Тәмимдар САФИЕВ (1892-?)

Кезінде “Социалистік Қазақстанның” (“Егемен Қазақстан”) елу жылдық мерекелік арнаулы қосым­шасында (1970 жыл, жел­тоқсан) көпті көрген көне­көз қарт журналист Мерғали Ешмұхамбетовтің “Ұш­қыннан” жалын лау­лайды” деген естелігі шығып, онда автор 1919 жылдың соңына таман Орынборға келіп Кир­ревкомның кезекті мәжі­лісіне қатысқанын жазған еді. Сонда мынадай сөйлемдер бар: “… Киррев­комның залына көп адам жиналды.Ревком мү­шелері, басқа да қызмет­керлер көп-ақ. С.Меңдешев мәжілісті ашып, қысқаша сөз сөйледі. “Енді газетсіз болмайды, Совет үкіметінің саясатын елге түсіндіріп, ол саясатты іс жүзіне асыру үшін халыққа үгітші, жар­шы болатын құрал керек”, деді ол… Көп ұзамай баспасөз секциясы құрылды. Оған және газет редакциясына үй-жай берілді. Редакциялық коллегия құрылды, қате­леспесем, редколлегия бас­тығы Тәмимдар Сафиев болып тағайындалды. Бұл кісі қазақша, орысша жақсы мағлұматы бар адам екен. Бөкейде 1918 жылы газет шығаруға қатысқан, басқа жауапты қызметтерде бол­ған. Осы күні Москвада тұ­рады, орысша-қазақша сөздікті шығаруға атса­лыс­ты. Қазір қарақалпақ әде­биетімен, энциклопедия шы­ғару ісімен шұғылданып жүр деп естимін. Ред­коллегия мүшелігіне Бернияз Күлеев, Әмірғали Меңешов, Тұн­гашин (кішісі) және бас­қа­лары (есімде қалғандары) тағайындалды. Кирревком мүшелерінен бірер адам өтті. Мен және Әміржан Қара­таев әдеби қызметкер болдық”.

“Ардагердің қателесуі әбден мүмкін, деп жазады” әріптесіміз Тілекқабыл Боранғалиев осының алдында ғана өзіміз сөз етіп кеткен мақаласында (“Ұшқынның” редакторы болдым…” 1997 ж. 22 ақпан), өйткені Бер­нияздың шақыруымен қыз­метке қырдағы ауылдан жа­ңа ғана келген жас Мер­ғалидің “Ұшқынның” алғаш­қы нөмірлеріне тікелей кім басшылық жасағанын білмеуі айып емес. Әсіресе, мұны елу жылдан кейін еске түсірген жағдайда”.

Демек бұл кісінің де Х.Есен­баевпен бірге “Ұшқын­ның” алғашқы нөмірлерінің шығуына тікелей басшылық жасағанына күдік келтіруге болмайды.

Архивте Бөкей губерния­лық партиялық тазалау жө­ніндегі комиссия отыры­сының 1921 жылғы 14 қара­шадағы хаттамасы сақтал­ған. Онда 1919 жылғы қа­рашадан РК(б)П мүшесі Т.Сафиевтің “ұлтшыл­дық­тың тұрпайы түрін көрсете жүріп пар­тиялық жұмыста белсенділік таныт­пағаны үшін” сыннан өткізіп, қайыра қабылдау құқымен партиядан шыға­рылғаны (БҚОМА, 19 қор, 1-тізбе, 207 іс, 28-парақ) айтылған.

Т.Сафиев 30-шы жыл­дары Қазақстанның құра­мындағы Қарақалпақ округі­нің ресми басылымында ең­бек еткен деген дерек бар. Кейін Мәскеуге кетіп, сонда тұр­ған. 70-ші жылдары қайтыс болған сияқты. Бірақ нақты уақыты бел­гісіз.

© 2010 Егемен Қазақстан газеті · RSS тізбектері:МақалаларПікірлер · Сайтта жарияланған материалдарды сілтемесіз көшіруге болмайды.