Б.Қыдырбекұлы Алматы облысының Жамбыл ауданындағы Таран ауылында туған. Ол Ұлы Отан соғысының қиын-қыстау шағында қаршадайынан еңбекке араласты. 1945 жылы Қазақ мемлекеттік университетінің журналистика факультетіне оқуға түсті. Осы факультеттің соңғы курсында оқып жүргенде “Социалистік Қазақстан” газетіне қызметке шақырылды.
Содан 37 жыл бойы осы редакцияда үздіксіз қызмет етті. Бұл жылдары ол қатардағы әдеби қызметкерден бастап редакцияның бөлім меңгерушісі, редактордың орынбасары, бірінші орынбасары, ал 1983-1987 жылдары осы газеттің бас редакторы болып істеді. Білікті басшы, білгір ұйымдастырушы ретінде басылым беделінің артуына лайықты үлес қосты.
Б.Қыдырбекұлы республиканың қоғамдық өміріне белсене араласты. Ол кезінде Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің мүшесі, республика Жоғарғы Кеңесінің бірнеше дүркін депутаты болып сайланды, Қазақстан Журналистер одағына басшылық етті.
Баспасөзде тынымсыз еңбек ете жүріп, жазушылықпен де айналыса білді. Оның бірнеше кітаптары жарық көрді. Әсіресе, жазушының эпопеялық деңгейге жеткізуді көздеп кең құлашпен, шалқар шабытпен жазылған “Алатау” романының алғашқы екі кітабы оқырман қауымның айрықша ықыласына бөленді.
Б.Қыдырбекұлы елімізге сіңірген еңбегі үшін Еңбек Қызыл Ту, Халықтар достығы ордендерімен, бірнеше медальдармен наградталған. Оған “Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген мәдениет қызметкері” деген құрметті атақ берілген.
Қазір жазушы-журналистің туған ауылы Таран – Балғабек Қыдырбекұлы атында.