Ғаббас ТОҒЖАНОВ (1900-1937)
Ғ.Тоғжанов қазіргі Солтүстік Қазақстан облысы Уәлиханов ауданындағы Жарқын ауылында Сәдуақас бидің отбасында дүниеге келген. Дәулетті әке баласын әуелі өз ауылындағы молдаға беріп, одан кейін Омбыдағы жоғары бастауыш училищеде оқытады. Ал 1916 жылы Чумикиннің жекеменшік гимназиясына ауысып, алтыншы сыныпты тәмамдайды. Міне, осы кезден бастап Ғаббас қоғамдық-әлеуметтік істерге араласып, “Бірлік” және “Жас азамат” қауымдарының жұмысына белсене атсалысады.
Бұрынғы Қазақстан Компартиясы Орталық Комитеті жанындағы Партия тарихы институтының, қазіргі республика Президенті мұражайында Ғаббас Тоғжановтың өз қолымен жазған толық өмірбаяны сақталған. Онда Ғаббас “Мен 1918 жылға дейін Омбы қаласында қазақ жастарының ұлт-азаттық қозғалысына қатыстым. 2-3 жылдай жиналыстарға қатысып, ұсақ тапсырмаларды орындап жүрдім” (141-қор, 1313-іс, 309-бет) дейді. С.Сейфуллиннің “Тар жол, тайғақ кешуінде” “жалпы қазақ жастарының съезінде” Ғаббастың К.Кемеңгеров, С.Сәдуақасовтармен бірге болғаны баяндалған (179-бет). “Бір ескерте кетер жәйт, деп жазады профессор Тұрсынбек Кәкішев, “Өз кезеңінің перзенті” деген мақаласында (“Егемен Қазақстан”, 22 ақпан, 2000 жыл), Смағұл да 1900 жылы Сәдуақас байдың отбасында Жарқын ауылында туған түйдей құрдасы”. 1919 жылы Омбыда Кеңес өкіметі қайта орнағанда Ғаббас комсомол қатарына өтіп, РКСМ-ның Сібір бюросы жанындағы қазақ-татар секциясының хатшысы және қазақ жастарына арналған “Еңбекшіл жастар” газетінің редакторы қызметін атқарады.
1920 жылы большевиктер партиясының мүшелігіне қабылданады. 1920-1922 жылдары Петропавл қаласында Ақмоланың губерниялық төтенше комиссиясының (губчека) әуелі хатшысы, жалпы бөлім бастығы, алқа мүшесі болды. Ақ бандылар көтерілісін басқан кезде 1921 жылы аз ғана уақыт трибуналдың көшпелі сессиясының мүшесі де болған.
1922 жылдың күзінде Ташкент қаласына келіп, Орта Азия университетінің қоғамдық білімдер факультетінің бірінші курсына оқуға түседі де “Жас Алаш” (бұрынғы “Лениншіл жас”) газетінің жауапты редакторының орынбасары қызметін қоса атқарады. 1923 жылдың басында Мәскеу қаласындағы Плеханов атындағы халық шаруашылығы институтының экономика факультетіне ауысып, оның екі курсын тәмамдайды. 1923-1924 жылдары институтта оқи жүріп, Ұлттар ісі халық комиссариаты жанындағы Орталық Күншығыс баспасының қазақ секциясының хатшысы болады. Мәскеуде оқып жатқан қазақ студенттерінің жерлестік ұйымының жұмысына белсене араласып, әдебиет, әлеумет мәселелері туралы өзінің пікірлерін сол кездегі қазақ тілінде Мәскеуде шыққан “Темірқазық” журналына жазып отырған.
Ғ.Тоғжановтың идеялық-эстетикалық көзқарасының қалыптасуына РК(б)П Орталық Комитетінің баспасөз бөлімінің нұсқаушысы болып (1924-1926 жылдары) істеуі көп рөл атқарды. Осы кезеңде ашылған әдеби-мәдени басылымдардың (“Жаңа мектеп”, “Лениншіл жас”, “Әйел теңдігі”) қалыптасуына да елеулі үлес қосты.
1926 жылдың екінші жартысында Өлкелік партия комитетінің талабы бойынша ол республикаға қызметке ауысты. Өлкелік комитеттің баспасөз бөлімінің меңгерушісі (1926-1928 ж.ж.) және “Еңбекші қазақ” газетінің жауапты редакторы (1925 – 1932 ж.ж.) міндетін қоса атқарды. Өлкелік партия комитетінің мүшесі және Өлкелік комитет бюросының мүшелігіне кандидат, Қазақстан Орталық атқару комитетінің мүшесі болып сайланды.
Ғ.Тоғжанов редактор болып тұрған тұста “Еңбекші қазақ” газетінде Жақан Сыздықов, Ғаббас Сыланов, Ғали Орманов, Бейсембай Кенжебаев, Жайық Бектұров, Жұмаш Еленов, Ахмет Елшібеков, Құлмырза Өтепов, Зияш Алдабергенов, Қадыр Тайшықов, Несіпбай Манашев, Әйтеке Мусин, Қаскей Өтекин, Аманғали Сегізбаев, Рахым Сүгіров, Зарап Темірбеков, Шәймерден Тоқжігітов, Сейділда Төлешов сынды журналист-публицистер тәрбиеленіп шықты. Бұл – газет үшін де, оның редакторы үшін де үлкен абырой.
Ғ.Тоғжанов та 1937 жылғы қызыл қырғын құрбаны болды.
