Мұхтар ӘУЕЗОВ (1897-1961)

М.Әуезов қазіргі Шығыс Қазақстан облысының Абай ауданында өмірге келген. Әкесі Омархан мен атасы Әуез сауатты кісілер болған. Алты жасынан Абайдың өлең­дерін жаттап өскен. 1908 жылы Семейдегі Кама­лиддин хазірет медресесінде оқып, одан орыс мектебінің дайындық курсына ауысады. 1910 жылы бес кластық орыс училищесіне түседі. Осы жерде оқып жүріп “Дауыл” атты алғашқы шығармасын жазады. 1915 жылы Семей қалалық мұғалімдер семина­риясына қабылданады. Оқып жүргенде Шәкәрім Құдай­бердіұлының “Жолсыз жаза” дастаны негізінде “Еңлік -Кебек” пьесасын жазып, оны 1917 жылы маусым айында Ойқұдық деген жерде тіркестіріп тіккен киіз үй сахнасына шығарады.

1918 жылы М.Әуезов Семей қаласының өкілі ре­тін­де Омбы қаласында өткен жалпы қазақ жастары­ның құрылтайына қатысып, оның орталық атқару коми­те­тінің мүшесі болып сайла­нады. Құрыл­тайда “Алаш­орда” үкіметі мен Алаш қоз­ғалысының ба­ғытын ұстан­ған “Жас аза­мат” атты Бүкілқазақ­стандық жас­тар ұйымы құ­рылады. Ұйымның белсенді мүшесі бола жүріп, “Абай” ғылыми-көпшілік журналын шы­ғаруға (Ж.Аймауытовпен бірігіп) атсалысады.

1919 жылы – Семей губревкомының жанынан ашыл­ған қазақ бөлімінің қыз­меткері, 1920 жылдың ақпанынан бөлім меңгерушісі. “Қазақ тілі” газетінің ресми шығарушысы болып та­ғайын­­далады. 1921 жылы Семей облревкомының төр­алқа мүшесі, атқару коми­тетінің төрағасы қызметін атқа­рады. 1921 жылғы қараша айында Қазақ АКСР-і ОАК-нің төралқа мүшелігіне сайланып, онда саяси хатшы міндетін атқарып, кадр мәселесімен айналысады. Мұ­хаңның “Еңбекші қазақ” га­зетіне басшылық жасайтын тұсы да осы кезеңмен дәл­ме-дәл келеді. Ұлттық тең­сіздік пен сауатсыздық­ты, аш­тық­ты жою жөнін­дегі ашық пікірі мен шығар­ма­лары үшін “ұлтшыл, алаш­ордашыл” атанып, саяси сах­надан шеттету басталған тұста Мұхаң бірыңғай шығармашылық жұмыспен айналысуға кө­шеді. Ғылыми жұмыстарды да қолға алады.

1930 жылы идеялық көз­қарасы үшін тұтқынға алы­нады. Тергеу ұзаққа созылып, 1932 жылғы сәуір айында үш жылға шартты түрде бас бостандығынан айыру тура­лы үкім шығарылады. Осы жылғы 10 маусым күнгі “Со­циалистік Қазақстан” және “Казахстанская правда” газеттерінде М.Әуезовтің “Ашық хаты” жарияланады. Онда Мұхаң өзінің қазақ әдебиетінің тарихы және Абай ту­ралы зерт­теулерінен, “Қара­гөз”, “Еңлік-Кебек”, “Хан Кене”, “Қилы заман” сияқты шығармаларынан бас тарта­тынын мәлімдеуге мәжбүр болды. Сонан кейін ғана ол түрмеден боса­тылып, оқы­тушылық жұ­мыс­пен айналы­суына рұқсат алды.

М.Әуезов – ұлы жа­зушы, қоғам қайраткері, ғұлама ғалым. Мемле­кет­тік, Лениндік сыйлық­тардың лауреаты. Бірнеше ор­ден­дердің иегері. Ол 1961 жылы 27 маусымда Мәскеу қала­сындағы Кремль ауруха­насында операция кезінде қайтыс болды.

© 2010 Егемен Қазақстан газеті · RSS тізбектері:МақалаларПікірлер · Сайтта жарияланған материалдарды сілтемесіз көшіруге болмайды.