Бернияз КҮЛЕЕВ (1899-1923)
Б.Күлеев қазіргі Орынбор облысының Бөрте ауданында өмірге келген. 1917-1918 жылдары Орынбор мұғалімдер семинариясында оқыған.
1919 жылы Заурал бөлімінің эмиссары болды. Өлең жазумен ертеден айналысқан. “Ұшқынның” бірінші саны Бернияз Күлеевтің “Ұшқынға” деген өлеңімен ашылды. Осы кезде оның Есенбаев, Сафиевтермен бірге газетімізге басшылық жасаған тұсы.
1920 жылдан өмірінің ақырына дейін Қазақ АССР Халық Ағарту комиссариатының кітаптарды бастырушы өкілі ретінде Қазан қаласында жұмыс істеді.
Б.Күлеевтің “Қыздың мінәжаты” (1914), “Қызықты жаз” (1916), “Қазақ қызы” (1916), “Түн” (1917), “Бостандық күнінде” (1917),“Әйелдер сөзі” (1917) өлең-толғаулары бар. “Қайда екен” (1922), “Жорық” (1922) атты поэмаларында Қазақ елі бастан кешкен әлеуметтік мәселелерді толғады.
Б.Күлеев – сыршыл лирик ақын. Ол орыс ақындарының да бірқатар шығармаларын қазақ тіліне тәржімалады. Таңдамалы шығармалары “Айтшы, ақ қайың” деген атпен 1969 жылы Алматыда басылды.
