Ж.Арыстанов Қызылорда облысына қарасты Тереңөзек ауданының бірінші ауылында өмірге келді. Жасынан ізденімпаздығымен ерекшеленген ол сауатын елде жүріп-ақ ашты.
Ол он бес жасында-ақ комсомол қатарына өтіп, оның төменгі буындарында жұмыс істей бастады. Бір топ қазақ жастары, комсомол активтері болып 1922 жылы Мәскеудің Шығыс еңбекшілерінің коммунистік университетіне (КУТВ) оқуға аттанады. Талантты жас оқи жүріп, комсомол жұмысына белсене қатысады. Білім алуды еңбекпен ұштастырып, СССР халықтары Орталық баспасында қазақ секциясының жұмысын басқарады. Сол жерден Орта Азиядағы Ферғана майданына аттанады, басмашыларға қарсы күреске қатысады.
1925 жылдан бастап республикамыздағы педагогтік, журналистік, партиялық жұмыстарға белсене араласады. Жетісу губерниялық партия-совет мектебінде, Алматы педагогика техникумында, Орта Азия мемлекеттік университетінде, Қазақ мемлекеттік университетінде ғылыми, жауапты педагогикалық қызметтерде болады. 1933 жылы партия Арыстановты Әулиеата ауданына (қазіргі Жамбыл облысы) Майтөбе ет-сүт совхозы саяси бөлімінің бастығы етіп жібереді. Осы жерде ол шаруашылықтың өсіп-өркендеуіне елеулі үлес қосады. Еңбегі бағаланып, келесі жылы Ленин орденімен наградталады.
Ж.Арыстанов мұнан кейін Алматыдағы Марксизм-ленинизм институты директорының орынбасары әрі бас редакторы болып істеп, орыс классиктерінің шығармаларын қазақ тіліне аудару және басып шығару ісіне лайықты үлес қосты. Ол Қазақстан Өлкелік партия комитетінде бөлім меңгерушісінің орынбасары болды.
Оның журналистік қызметінің өзі бір төбе. Шымкент, Жетісу губерниялық газеттері, “Ауыл коммунисі” журналы редакторының орынбасары қызметтерін атқарды. 1937 жылдың сәуірінен 1938 жылдың маусымына дейін “Социалистік Қазақстан” газетінің редакторы болып істеді. Осы жылдар ішінде ол Қазақстан Коммунистік партиясы Орталық Комитетінің мүшесі және Орталық Комитет бюросының мүшелігіне кандидат болып сайланады.
Ж.Арыстановтың “Жалынды жүрек”, кейін “Таң жұлдызы” деген атпен өңдеп, толықтырып шығарған кітаптары республика жастар ұйымының өміріне, оның жалынды ұйымдастырушысы және жетекшісі Ғани Мұратбаевтың өмірі мен қоғамдық қызметіне арналған. Ал “Сұңқар да жерді мекендейді” деген деректі повесі халқымыздың қалаулы ұлдарының бірі – Ораз Жандосовтың өмірі мен қызметін баяндайды. “Естен кетпес есімдер” атты естеліктерінде республиканың көрнекті адамдарының, белгілі қайраткерлерінің өсу, қалыптасу жолдарын ел өмірімен тығыз ұштастыра көрсетеді.
Ж.Арыстанов 1992 жылы қайтыс болды.