Сақтаған БӘЙІШЕВ (1909-1982)
С.Бәйішев Ақтөбе облысына қарасты Байғанин ауданының Ақжар ауылында туып-өскен. Белгілі қоғам қайраткері, ғалым.
1937 жылы Алматыдағы Марксизм-ленинизм институтын бітірген соң бірден осы жерге қызметке алынып, кейін Марксизм-ленинизм қазақ ғылыми-зерттеу институтының директоры да болды. 1938 жылдың сәуірінен 1940 жылдың желтоқсанына дейін “Социалистік Қазақстан” газетінің жауапты редакторы міндетін атқарды. Осымен бір мезгілде Алматы жоғары оқу орындарында дәріс те берді.
С.Бәйішев Ұлы Отан соғысына басынан аяғына дейін қатысып, 100-ші атқыштар бригадасының, 364-ші атқыштар дивизиясының саяси бөлім бастығы болды, Кеңес Армиясы Саяси бас басқармасы аппаратында жауапты қызметтер атқарды.
1946-1956 жылдары ол Қазақстан КП Орталық Комитеті жанындағы Партия тарихы институтының директоры, 1956-1968 жылдары Қазақ КСР Ғылым академиясының вице-президенті болуымен қатар Экономика институтының директоры (1963-1967ж.ж.), осы институттың бөлім меңгерушісі (1968-1982 ж.ж.) қызметтерін атқарды. Осы жылдар ішінде ғалым елімізде ғылыми кадрлар даярлау, жаңа ғылым салаларын қалыптастыру ісіне елеулі үлес қосты. Қазақстандағы социал-демократиялық қозғалыстың тарихын жазу, марксизм-ленинизм классиктерінің шығармаларын қазақ тіліне аударып, басып шығару жөнінде үлкен ұйымдастыру жұмыстарын жүргізді.
С.Бәйішевтің ғылыми еңбектері Қазақстандағы қоғамдық ұйымдардың тарихын, республика экономикасының даму кезеңдері мен саяси экономика мәселелерін зерттеуге арналған. Ол Ш.Уәлиханов атындағы сыйлықтың лауреаты. Көптеген ордендермен және медальдермен наградталған.
