Батыс Қазақстан (бұрынғы Орал) облысының Ілбішін уезіне қарасты Қурайлы болысында өмірге келген. Әкесі орта дәулетті шаруа адамы болған көрінеді. Молдағали ауыл молдасынан сауат ашып, Қарасудағы орыс-қазақ мектебін үздік бітіріп шығады. 1910 жылы Орынбор орыс-қазақ мұғалімдер мектебін тәмамдайды. 1910-1918 жылдары қоғамдық жұмыстарға да белсене араласады. “Айқап” журналына, “Қазақ” газетіне еңбекші халықтың мұң-мүддесін көздейтін мақалалары жарық көріп тұрды. Орал облысындағы қазақ съезін ұйымдастырушылардың бірі болды. Осы басқосуда ауыл мұғалімдері тобының бейресми жетекшілігіне сайланды. Мұнан кейін облыс қазақтарының Қаратөбеде өткен съезіне делегат болып қатысты. “Ақ жол” саяси ұйымына кірді.
Азамат соғысы басталған кезде ауылда болды. 1919 жылы Орал қаласына келіп, РК(б)П қатарына өтуге өтініш берді. 1920 жылы Жымпиты уездік ревкомының уақытша құрамына төрағалық етті. Сол жылғы қазан айында Орал облысы делегациясының тізімімен ҚАКСР ОАК мүшелігіне кандидат боп бекітілді. 1921 жылдың көктемінен бастап РК(б)П Жымпиты уездік комитетінің төрағасы, 1921-1922 жылдары Орал губерниялық атқару комитеті төрағасының орынбасары болып істеді.
М.Жолдыбаев мұнан кейін Орынборға қызметке шақырылып, ҚАКСР Халық ағарту комиссариатының ғылым, баспасөз және әдебиет ісін басқаратын академиялық орталығының (Қазақстан Білім ордасы) төрағасы болып тағайындалады. РК(б)П Қазақ өлкелік комитетінің баспасөз органы – “Еңбекші қазақ” газетін қазақ әдебиетінің белді де беделді жазушылары Бейімбет Майлин мен Сәкен Сейфуллин кезек-кезек басқарып тұрған 20- жылдардың ортасына таман жауапты редакторлыққа келеді. Сөйтіп ол қаламы ұшқыр журналист ретінде танылды, белсенді газет авторлары тобын тәрбиеледі. Олардың арасынан кейін Т.Жүргенов секілді мемлекет қайраткері, С.Мұқанов, Е.Алдоңғаров сияқты танымал қаламгерлер шықты.
М.Жолдыбаев 1927 жылдан бастап шыға бастаған ұлттық педагогикалық арнаулы басылым – “Жаңа мектеп” (“Қазақстан мектебі”) журналының алғашқы редакторы. 1933-1937 жылдары БК(б)П ОК жанындағы марксизм-ленинизм институты Қазақ филиалының қызметкері. Осы жерде жүргенде бұрынғы Алаш қозғалысына қатысқаны үшін “халық жауы” деген айыппен тұтқынға алынып, 1938 жылғы ақпан айында атылды.