Қазақстан • 22 Тамыз, 2017

Ең таңдаулы 100 оқулық қазақ тіліне аударыла бастады

1999 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақа­ла­сында алдағы бірнеше жылда гуманитарлық білімнің барлық бағыттары бой­ынша әлемдегі ең жақсы 100 оқулықты әртүрлі тілдерден қазақ тіліне аударып, жастарға дүние жүзіндегі таңдаулы үлгілердің негізінде білім алуға мүмкіндік жасау қажеттігін айтқан болатын. Осыған байланысты Ұлттық аударма бюросы құрылып, жоғары оқу орындарына арналған гуманитарлық бағыттағы жаңа оқулықтар жобасын әзірлеуге кірісіп кетті.

Ең таңдаулы 100 оқулық қазақ тіліне аударыла бастады

Орталық коммуникациялар қызметі алаңында брифинг өткізген «Bilim Media Group» ЖШС  компаниясының негізін қалаушы және басшысы Рауан Кенжеханұлы Мемлекет басшысының тапсырмасына орай  әзірше 20-ға жуық оқу­лық аударылып жатқанын атап өт­ті. «Аударма – күрделі әрі жауапты жұ­мыс. Жоғары оқу орындарының сту­денттеріне арналған оқулықтар қазақ ті­ліне сапалы әрі түсінікті аударылуы керек. Сондықтан осы іске қызығушылық танытқан аудармашыларды, ұстаздарды, әдеби редакторлар мен ғылыми сарап­шыларды арнайы жобаға белсене қа­тысуға шақырамыз. 23 тамыз күні Алма­тыда қазіргі аударма ісінің теория­сы мен практикасына арналған алқалы жи­­ын өт­кіземіз. Жобаға жанашырлық біл­­дір­ген қауымды конференцияға қа­ты­су­ға шақырамыз. Олардың ұсыныс-пі­кір­­ле­рі біз үшін маңызды», дейді Р.Кен­же­­хан­ұлы.

Оның айтуынша, бүгінде ал­ғаш­қы оқу­лықтарды жазуға 90-ға жу­ық маман тартылыпты. Олар­дың дені өз са­ла­­сын жетік меңгерген университет оқытушылары екен. 

Жалпы кітаптар, Президент атап өткендей, тарих, саясаттану, әлеуметтану, философия, психология, мәдениеттану және филология ғылымдары бағытында жарық көрмек. Бұл оқулықтардың басым көпшілігі бұрын-соңды қазақ тіліне, тіпті орысшаға ауда­рыл­маған жаңа ба­сы­лымдар. Атап айтқанда, Грегори Мэн­кьюдің «Экономикс», Джордж Рит­цердің «Қазіргі әлеуметтану теориясы», Эллиот Аронсонның «Әлеуметтік пси­­хологияға кіріс­пе», Реми Хес­тің фи­ло­со­фияға арналған кітап­тар­ы, тағы бас­қа­лар бар.

Қазақ тілінде сөйлейтін кітап­тарға қой­ылатын талап та қатал. Әрбір кі­тап­қа жеке жұмыс комиссиясы құ­рыл­ған. Оқулықтар өмір­шеңдігін дәлел­де­ген, қазір­гі күні әлемнің беделді оқу орын­­­да­рының педагогикалық тәжі­ри­бе­сінде ке­ңінен пайдаланылып келе жатқан, әбден сүз­гі­ден өтіп, бірнеше мәрте бас­падан шы­­ғарылған болуы тиіс.  Сондай-ақ, бел­гілі бір пәннің маз­мұны мен мәнін аша­тын, сол ғы­лымның идея-
лары мен тұ­жы­рым­дамаларын дәл сипаттайтын өзекті  оқу­лық болғаны ләзім.

Бұйыртса,  рухани жаңғыру аясын­да­ғы «Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық. Жаңа гуманитарлық білім» жобасындағы оқулық­тар­дың алғашқы легі 2018-2019 оқу жылында студенттердің қо­лына тиіп, университеттер осы кі­таптармен мамандар даярлай бас­тайды. 

Ал қазақ тіліндегі оқулықтар жобасы­мен танысқысы келетін­дер kitap.kz сайты­на кіріп, ұсыныс-пікірін қалдыруға бо­лады.  
 

Қымбат ТОҚТАМҰРАТ