. Сонда әр адам әр­дайым құдай­мен бірге. Бала кезімізде менің әкем өзінің христиан досын мерекесімен жүйелі түрде құт­тық­тайтыны есімде қалыпты.

Мысырлықтардың діншілдігі, исламға жан дүниесімен беріл­гендігі, сонау фараон заманынан келе жатыр. Египетте христиан діні өкілдері рамазан айында, Наурыз мерекесінде мұсылман­дарға арнап дастархан жайып, той-томалақ жасауының өзі ха­лықтың бір-біріне деген ілтипа­тын көрсетеді. Маған қазақ хал­қының жоғары адами қасиеттері, қайырымдылығы, жүрегінің жылуы қатты ұнайды. Қонақжай қазақ халқын біздер, мысырлық­тар, жоғары бағалаймыз, құрмет­тейміз. Қазақтың әуезді де әсем әнін тыңдаудың өзі бір ғанибет емес пе. Мәселен, күміс таңдай әнші Әлібек Дінішевтің әндерін тыңдаудан мен ешқашан жалық­қан емеспін. Себебі, оның өнері маған ерекше қуаныш, шаттық сыйлайды. “Әнді сүйсең менше сүй” деген ұлы Абайдың сөздері бар емес пе.

– “Нұр-Мүбарак” Египет Ислам мәдениеті университеті түлектерінің болашағы, иманды­лық жолы төңірегінде ой қозға­саңыз артық болмас еді.

–Ұстаздар өз шәкірттерінің келешекте мұсылмандық парызы мен имандылық жолын жоғары ұстайтын зерделі азамат болуына, ел игілігі жолында адал еңбек етуіне, мінсіз қызмет көрсетуіне барлық күш-жігерін, жүрек жы­луын жұмсауды мақсат етуде. Ис­ламтану саласында еңбек ете­тін қазақ жастарын ұлан-ғайыр ізденістер күтіп тұр. Исламға қатысты сан тілдерде жазылған бағалы еңбектерді мемлекеттік тіл – қазақ тіліне аударудың көпшілікке берер пайдасы ора­сан. Бұл бағытта игілікті іс-шара қолға алына бастады. Мәселен, Египеттің мемлекет қайраткері, дінтанушы ғалым Махмуд Хамди Зақзұқтың “Исламды қаралауға қарсы жауап” деген кітабы қазақ тіліне аударылды.

Республикада, жалпы мұсыл­ман елдерінде ислам дінін наси­хаттауды күшейтудің мәні зор. Егер жер-жерде исламның дұрыс жолын уағыздап, насихат күшей­тілсе, халық әртүрлі ағымдарға бой ұрмай, нағыз мұсылман­дыққа ден қойып, бірігеді. Дүниеде халықтар арасындағы ынтымақтан артық қандай бай­лық болуы мүмкін, адамдардың бірін-бірі түсіне білуі, сыйласуы ең бағалы адами құндылық дер едім. Тағы да қайталағым келеді, “Нұр-Мүбарак” халықаралық уни­верситетінің басты мақсаты әрі басты міндеті – білікті, білімі бүгінгі заманға лайық жастарды дайындап шығару. Егер дін мамандарын дайындау бір жүйеге түссе, дінді теріс ағымда бұрма­лаушылар өзінен-өзі жойылып кетеді. Менің пікірімше, ислам дінін бұрмалауға ешқашан, ешуа­қытта жол берілмеуі тиіс.         

– Әңгімеңізге рахмет.



Авторы: Әңгімелескен Бақыт БАЛҒАРИНА, Алматы.


ЖАҢАЛЫҚТАР

2010-02-09 Президент Нұрсұлтан Назарбаев “Қазақтелеком” АҚ басқарма төрағасы Асқар Жұмағалиевті қабылдады. Толығымен

2010-02-09

Кеше “Нұр Отан” ХДП Орталық аппаратында партия­ның қоғамдық қабылдау бөлмесінің 2010 жылғы қаңтар айындағы жұмыстарына арналған брифинг болып өтті.

Толығымен

2010-02-09 Парламент Мәжілісінің Төр­аға­сы Орал Мұхамеджанов жұмыс ба­бын­дағы сапармен Ақмола облы­сы­на келді. Толығымен

2010-02-06

Елбасы қабылдады

Толығымен

2010-02-06

Беларусь дипломатымен кездесті

Толығымен

2010-02-06

Кеше Қазақстан Парламенті Мәжілісінің Төрағасы Орал Мұхамеджанов Нидерланды Корольдігінің Қазақстан Республикасындағы Төтенше және өкілетті елшісі Франс Якоб Потойтты қабылдады.

Толығымен

2010-02-06

Кеше Үкімет үйінде Премьер-Министр Кәрім Мәсімов елімізге ресми сапармен келген Норвегия Корольдігінің тақ мұрагері Хаакон Магнуспен кездесті.

Толығымен

2010-02-06

Кеше Экономика және бюджеттік жоспарлау министрлігінде Премьер-Министр Кәрім Мәсімовтің қатысуымен кеңейтілген алқа отырысы өткізілді.

Толығымен

2010-02-05

Кеше Сенат Төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаевтың жетекшілігімен палатаның  кезекті жалпы отырысы болды.

Толығымен

2010-02-05

Орталық Азия университетінің артықшылықтары бола ма?

Толығымен

Мұрағат