Ғабит Махмұтұлы қазіргі Солтүстік Қазақстан облысы, Жамбыл ауданы Жаңажол ауылында өмірге келген. Қазақ әдебиетінің классигі, қоғам қайраткері, Социалистік Еңбек Ері.
Жастайынан ауылда арабша оқып хат таныған. 1916 жылы екі класты ауылдық орыс мектебінде, сонан соң төрт жылдық мектебінде дәріс алған. 1923 жылы Орынбор қаласындағы жұмысшы факультетіне түсіп, оны 1926 жылы бітіріп шығады. Мұнан кейін Омбыдағы ауыл шаруашылығы институтында оқиды. 1928 жылы Бурабай орман шаруашылығы техникумында оқытушы болып істейді. Жазуға деген құштарлығы осы жерден басталады.
30-шы жылдары қоғамдық жұмыстарға белсене атсалысады. Баспа орындарында, кеңес, партия мекемелерінде жауапты қызметтер атқарады. 1934 жылдың наурызынан 1936 жылдың маусымына дейін “Социалистік Қазақстан” газетінің бас редакторы болып істейді.
1938-1955 жылдар аралығында бірыңғай жазушылық жұмыспен шұғылданады. 1955-1966 жылдары – “Ара” журналының бас редакторы, Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының бірінші хатшысы. 1958 жылдан бастап КСРО Жазушылар одағы басқармасы хатшыларының бірі, Лениндік және Мемлекеттік сыйлықтар жөніндегі Бүкілодақтық комитетінің мүшесі болды.
Ғ.Мүсіреповтің еңбегі орасан. Бәрінен бұрын жұртшылық оны қазақ әдебиетінің проза, драматургия салаларының дамып, көркеюіне өзінің құнды туындыларымен зор үлес қосқан үлкен жазушы деп таниды, көркем сөздің шебері, зергері деп біледі.
Ғ. Мүсірепов 1984 жылы қайтыс болды.