Әбдірахман БАЙДІЛДИН (1891-1931)
Ә.Байділдин қазіргі Солтүстік Қазақстан облысының Аққайың ауданында өмірге келген. 1917 жылы Омбыдағы мұғалімдер семинариясын бітірген соң “Бірлік” ұйымының мүшесі әрі хатшысы болады. Ақпан революциясынан соң Ақмола облысындағы Қазақ комитетін ұйымдастыруға белсене атсалысады.
1919 жылы Алашорда делегациясымен бірге Уфа мен Самарада өткен кеңестік билікке қарсы күштердің мәжілістеріне қатысады. 1920 жылы РК(б)П комитетінің мұсылмандар семинариясының төрағасы, 1921-1922 жылдары Орынборда Қазақ АКСР Жер комиссариатының алқа мүшесі, “Еңбекші қазақ” газетінің редакторы болып істеген. 1923 жылы Орал облыстық партия комитетінің үгіт және насихат бөлімінің меңгерушісі, “Қызыл ту” газетінің редакторы, 1923-1925 жылдары Мәскеуде Орталық баспаның қазақ секциясының қызметкері, 1925-1926 жылдары Қазақ өлкелік БК(б)П комитеті баспасөз бөлімінің меңгерушісі, ал 1926-1928 жылдары республикалық оқу-ағарту қызметкерлері кәсіподағының төрағасы, сонан соң ҚазМУ-дің оқытушысы болды.
1929 жылы басталған қуғын-сүргін кезінде тұтқынға алынып, 1931 жылы ату жазасына кесілді.
Ә.Байділдин “Алдымыздағы мақсатымыз” (1926 ж.), “Оқытушылар мен кәсіпшілер қозғалысы” (1927 ж.), “Оқу қызметкерлеріне жолбасшы”, “Жаңа әліппе” (1928 ж.) деген еңбектердің авторы.
