05 Қыркүйек, 2017

Жастыққа тән жарасым керек

816 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Мен жастарды жақсы көремін. Танитыным бар, танымайтыным бар, әйтеуір, сырттарынан көз салып, жазғандарына, айтқан ойларына қарап тілеулес болып, қарадай ұнатып, жаныма жақын балап жүремін.

 

Жастыққа тән жарасым керек

Реті келсе көңілімді білдіріп, қол­да­уымды көрсетемін, қуана отырып, қошеметіммен қанат бітіріп, өз па­йымыммен бөлісіп, талапты да талантты жастың беті қайтпай, ұлтына берерін еселей түссе екен деймін. Ал кейде әлде бір тәжірибесіздіктен жа­­саған, жастығымен ойланбай айтып қалғанын көрсем дер уағында жөндеп жібергім келеді. Оны түсініп қабылдаса, кәдімгідей өзіме риза болып қаламын.

Жасқа өршілдік те, максималистік те, тіпті қателесу де тән. Оның жасқа тән жарастылығы бар. Өмірлік тәжірибе, көріп, біліп, ой түю, есею сондайдан басталады. Сондықтан да мен араласатын адамдар арасында жасқа деген шектеу жоқ. Өзімнен үлкендердің бойларындағы білігін жиып, жан дү­ниемді байытып, көргендерінен көңі­лімнің көкжиегін кеңітіп, олардың біріне бірінің қадірінің өткенін көріп сабақ алу бір мектеп болса, кішілер бойындағы албырттықтан, жастықтың зор қуатынан жаныңа өзгеше бір жақсы нұр құйылып жатады.

Бірақ, бүгінгі кей жастан ернеуінен асып төгіліп жатқан менмендікті көр­генде қапа боламын. Толмай жа­тып толдым, болмай жатып болдым деп өздеріне көңілдері қатты толып, тұс­тастары түгіл үлкендерге мен­сінбей көз тастайды. «Ешкім емес» деп өзімен қатарласқа баға бергенде шімірікпейді. Рас, егер шығармашылыққа жуыған адамның көңілінде өз «мені» болмаса, оның деңгейін өзі бағамдамаса ол жолға түсіп те керек емес. Бірақ «ешкім емес» деп айтып отырған адамның өзінің деңгейі қаншалықты? Оны да біреу «ешкім емес» дейтін дәрежеде емес пе?

Қазіргі қоғамда сан түрлі жол бар да, сан түрлі оны жақтаған да, дат­таған да ой бар. Ал сонда өмір көрмеген жастың соған төрелік айтуы қаншалықты дұрыс? Бір сәт кідіріп, осыған менің бірдеңе деуіме бола ма, алдымда қаншама үлкендер бар, сол саланың жілігін шағып, майын ішіп жүрген ғалымдар бар, өз мамандары бар, солардың айтқандарын, жазғандарын көрейін, менің пікір ай­туым артық болар деп ойлау қа­те ме? Қой, жазғаныммен қырын ке­тіп, өзімнің адасқаныммен қоймай өзге­лерді де «шошқаның ізіне» салып жібермейін деп неге ойланбайды екен? Әлде сол, менің жазғаным мен айтқан ойым дұп-дұрыс деген баяғы «менді» тағы да жеңіске иелендіріп жаза берген жөн бе?

Кейде, «шырағым, жастығыңа са­лып үстірт ойлап жазғаныңмен қоғам­ға зияныңды тигізіп алма» деген жа­нашырлығыңды түсінбей қалып жатады. Баяғыда «Қоян сойса да қасапшы сойсын» дегенді еститінбіз. Себебі «Қоянның бойын көріп қалжасынан түңіл» деген бізден үлкендер қоянды місе тұтпайтын. Қазір «Шымшық болса да қасапшы сойсын» дейтін болыпты. Шымшықтың жанында қоянның көп-көрім еті бар. Сәбит Мұқановтың «Өмір мектебі» атты кітабында күнде ауланған бір қоянның етінен бәліш жасалып, қоян етінің екі үйлі жанды қыстан алып шыққаны жазылған еді. Шымшық етінде ондай күш қайда?! Байыбына жетпеу деген осы мақалдың өзін өзгертуден аңғарылып қалғандай ма?

Қазақ егер «Қой асығы демеңіз, қо­ла­йыңа жақса сақа тұт, жасы кіші демеңіз, ақылы асса аға тұт» деген. Олай етпесе, Балаби билік айтып, атқосшы болып барып қонтайшыны сөзден жеңіп тоқтатқан Қазыбек биге сөз тимес еді. Бірақ ол заманда да Қазыбек сынды дүлдүлдер сирек шы­ғып, алқалы жиынды аузына қара­тып топ бастап, ортаға ойландырар сөз тас­тайтын. Мейманасы тасыған жаудың өзіне қасқайып  талап қойып, елдігін білдіріп, темірді ерітер көмір болып, дегеніне көндіріп, өзінің ессізіне де ес кіргізіп,  жұмылдырып жұртын, ағайынын алдырмайтын. Ал қоянды шымшыққа айналдырып жүрген заманда екінің бірі Балабиге, екінің бірі Қазыбекке айналып кетті дей алмаймыз. Албырттықпен айтылған сөз артық кетсе айналасын ойып түсетінін естен шығармай, зардабының көпке тиюінен сақтануды кейінгілер есте ұстаса екен дейсің.

Жастар, ертеңгі өмір сіздердікі. Азғантай сүтті отқа қойып қараусыз қалдыршы, тасып, түбінде тамшы ғана қалуы кәдік. Сіздердің бойларыңыздағы «менмендік» те осы тасиын деп тұрған сүт тәрізді. Дер кезінде отын басып, шып-шырғасын шығармай, әппақ сүтті игілілікке жаратасыз ба, әлде ойран-асыр етіп төгіп, түбіндегі тамшысымен ғана қаласыз ба, өз еркіңіз. Төгілген сүттен өткір иіс шығады, ауа тазартып желдетпесең шықпайтын ол иістен кімге қандай пайда бар? Сол  себепті кеудедегі отты да байқап жағу керек.

Анар ТӨЛЕУХАНҚЫЗЫ,
«Егемен Қазақстан»