Сәкен СЕЙФУЛЛИН (1894-1939)

С.Сейфуллин бұрынғы Ақмола уезіне қарасты Нілді болысында (Қарағанды об­лысы, Жаңаарқа ауданының бірінші ауылы) өмірге келген. Әкесі Сейфолланың үй ша­руа­шылығы жүдеу-жа­даулы, бірде аш, бірде тоқ оты­ратын халде болған. Сәкен әуелі ауылда Ағаш аяқ атты молдадан хат танып, 1905 жылы Нілді (Успенский) мыс қорыту зауытындағы орыс-қазақ мектебіне тү­седі. Мұнан кейін Ақмо­ла­дағы приходская мектебінде екі жыл, қалалық училищеде үш жыл оқиды.

1913-1916 жылдары Ом­бы қаласындағы оқытушылар семинариясын бітіріп, Ақмола уезіндегі Сілеті-Бұғылы ауылдық мектебіне мұғалім болып орналасады. Арада бір жыл өткен соң Ақмола қа­ласына келіп, саяси-қоғам­дық жұмыс­тарға белсене араласады. 1917 жылы қазақ комитеті құрылғанда Сәкен әуелі орынбасар, біраздан кейін оның бастығы болып сайланады. “Жас қазақ” ұйымын құрып, “Тіршілік” атты газет шығарады.

1917-1918 жылдар Сәкеннің саяси-қоғамдық істерге жігерлі араласуымен бірге, шығармашылық жұ­мыстарының да өрлей бас­таған тұсы. Ақмола қала­сында Кеңес үкіметі уақыт­ша құлаған кезде Сәкен Сов­дептің бір топ басшы­ларымен бірге тұтқынға алынып, атаман Анненков­тың азап вагонында, Омбы­ның тұтқын лагерінде бо­лады. 1919 жылы жолдаста­рының көмегімен тұтқыннан қашып шығып, ел арасында әртүрлі қызмет атқарады. 1920 жылы Қазақ автоно­миялы республикасын құру туралы тұңғыш Құрылтай съезіне дайындық қарсаңында Сәкен Қазақ өлкесін басқа­ратын ревком құрамына кір­гізіледі. 1920 жылғы 4 қазан­да өткен Қазақстанның Советтер съезінде Сәкен Сейфуллин Қазақстан Орта­лық Атқару комитетінің президиум мүшесі болып сайланады.

1922 жылдың көкте­мінде Сәкен қасына бір топ серіктестерін алып, Бетпақ­дала арқылы Түркістан еліне өтіп, Ташкентке барады. Орынборға қайтып келісі­мен “Еңбекші қазақ” газе­тінің редакторлығы мен Оқу халық комисса­риатының орынба­сар­лығына тағайын­далады. Сол жылы күзде Қазақстан Халық ко­миссар­лар сове­ті­нің төр­аға­лығына және Бүкілодақ­тық атқару комитетінің мүшелігіне сай­ланады. “Сә­кеннің Орынбор дәуіріндегі творчестволық өміріндегі елеулі жұмысы Совет бағытындағы жас талапты ақын-жазушы­ларды, журна­листерді өзі басқарып отырған “Еңбекші қазақ” газетінің айналасына топ­тастыра білуі, – деп жазады ғалым Есмағамбет Ысмайылов өзінің “Рево­люционер ақын” деген еңбегінде. – Бұл ретте ол жас Сәбит Мұқановтың әрі оқып білім алуына және қаламы төселмеген кездегі алғашқы шығармаларын газет бетіне жариялап, қамқорлық көрсетуі қазақ совет әдебиетінің таңы атып келе жатқан дәуірдегі ең ізгі үлгі дәстүр еді. Сә­кеннің қол­дауымен Шолпан Иманбаева, Жақан Сызды­қов, Мәжит Дәулетбаев, Сабыр Шарипов, Рахымжан Малабаев, Қайып Айнабеков, Аманғали Сегіз­баев, Таутан Арыстанбеков және басқа­лары ең алғаш әдеби твор­честволық жұ­мысқа ара­ласады. Бейімбет Майлин, Кенжеғали Абдул­лин, Молда­ғали Жолдыбаев, Нәзипа Құлжанова сияқты бұрын қаламы төселген жазушы, журналистерді газет жұмы­сына тартып, революциялық бағыттағы шығармаларын үздіксіз басып, советтік ақын-жазушы­лардың тобын көбейтіп, позициясын ны­ғайтуға мүм­кіндік тудырып отырды”.

1925 жылы Сәкен жа­уап­ты қызметтерден боса­нып, бірыңғай жазу жұмы­сымен айналыса бастайды. Арагідік жоғары оқу орын­дарында сабақ та береді. 1930-1937 жылдары Алма­тыдағы Абай атындағы педагогикалық институтта қазақ әдебиеті тарихынан лекция оқиды. Әдеби шығар­малары орыс тіліне аудары­лып, кітап болып шығып жатады. Қазақ әде­биетін өркен­де­тудегі еңбегі бағала­нып, Еңбек Қызыл Ту ордені­мен марапатталады.

Кезінде “Қызыл сұңқар” атанып, Кеңес үкі­метін орнатуға белсене атсалысқан Сәкен Сейфуллин де қызыл қуғын-сүргіннен қашып құты­ла алмады: ақын жазықсыз тұтқындалып, 1939 жылғы 9 қазанда ату жазасына кесілді.

© 2010 Егемен Қазақстан газеті · RSS тізбектері:МақалаларПікірлер · Сайтта жарияланған материалдарды сілтемесіз көшіруге болмайды.