Смағұл СӘДУАҚАСОВ (1900-1933)

С.Сәдуақасов бұрынғы Көкшетау облысы, Ленин ауданы, Жарқын ауылында туған. Он жасына дейін “Медресе Ғалияны” бітірген өз әкесі Сәдуақас хазірет­тен тәлім-тәрбие алып, одан кейін Әбіл молда мек­тебінде білімін жалғас­тырады. 1912-1915 жылдары Павлодардағы екі кластық орыс-қазақ училищесін бі­тіріп, бір жыл мұғалім бола­ды да, Омбыдағы ауылшаруа­шылық мектебіне түседі.

1918-1920 жылдары “Центросибирь” коопера­тивтер бірлестігінде қызмет етеді. 1920 жылы Орынборда Қазақстандағы алғашқы жастар ұйымының хатшысы болып сайланады. Сол жылы жаңа құрылған Қазақ Автономиялы республи­ка­сының үкімет басшылығына қызметке алынады. 1925-1926 жылдары “Еңбекшіл қазақ” (“Егемен Қазақ­стан”) газетінің жауапты шыға­рушысы, әрі “Қызыл Қазақ­стан” (“Ақиқат”) журналы­ның редакторы, 1925-1927 жылдары Қазақ АССР Халық ағарту комис­сары, 1927-1928 жылдары Ташкенттегі қазақ педа­го­ги­ка институ­тының рек­торы қызмет­терін атқарды.

1928-1932 жылдары Мәскеу көлік инженерлері институтын оқып бітірген соң Мәскеу-Донбасс темір жол құрылысында инженер-құрылысшы болып еңбек етті. Мемлекеттік, қоғам­дық қызметпен қоса әдеби-ғылыми шығар­машы­лықпен айна­лы­сып, сол кез­де шығып тұрған қазақ, орыс тілдеріндегі көптеген газет-журналдарда саясат, шаруа­шылық, ел ісі, мәде­ниет, әде­биет, өнер, тарих мәсе­лелерін сөз еткен мақала­лары жарияланды. Көркем әңгімелері де жарық көрді. Оның “Жастармен әңгіме” (Орынбор, 1925 ж.), “Ұлт театры туралы” (Қызыл­орда, 1926 ж.), “Қазақстан­дағы халық ағар­ту мәсе­лелері” (Қызылорда, 1927 ж.) деген үлкенді-кішілі кітап­тары жарық көрді. Сондай-ақ Қазақстандағы ұл-азат­тық көтеріліс пен Қазан төң­керісінен кейінгі ел өмі­рін арқау еткен “Сәрсен­бек” атты романы да бар. “Сал­мақ­бай, Сағындық” (1923 ж.), “Күміс қоңырау” (1927 ж.) повестері қазақ әдебие­тін­дегі проза жанрын дамы­туға қосылған үлес болып табылады.

С.Сәдуақасов біздің ба­сы­лымды екі рет (І.1921 ж. – ІІ. 1921 ж. және І. 1925 ж. – ІV. 1926 ж.) басқарған кісілердің бірі.

Смағұл Сәдуақасовтың бү­кіл қайраткерлік, азамат­тық болмысы жарқырай та­нылған кезең 1925-1927 жыл­дар еді. Бұл кезде ол рес­публика халық ағарту комис­сары, әрі өлкелік партия комитетінің бюро мүшесі болды. Бұл кезең сонымен бір­ге Ф.И.Голощекиннің Қазақ­стан өлкелік партия комитетін басқару кезімен дәлме дәл келеді.

С.Сәдуақасов мен Ф.Го­ло­щекиннің арасындағы келіс­пеушілік, қақтығысты тарихшылар төрт түрлі мәселеден сабақтап жүр. Олар біріншіден, меке­мелер­дегі іс қағаздарын қазақы­лан­дыру, екіншіден, қазақ­тың оқыған, көзі ашық зия­лы қауы­мына деген көзқарас, үшін­­шіден, байлар мен орта­шаларға деген көзқарас, төр­тіншіден, өнеркәсіпті дамыту.

Асыл азамат 33 жыл ға­на ғұмыр сүріп, 1933 жылы Мәскеу-Донбасс темір жол құрылысындағы апатта қай­тыс бол­ды.

© 2010 Егемен Қазақстан газеті · RSS тізбектері:МақалаларПікірлер · Сайтта жарияланған материалдарды сілтемесіз көшіруге болмайды.