С.Байжанов 1930 жылы Жамбыл облысының Шайқорық ауылында туған.
Еңбек жолын 1947 жылы Алматы облысы, Кеген ауданының Жалаңаш ауылындағы орта мектептің мұғалімі болып бастады, содан кейін Кеген аудандық халық ағарту бөлімінің инспекторы болып жұмыс істеді.
1952 жылы ҚазМУ-дың журналистика бөлімін бітірді. 1950 жылы университетте оқып жүрген кезінде “Лениншіл жас”газетіне әдеби қызметкер болып қабылданды, мұнда 1958 жылға жейін бөлім меңгерушісі, жауапты хатшы, редактордың орынбасары қызметтерін атқарды.
1958-64 жылдары “Мәдениет және тұрмыс” журналында алдымен редактордың орынбасары, кейін бас редакторы болып жұмыс істеді.
1965-73 жылдары Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің насихат және үгіт бөлімінің нұсқаушысы, баспасөз секторының меңгерушісі, бөлім меңгерушісінің орынбасары қызметтерін атқарды.
1973 жылы “Социалистік Қазақстан” газетінің бас редакторлығына тағайындалды. Бұл қызметте 11 жыл жұмыс істеді. Осы жылдары ол Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің мүшесі, Қазақ ҚСР Жоғарғы Кеңесінің депутаты, Қазақстан Журналистер одағы басқармасының төрағасы, КСРО Журналистер одағы басқармасы төрағасының орынбасары болып сайланды.
1984 жылдан 1994 жылғы зейнет демалысына шыққанға дейін республика Бас архив басқармасының бастығы болып істеді.
С.Байжановтың сіңірген еңбегі Халықтар достығы, Құрмет Белгісі ордендерімен, медальдармен, республика Жоғарғы Кеңесінің Құрмет грамоталарымен атап өтілді. Оған “Қазақстанның еңбек сіңірген қызметкері” атағы берілген. Ол – Қазақстан Республикасы Гуманитарлық ғылымдар академиясының толық мүшесі.
С.Байжановтың шығармашылық мұрасы романдардан, пьесалардан, сондай-ақ аудармалардан тұратын жиырмадан астам көркем шығармаларды құрайды. 1974 жылы оның “Үш қиян – үш даңғыл” очерктер кітабы КСРО Журналистер одағының сыйлығына ие болды. Соңғы жылдары көбінесе архивтік зерттеулермен айналысып, көптеген тарихи мәліметтер мен құжаттарды ғылыми айналымға ендірді. Оның “Архив – айғақ” кітабы Ахмет Байтұрсынов атындағы сыйлықты алса, “Абай және архив” туындысы Әлихан Бөкейханов атындағы сыйлықпен атап өтілген.
С.Байжанов жан-жақты білгір адам, еңбекқор да адал басшы, адамдарға ықыласшыл да сезімтал.