24 Тамыз, 2017

Ұлттық код һәм қазақтың жады

20947 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Болашаққа бағдар: рухани жаң­­ғыру» атты мақаласында «Әжеп­тәуір жаңғырған қоғамның өзінің тамыры тарихының тереңінен бас­тау алатын рухани коды болады.

Ұлттық код һәм қазақтың жады

Жаңа тұрпатты жаңғырудың ең бас­ты шарты – сол ұлттық кодты сақ­тай білу. Онсыз жаңғыру деге­ніңіздің құр жаңғырыққа айналуы оп-оңай», деп атап өткен еді. 

Жоғарыда Мемлекет басшысы айтып отырған ұлттық код мәселесіне  тоқталсақ, бұл аса терең ұғым. Ұлттық код дегеніміз – ұлттық болмыс. Яғни, бір халықты басқа халықтан ажыратып, танытатын және сол халықтың әлем қауымдастығы алдында басқаға ұқсамайтын таным-түсінігі мен бітім-болмысын айқындап тұратын сипаты. Бұл сипаттың ерекшелігі  – дара халықтың жаратылысындағы айырықша антропологиялық генези­сінен бастап, ғасырлар бойы үзілмей келе жатқан дәстүр-салты, мінез-құлқы, арман-мұраты, тілі мен ділі, тұрмыстық-шаруашылық негіздеріне дейін толық қамти алуында. Бір сөзбен айтқанда, этностың тұтастығын сақтап тұрған кілтінің бүтін болуы. 

Қазіргі жаһандану кезеңінде жойы­лып кетуден аман қалуын ойлаған әрбір халық  алдымен өзінің байырғы рухани-тектік қасиеттерін мейілінше жаңғыртып, осы арқылы заманауи ғаламдық бәсекелестікке төтеп бере алу жағын ескергені жөн. 
Біз бүгінгі жыландай жұтынып тұрған мына ғасырда қазақтығымызды сақтап, ұлт ретінде жойылып кетпей, қалай аман қалмақпыз? Ол үшін ұлттық кодты жаңғыртып, «бүгінгі күн мен жарқын болашақтың көкжиектерін үйлесімді сабақтастыратын ұлт жады­ның тұғырнамасы» керек. Ал ұлттық жады дегеніміз не? Ол сол халықтың бойына біткен аңғарымпаздығы мен сұңғылалық қасиеті. Мысалы, ауыз әдебиетімізде бағзыдан келе жатқан  «Аяз би» атты ертегі бар.  Онда Мадан деген хан қырық уәзіріне «Ең жаман адамды табыңдар!» деп тапсырма береді. Уәзірлердің тауып келгені «жаман адам» болмай шығады. Ол аң­ғарымпаздық, сұңғылалық қасиетке ие әрі ұлттық жадысын сақтаған жан екен.  

Тағы бір мысал, күллі қазаққа аты мәлім Толыбай сыншы жолаушылап келе жатып, анадай жерде құмға көмі­ліп, қуарып жатқан жылқының бас сүйе­гін көзі шалады. Тізгінді тартып тұ­ра қалып «Мынау ерен жүйріктің басы екен, имек тұмсық, бөкен танау, көзі­нің ойындысы терең, жарқабақ, екі жақтың ортасы алшақ, тістері әлі жалтырап тұр, сүйегі қандай асыл еді жануардың. Тұмсығына қарағанда шоқтығы биік, аяғы ұзын, қоянтірсек, серпіні қатты, сіңірлі екен. Құмдауыт, босаң, көбелең жерде бәйге бермейтін, жасы тоғыздан асып, онға қараған шағында өлген екен, жануар. Өлгеніне үш жыл болыпты», депті.
Мінеки, ұлттық жадысы бүлінбе­ген бұрынғы ата-бабаларымыз қу сүйекке қарап-ақ оның қандай жануар болғанын айтып берген. Жоғарыдағы қубас арқылы тұлпарды жазбай таны­ған Толыбай да, ханның іс-әркетінен оның тек-тұқымын біле қойған Жаман да осы «ұлттық код – ұлттық жады» ілімін игергендер.
Қазіргі қазақ осы қабілетінен айы­­ры­лып қалды. Тіпті көз алдында көрініп тұрған дос пен дұшпанды ажыратпайды. Төніп келген дүниенің пайдасы мен зиянын аңғармайды. Қазір еліміз бойынша тергеліп жатқан қылмыстық істердің көбі – алаяқтық. Екі қазақтың бірі «пәтер алып берем», «банктен жеңілдетілген несие әперем...» т.б. алаяқтар уәдесіне алданғандар. Яғни, халықтың бойында өзін-өзі сақтандыратын, терең сұңғылалық қабілеті жойылған.   

Мұндай күйге өзінің байырғы табиғи тек-танымнан айырылған ха­лық ұшырағыш болады дейді, ға­лымдар. Кезінде француз отары болған Марокко елінің тарихшысы Абдулла Лаури өзінің 1967 жылы ағылшын тілінде жарық көрген еңбегінде  «Отарлаушылар біздің ішкі жан-дүниемізді тонап, жаратылыс сыйлаған табиғи таным-қабілетімізден ажыратты. Өзімізді қанша тәуелсізбіз десек те, бәрібір қараңғылық құрсауы­нан құтыла алар емеспіз» деуі қазіргі біздің де душар болып отырған күйдің бір көрінісі іспеттес. Мемлекет басшы­сы мақаласында «ұлттық код – ұлттық жадыны жаңғырту арқылы рухани құлдықтан құтылыңдар» деп тұрған жоқ па?!