Ауыл • 18 Тамыз, 2017

Алматы облысынан Шығыс Қазақстанға бірнеше отбасы көшіп келді

436 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Мемлекеттік «Нұрлы жол» бағдарламасында ерекше маңыз берілген ішкі көші-қон үдерісін реттеу, еңбек ресурстарының теңгерімдігін арттыру міндеттері Шығыс Қазақстан облысында жүйелі түрде жүзеге асырылып келеді. Жақында халық тығыз орналасқан Алматы облысынан шығыстың шалғайындағы, шекара шебіндегі табиғаты көркем Катонқарағай ауданының Белқарағай ауылына екі бірдей отбасы көшіп келді.

Алматы облысынан Шығыс Қазақстанға бірнеше отбасы көшіп келді

«Елге ел қосылса − құт» демекші, Алтайдағы ағайын Алатау баурайынан келген қос отбасын жылы рәуішпен  құшақ жая қарсы алды. «Алтай деген қасиетті жер ғой. Мұнда көшіп келгенімізге қуаныштымыз. Қолымда екі ұлым бар. Жұмыс жағы жуық арада шешіліп қалатын шығар деп үміт етіп отырмыз. Елдің іші ғой», дейді осыдан бір айдан астам уақыт бұрын Алматы облысының Ескелді ауылынан көшіп келген Кәкен Шери.
Қос отбасы да қазір мемлекеттен көмек алу үшін құжаттарын жинас­тырып жатқан көрінеді. Қытайдың Алтайында дүниеге келген, атажұртқа оралғанына 13 жылға жуықтаған Кәкен Шери құжат жағы реттелгенше қол қусырып қарап отырмайық деп ұлдарымен бірге жол шетіне киіз үй тігіп, өткен-кеткен жолаушыларға қымыз сатуды қолға алыпты. Алдағы уақытта киіз үй ішінен шайхана ашып, аудандағы туризмнің дамуына үлес қоспақ ойы бар. «Өзім балалық шағымды өткерген, өсіп-өнген Қытайдың Буыршын ауданында туризм жақсы дамыған. Әйгілі Қанас көлі де сол маңда. Мұнда жылына 20 мың турист келеді. Жолдың бойы құжынаған халық. Бие байлайды, ұлттық бұйымдар сатады, ұлттық тағамдар әзірлейді. Катонқарағайдың табиғаты ол жерден асып түспесе кем емес. Бұл жерге де жылына жиырма мың адам келіп тұрса аудан бюджетіне салық түсер еді ғой. Көргенімді айтып отырмын. Сол жақтан келдім ғой. Катонқарағайдың шекараға тақау ауылдарында халық саны азайып барады деп естимін. Түсінбеймін, мынадай жерді қалай тастап кетуге болады?  Батыстан, басқа елдерден қаншама адам осы Алтайдың бір жұтым ауасын жұтуға зар болып келіп жатқан жоқ па? Өмір сүргеннен кейін осындай жерде сүру керек қой. Қысы болмаса, Алтай ғажап жер ғой», дейді ол. 
Жетісудан көшіп келген екінші отбасының 5 баласы бар екен. Соның үшеуі мектеп жасында көрінеді. Жастарынан жасамысы көп, шекара шебіндегі Белқарағай ауылының тұрғындары елді мекендегі білім ордасының үш оқушымен толығатынын жақсылыққа балап отыр. Отағасы Айдынбек Жылай Қытайда мал дәрігері болып еңбек етіпті. «Біз де Қытайдың Алтайында тұрғанбыз. Шынын айтқанда, Жетісудың ауа райына үйрене алмадық. Тауда туып, тауда өскенбіз ғой. Бізге осындай табиғат ұнайды»,  дейді бес баланың әкесі.
Белқарағайға қоныс аударған тұрғындардың жағдайымен бізбен бірге танысқан Катонқарағай ауданы әкімінің орынбасары Ренат Құрмамбаев қос отбасының әр мүшесіне мемлекет тарапынан 70 мың теңге көлемінде қаржылай көмек көрсетілетінін, бұл жерде қандай кәсіппен шұғылдануға болатындығын айтып, өзінің ақыл-кеңестерін берді. «Біз сіздерге жұмыс тауып беруге жәрдемдесеміз. Катонқарағайға келімді-кетімді кісі көп. Сондықтан киіз үй тігіп, туризм саласын өркендетпек ойларыңызды құп­таймыз. Қымыздан бөлек, ұлттық бұйымдар жасап, турис­терге са­туларыңызға да болады», – деген аудан әкімінің орынбасары мемле­кеттің көмегімен бір ай тегін оқып, жаңа мамандық игеруге де бо­латынын жеткізді. Оған мүмкіндік бар. Қазіргі уақытта облыс орта­лығы – Өскеменнен арнайы келген ма­мандар кәсіп ашқысы, мал борда­қылау алаңдарын құрғысы келетін аза­маттарға құжат ресімдеу, несие алу, кепілдік қою мәселелерін жан-жақты түсіндіріп, оқытып жатыр.

Азамат ҚАСЫМ, 
«Егемен Қазақстан»

Шығыс Қазақстан облысы,
Катонқарағай ауданы