11 Тамыз, 2017

Әуестік пен әбестік

1161 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Ана тілімізді шұбарламай сөйлейік, қазақ тілінде сауатты жазайық деп, өзге тілдерден енетін термин сөздерге басымыз қатып жүргенде, мына бір жайт тіліміздің тазалығына ашық нұқсан тигізгелі тұр. Бұрындары көше бойларындағы алабажақ атауларды, сауда үйлері мен түрлі тұрмыстық қызмет көрсету орындарының маңдайшаларындағы бөтен сөздерді түзету мұң болатын. Кейде тіпті оларға көзің түсіп кеткенде өзіңді Еуропаның бір бейтаныс қаласында келе жатқандай сезінетінсің. Бұл жерде нақты мынадай-мынадай орындардың аты деп әрине, ағылшынша атауларды қаздай тізіп көрсетуге болар еді, бірақ одан не пайда? Біздікі көрген-білгендерімізді жұртпен бөліссек деген ой ғана.

Әуестік пен әбестік

Мұны не үшін сөз етіп отырмыз? Өйткені, бұған қазір бірте-бірте көзіміз үйренгені соншалық үн-түнсіз қабылдай салуға дағдыланып бара жатырмыз. Егер ол осы қарқынмен кете берсе, түбі немен бітерін бір Құдай білсін? Бір кездері   көше бойларының ғана қателігі сияқты көрінген бұл «дерттің» біртіндеп жалпы қоғамның денесіне білінбей жайылып кетіп бара жатқанына дабыл қақпай болмайды. Обалына не керек, электронды поштамызға түрлі салалардан күніне сандаған баспасөз парақшалары қазақ тілінде келіп түсіп жатады. Бұқаралық ақпарат құралдарының аузына шайнамай жұта беретіндей етіп дайын мақалаларды жөнелтіп отырған ондағы әріптестерімізге атқарған қыруар жұмыстары үшін алғыстан басқа не айтамыз, әрине. Алайда, айтайын деген әңгімеміз олардың кәсіби шеберлігіне тікелей қатысты болғандықтан әуелі бізді мазалап отырған негізгі мәселеге көшсек пе деймін.

Соңғы уақытта, шынын айту керек, ақпарат құралдарында, әлеуметтік желідегі жазбаларда ағылшынша атаулар егіске ентелеген шегірткедей қаптап кетті. Бұлардың және мұрты бұзылмаған күйі, сол қалпында жарияланып жатқаны кім-кімді де ойға шомдырады. Ал ағылшынша атауларды өзгертпей қабылдай берудің ар жағында ана тілге деген құрметтің, жанашырлықтың азайған белгісі менмұндалап тұрған жоқ па дейсің ғой баяғы.  Бірақ бәрі бірдей олай деу-ден аулақпыз. Мысалы, «ЭКСПО» сөзінің өзін оқырманға түсінікті қаріпке салып алып пайдаланып жатқанымызда, ағылшынша басқа терминдер мен атаулар ондай икемге көне қоймайды деп кім айтады? Қонақ үйлер мен дүкендердің, т.б. орындардың атауларын, қызды-қыздымен кейде көркем туындылар мен фильмдердің аттарын аудар­май, сол күйінде жаза салуға жайбарақат қарайтын болып алдық. Бұлай жалғастыра берсек, жазбаларымызда орысша тіркестер аздай, енді ағылшынша ұзақ-сонар дәйексөздер өріп жүрмесіне кім кепіл?! Тіпті мына түрімізбен Чарли Чаплинді Charlie Chaplin, Уильям Шекспирді William Shakespeare деп адамдардың аттарына дейін түпнұсқадағыдай жазамыз-ау бара-бара. Сол шіркіндер біздің аты-жөндерімізді,  қазақша атауларды өзгертпестен, қазақ қоғамы тұтынып жүрген үлгімен бедерлер болса бір сәрі, мұндай үрдіс әлемдік тәжірибеде ежелден бар тәсіл екен дер едік. Әттең, бірақ олай емес қой.  

Мұндай өрескелдік ағылшынша атаулардың қазақ тілінде бір ізге дұрыс  жүйеленбеуінен орын алып отыр. Ең қауіптісі, баспасөз парақшасында жиі кездесетін ондай кірме сөздерді қымсынбай сол күйінде қонжита салуға соңғы уақытта өзіміз де бейім болып бара жатқанымызды жасыра алмаймыз. Өйткені қай жаққа бағыт түзей бастағанымыз жалпақ жұрттың көз алдында өтіп жатқан жоқ па? «Осындай жағдай тек бізде ғана орын алып отыр ма, жоқ әлде басқаларда да бар жайт па?» деген оймен өзгелердің өміріне көз жүгіртіп көргенімізде, бұл сабазыңыз алыс-жақын елдердің рухани алабын түп-түгел арам шөптей жаулап алыпты. Қайран  қазағымның кең-байтақ даласы-ай! Сырттан келген қонақтың бәріне құшағын айқара ашып, шуағын шашарда сондай кеңпейіл дарқан-ау, көл-көсір-ау. Құдай пейілді ешқашан тарылтпасын лайым деген қазақтың баласымыз ғой қашанда. Алайда, тіліміздің айдынына мұндай жомарттықтың қаншалықты пайдасы бар деп ойланып көрдік пе?  Қазақша судыратып оқып келе жатқанда кенет бөтен қаріп, мүлде бөлек сөз алдыңыздан кесе-көлденең шыға келгенде, тасқа тұяғы сүрінген аттай жарты жолда шоқалақтап қалмайсыз ба? Сондықтан әңгімеміздің соңын патриоттық рухта түйіндегіміз келеді. Әр қазақтың көкірегінде әрдайым оны бөтеннің бөзінен қорғар жауынгерлік рухқа толы қоңырау үні күмбірлеп соғып тұруын тілейміз. Әңгімеміз құрғақ болмас үшін мысалы баспасөз парақшасы арқылы тараған «Mega Silk Way», «EXPO 2017 Football Cup» атауларын алайық. Мұны «Мега Силк Уэй», «ЭКСПО 2017 Футбол Куп, не Кап» деп неге жазбасқа? Олай өзгерткен күнде «Біздің сөзімізді неге олай басқаша жазасыңдар?» деп сырттан біреу-міреу мұнымыз үшін мұқата қоймас.

Шектен тыс әуестіктің аяғы әбестікке, әнтектікке соқтырарын ежелден ер жүрек ата-бабаларымыз айтып кетпеп пе еді? Ал шеттен енген сөздерді қазақшаға аударып беру мәселесіне келсек, бұл одан мүлде басқа арнадағы әңгіме. Біздің бүгінгі айтпағымыз шет тілдерінен енген атауларға барынша абай болу мәселесі. Ана тілдің арасына бөтен сөз бен ажарсыз ажырықты араластырмау. Сонда ол тұнық, мөлдір, таза қалпында сақталады.

Қарашаш ТОҚСАНБАЙ,
«Егемен Қазақстан»