Тұрар РЫСҚҰЛОВ (1894-1938)

Верный уезіне қарасты Шығыс Талғар болысының (қазіргі Алматы облысы) түлегі. Әкесі Рысқұл Жыл­қайдаров 1904 жылы жел­тоқсанда патша үкіметінің зорлық-зомбылығына қарсы шыққаны үшін он жыл ка­торгалық жұмысқа кесіліп, Сахалинге жер аударылады. Он жасар Тұрар да Верный­дағы түрмеде әкесінің қасында болады.

Жастайынан Тұрар жал­­шылықта жүріп, бай­лардың малын бақты. 1907 жылы Қырғызбаев деген жалған тек алып Меркідегі бұра­таналарға арналған орысша-қазақша бастауыш мектеп­ке түседі. 1910-1914 жыл­дары Бішкектегі ауыл­ша­руашылық мектебінде оқи­ды. 1916 жылы Таш­кент­тегі мұғалімдер инсти­тутына қабылданады. Бірақ оны аяқтай алмайды. Қа­зақстан мен Орта Азияда ұлт-азаттық көтерілісі бұрқ ете қалып, Т.Рысқұлов соған белсене атсалысады. Әулие­атадағы көтерілістің ұйымдастырушысы ретінде тұтқынға түседі. Одан құтылып шыққаннан кейін де өзінің идеялық мақсаты­нан айнымайды.

1917-1918 жылдары Әу­лие­ата уездік Совдепі ат­комының төрағасы болады. Одан әрі Түркістан денсау­лық сақтау халкомы, Түркіс­тан ОАК төрағасының орын­басары, төр­ағасы, РСФСР Ұлт істері комис­сариатының қызметкері, алқа мүшесі, хал­комның екінші орынбасары болып істейді.

1924-1926 жылдары Коминтерн АК Орта-Шығыс бөлімі меңгерушісінің орын­басары, сонымен қатар 1924 жылдың ортасынан 1925 жылдың шілдесіне дейін Коминтерннің Моңғолиядағы уәкілі, 1926 жылы БК(б)П Қа­зақ өлкелік комитеті бас­­пасөз бөлімінің меңге­рушісі және өлкелік “Еңбекші қа­зақ” газетінің жауапты редакторы қызметтерін атқарды. 1926 жылдың маусымынан 1937 жылдың шілдесіне дейін РСФР хал­комсовы төрағасының орын­басары болып, репрессияға ұшырады.