Газеттің жиырма төртінші редакторының өмірбаянын баяндамас бұрын, қызықты бір дерек келтіре кетелік.
“…Отыз жеті жыл ішінде мен жеті редактормен істес болдым, – деп еске алады “Социалистік Қазақстанның” 80-ші жылдарғы бас редакторларының бірі Балғабек Қыдырбекұлы өзінің “Жетпіс бестің отыз жетісі” деген мақаласында (“Егемен Қазақстан”, 1994 жылғы 8 желтоқсан). Соның ішінде мақаланы ішек-қарнын ақтарып қарап беретін бір редактор елу екінші жылдың күзінде келген Ғұмар Аққұлов болатын. Ол да Орталық Комитеттен келді. Ол жаққа бізден партия тұрмысы бөлімінің меңгерушілігінен баспасөз секторының меңгерушісі болып барған-ды. Бөлімде жүргенде бір бөлмеде отыратынбыз”. Бәкең бастығының тағы да біраз қызықты мінезін айта келіп, Ғұмар Аққұловтың Батыс Қазақстан облысының Орда ауданындағы Жетібай деген ауылдан екенін, бірақ оның паспортсыз (төлқұжатсыз – авт.) жүретінін, себебі кезінде Қытайда халықтық өкімет орнату жолында жасырын жұмыста болғанын жазады.
Әйтсе де біз мұражай құжаттары мен сол кездегі шыққан кейбір газет-журналдарды ақтара отырып Ғ.Аққұловқа қатысты біраз деректер таптық.
Ол Батыс Қазақстан облысының Жетібай ауылында кедей шаруаның отбасында өмірге келген. 1930 жылдан бастап мәдени-ағарту салаларында жұмыс істей бастайды. Бастауыш мектеп меңгерушісі, зауыт-фабрика оқуы мектебінің қызметкері болып істейді. Кейін комсомол, партия қызметтеріне ауысады.
1936 жылы Ғ.Аққұлов республикалық “Социалистік Қазақстан” газетінің редакциясына жұмысқа келеді. Мұнда 1950 жылға дейін әдеби қызметкер, мектеп бөлімінің меңгерушісі, жауапты хатшы және партия тұрмысы бөлімінің меңгерушісі болып қызмет атқарды. 1950 жылдан 1952 жылға дейін Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің аппаратында баспасөз және баспа секторының меңгерушісі болып істейді.
1952 жылы ол “Социалистік Қазақстан” газетінің жауапты редакторы қызметіне жоғарылатылады және екі рет Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің мүшесі болып сайланды. Осылайша Ғ.Аққұлов біздің газетке 1955 жылға дейін басшылық етеді.
1955 жылдан өмірінің соңына дейін ол Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің жанындағы Партия тарихы институтының аға ғылыми қызметкері болып істеді. Осы жерде жүріп марксизм-ленинизм классиктерінің шығармаларын қазақ тіліне аударуға белсене қатысты.