Бейімбет МАЙЛИН (1894-1939)
Б.Майлин қазіргі Қостанай облысының Таран ауданында туған. Бір жасқа толмай жатып әкесінен, алтыға шығарда шешесінен айрылған. Жетімдік зардабын шегіп, байларға жалданады. Ауыл молдасынан оқып, сауатын ашады.
1911-1915 жылдары Троицк қаласындағы Уәзифа медресесінде, Қостанайдағы орысша-қазақша мектепте, Уфадағы Ғалия медресесінде білім алады. 1916-1919 жылдары мұғалім болады, жазушылықпен шұғылдана бастайды. “Қазақ”, “Ауыл” газеттері мен “Айқап”, “Садақ” журналдарына жазып тұрады.
Б.Майлин “Еңбекшіл қазаққа” “Еңбек туы” болып тұрған кезде-ақ атсалыса бастаған. Алғаш мақалаларымен қатысқан ол әдеби қызметкер, бөлім меңгерушісі, хатшысы да болған, редакторлыққа дейін өскен. Бірақ көп істемеген. 1920-1922 жылдары газетті жасауға алғаш шығарушылар алқасы басшылық жасап, кейін жекелеген тұлғалар келе бастаған тұста басылымға Б.Майлин секілді жеті-сегіз адам жетекшілік еткені мәлім. 1923-1925 жылдары Қостанайдағы губерниялық “Ауыл” газетін шығарады. Сонан кейін қайтадан “Еңбекшіл қазаққа” ауысады, Қазақстан АПП-ын ұйымдастыруға қатысады. 30-шы жылдары “Ауыл тілі”, “Қазақ әдебиеті” басылымдарының бас редакторы болып істейді.
Б.Майлин – қазақ әдебиетін өркендетуге елеулі үлес қосқан қаламгерлердің бірі. Барлық жанрда атсалысқан жазушы 1938 жылы жазықсыз тұтқындалып, қызыл қырғынның құрбаны болып кете барды.
