Қасым ШӘРІПОВ (1912-1984)

Қ.Шәріпов Қызылорда облысының Тереңөзек ауда­нының түлегі. Жастайынан еңбекке араласып, түрлі бас­қыштардағы оқуды да ойда­ғыдай аяқтаған ол журна­лис­тикаға жас кезінен ара­ласады. 1929 жылы “Ленин­шіл жаста” (қазіргі “Жас Алаш”) әдеби қыз­меткер, бө­лім меңгерушісі болып іс­тей­ді. Сонан кейін Мәскеудегі мемлекеттік кинемато­гра­фия институ­тының жұмыс­шы факульте­тін (1930-1931 ж.ж.) бітіріп, сол оқу орны­ның әдебиет-сценарий фа­культетінде де оқиды (1931-1933 ж.ж.).

Ұлы Отан соғысы бас­талғанға дейін қайтадан жур­налистика саласында ең­бек етеді, партиялық ба­сылымдарда, Партия тарихы институ­тында жауап­ты қызметтер атқарады. Со­ғысқа қатысып, И.В.Пан­филов атындағы 8-гвар­диялық дивизияның рота по­литругы, майдандық газет­тердің редакторы болады.

1946-1974 жылдары Қа­зақстан КП Орталық Коми­теті жанындағы Партия тарихы институты дирек­торының орынбасар болып жүріп, В.И.Ленин шығарма­ларының 35 томын қазақ тіліне аудару ісін басқарды, Қазақстан КП Орталық Комитетінің ғылым және мәдениет бөлімі меңгеру­шісінің орынбасары болды, “Социалистік Қазақстан” газетінің редакторы, ҚазТАГ директоры сияқты лауазым­ды қызметтерді атқарды.

Қасым Шәріпұлы біздің газетті басқаруға (1949 жылдың наурызынан 1951 жылдың желтоқсанына дейін және 1955 жылдың тамызы­нан 1960 жылдың қыркүйегіне дейін) екі рет келіп, екі рет кеткен кісі. Мұндай оқиға өте сирек. Оның алғаш рет қызметтен босатылуы тура­л­ы шәкірті Балғабек Қыдыр­бекұлы өзінің “Жетпіс бестің отыз жетісі” деген еңбегінде былай деп жазады: “Елу бірінші жылдың қыркүйегінде Қасым Шәріпов орнынан босады. Оған негізгі себеп деп тапқаны: қазақ тарихына жазған сынында Кенесары Қасымовты мақ­тады деген айып тағылды… Қ.Шәрі­повті орнынан босат­ты. Бірақ ол қаулының (Қ.Шә­ріповті орнынан алу жөнін­дегі) жүзеге асуы тура үш жарым айға созылды. Өйт­кені, редактордың жал­ғыз кінәлі еместігіне Мәскеу көңіл аударды”.

Осыларды айта келіп, Бәкең Қ.Шәріповтің Қазақ­стан басшылығына П.К.По­но­маренко мен Л.И.Брежнев келген соң, яғни 1955 жыл­дың жазына таман қай­тадан “Социалистік Қазақ­станды” басқаруға жіберіл­генін жа­зады.

Қазақ баспасөзінің қара шаңырағының төрінде та­лай марқасқалар отырды ғой. Қ.Шәріпов сондай мық­ты редакторлар­дың бірі болды. Ол Қа­зақс­тан Ком­партиясы 4, 8, 10 съездерінде Орталық Комитет мүшесі, 12, 13 съездерінде Тексеру комис­сиясының мүшесі болып сай­ланды. Бірнеше рет Жо­ғарғы Кеңестің депутаты болды. Қазақстан Журналис­тер одағы басқармасының төр­ағасы (1959-1971 ж.ж.), КСРО Журналистер одағы басқармасының хатшысы (1960-1971 ж.ж.) қызмет­терін де атқарды. ІІ-дәре­желі Отан соғысы, Еңбек Қызыл Ту, Құрмет Белгісі ордендерімен және бірнеше медальдармен марапат­талған.

© 2010 Егемен Қазақстан газеті · RSS тізбектері:МақалаларПікірлер · Сайтта жарияланған материалдарды сілтемесіз көшіруге болмайды.