Х.Есенбаев Орал өңірінде (Казталов ауданы, Ағашүй ауылы) өмірге келген. Ауылдан хат танып, кейін Орынбордағы Құсайын медресесіне түседі. Сөйтіп мұғалім мамандығын алып шығады.
1919 жылдың 21 ақпанынан РК(б)П мүшесі. Бөкей губаткомының делегаты ретінде Қазақ АССР құрылтай съезіне қатысқан. “Киргизская правда”, “Дұрыстық жолы” газеттері мен “Мұғалім” журналының алқа мүшесі болған.
1919 жылы Қазақстанда маңызды оқиғалар көп болды. Кеңес өкіметінің В.И.Ленин қол қойған декреті бойынша Қазақ өлкесін басқару жөніндегі революциялық комитет құрылды. Осыған орай Кирревкомның баспасөз органын ашу мәселесі күн тәртібіне қойылды да, 1919 жылғы 17 желтоқсанда өлке астанасы – Орынборда “Ұшқын” газетінің бірінші нөмірі жарыққа шықты.
“Егемен Қазақстанның” (“Ұшқын”) алғашқы редакторының атын анықтап табуда кезінде осы басылымда еңбек еткен, белгілі журналист Тілекқабыл Боранғалиұлы көп ізденді. Ол өзінің 1997 жылы 22 ақпан күнгі газетімізде жарияланған “Ұшқынның” редакторы болдым”… деген мақаласында Халел Есенбаев туралы тың деректер келтіреді. Орал архивінен алынған ол құжатта Х.Есенбаевтың өз қолымен толтырылған анкета жауаптары мен 1919 жылдың қазан айында өткен Кирревком мәжілісінен хаттама да бар. Автор жиналыс қаулысынан үзінді келтіре отырып, “Ұшқын” газетін басқару үшін бес адамнан (Халел Есенбаев, Ешмұхамед Бегалиев, Тәмимдар Сафиев, Әмірғали Меңешев, Бернияз Күлеев) алқа мүшесі сайланғанын жазады. Әйтсе де ең басты дәлел Х.Есенбаевтың 1923 жылы өзі толтырған анкета жауаптары болса керек. Онда былай деп жазылған: “Работал чл. редколлегии орг. Букгубисполкома “Киргизская правда”, “Дурустук жолы”, журнала “Мугалим” (“Учитель”), редактором органа Киркрай Ревкома “Ушкун” (“Искра”) – в 1918 и 1919 годах, орг. Букгубкома “Энбек” (“Труд”), перевел на киргизский язык Конституцию РСФСР и т.п.”
Журналист осы деректерді дәйектей келіп, “Егемен Қазақстанның” 20-30 жылдардағы редакторлары Т.Сафиев, Ә.Байділдин, Т.Жүргенов, С.Сейфуллин, С.Сәдуақасов, Т.Рысқұлов, О.Исаев, Б.Майлин, Ғ.Тоғжанов, Ғ.Мүсірепов сынды белгілі азаматтар еді. Бүгін олардың қатарына Халел Есенбаевты қосқан жөн болар”, деп жазады. Бұл ұсынысқа біз де қол көтереміз.
Х.Есенбаев 30-шы жылдары Алматыдағы ағарту комиссариатында жауапты қызметте болған. Одан кейін бірсыпыра облыстық ағарту бөлімін басқарды. Бүкілқазақстандық ІІ Кеңестер съезінде ҚАССР Орталық Атқару комитетіне мүшелікке кандидат, ал 1936 жылы оның мүшесі болып сайланды. Ағарту комиссариаты басқармасын басқарды.
Х.Есенбаев 1938 жылғы саяси қуғын-сүргіннің құрбаны болды.