Ұ.Бағаев Алматы облысындағы қазіргі Райымбек ауданының түлегі. 1952 жылы Қазақ мемлекеттік университетін бітірген соң “Социалистік Қазақстан” газетіне әдеби қызметкер болып орналасады. Осы жерде он жылдай еңбек етіп, бөлім меңгерушілігіне дейін өседі.
1962-1969 жылдары ол Қызылорда облыстық “Ленин жолы”, Талдықорған облыстық “Октябрь туы” газеттерінің редакторы болып істейді. 1969 жылы “Социалистік Қазақстан” газетін басқаруға келеді. Осы жерде өмірінің соңына дейін бас редактор болды.
Ұ.Бағаев бірнеше жыл Қазақстан Журналистер одағының төрағасы міндетін атқара жүріп, республикадағы журналист кадрларын даярлау ісіне елеулі үлес қосты. “Халық бастамасы – қайнар бұлақ” (1961 ж.), “Дала жұлдыздары” (1970 ж.), “Жан сұлулығы” (1975 ж.), тағы басқа да кітаптары жарық көрген. Еңбек Қызыл Ту, Құрмет Белгісі ордендерімен және бірнеше медальдармен марапатталған. КСРО Журналистер одағы сыйлығының лауреаты. Алматы облысының Райымбек ауданындағы Алғабас ауылында Ұзақ Бағаев атындағы орта мектеп, көше бар. Сол туған жерінде музей-үйі ашылған. Жыл сайын журналистерге берілетін Ұзақ Бағаев атындағы арнаулы жүлде бар.