21 Қыркүйек, 2017

Өрелі өрен іздеймін

660 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Халқымыз  «Ұлың өссе ұлық­ты­мен, қызың өссе қылықтымен ауылдас бол» деп бекер айтпаған. Өйткені, жа­ңа көктеп келе жатқан жас шыбық қа­тарына қарап бой түзейді, бір-бі­рінің ойын байытады немесе кері әсерімен қисық, қыңыр болып өсуіне де әсерін тигізеді. Қанатты сөз осындайларды көріп ой түйгеннен туса керек.

Өрелі өрен іздеймін

Айтулы азамат мезгілсіз бақиға аттанып, көңіл айтуға жиналған жұрт. Алқа-қотан отырған көпшіліктің үстіне жасы үлкен кісілер келіп кірген. Есіктен еніп, қай жерге отырарын білмей тұрып қалған олар жиналғандарды лезде көзбен шолып өткен. Төрде отырған ақсақалдан кейін біреуі қызметіне, біреу жасына қарай орын тепкендер де, төменірек отырған жастар да жым-жырт. Үлкендер қас-қабақпен-ақ ұғындырып, ақырын ғана кішілерге «Апаларыңды жоғары өткізіңдер», деп Ұлы даланың бабадан келе жатқан жазылмаған заңын айта алмаған. Жастар ілтипат танытпаған жерде не болсын?! Жасы үлкендер жастардың етегін ала жайғасқан. Парықсызға жөн көрсетілмеген, ұлағат айтылмаған...

Осындай жайлармен кездескенде көргенділік мектебінен сабақ өтпеген, үлкен атаулыны сыйлап, ана мен апа қадіріне жете алмай жүргендерге қайран қаласың. Анық, сол жерде қызметі өзінен үлкен жас келсе елп етіп орын ұсынып, «жоғары шығыңыз», деп ілтипатты бола қалады. Сонда қазақты өзгеден ерекшелендіріп тұратын халықтық қасиетінің көмескіленіп бара жатқаны ма? 

Бірде елімізді мекендейтін конфессия өкілдері қатысқан семинарға барғанбыз. Ортаға шыққан протестант әкей жастарға қарап: «Мен тарихи Отаныма жиі барамын. Барған сайын көргенімді көңіліме тоқып, ондағы жастардың беталысынан қорқамын. Өткен жолы туыстарымның балаларын жинап алып, «сендерге Қазақстанда біраз уақыт тұрып, қазақ жастарын көру керек. Олар сендердің қалыптарыңды көргенсіздік санайды, үлкен сыйлауды үйреніңдер», дедім. Сендерден өтінерім, қазақ жастары, осы қалыптарыңды жоғалтып алмаңдаршы. Дала заңына бағынған үлкен мен кіші арасындағы қарым-қатынастарыңыздан өздерін жоғары санайтын елдердің жастары үлгі алсын. Қазақы қалыптарыңыздан ештеңе де артық емес. Өзгеге еш еліктемеңіздер, деп мінберден түсіп кеткен.

Діндар айтса айтқандай, ешқандай құжатпен бекітілмесе де бұлжымай орындалған дала заңында кіші үлкеннен жоғары отырмай, асқа да бұрын қол созбай, асығыс жұмысы бола қалса, дастархан басындағы үлкеннен рұқсат алмастан тұрып жүре бермейтін. Үй толы кісінің қолына су құйғанда кімнен бастайтынын білу, суды мөлшерлеп құю, өзгелерге артын бермей бір қырындай тұру сынды әдеп пен ізетке толы далалық тәрбие өздігінен атқарылып жататын. Дастархан әдебі, отырыс мәні, үлкендердің жастарға берер ұлағаты осылайша кішілердің бойына мысқалдап сіңіп, көргендерімен көңілдеріне мықтап бекіп, ұрпақтан ұрпаққа ішкі рухани әлемінің баюымен мирас болып қалып жататын.

Осы күнгі отырыстардың көңіл көншімейтін тұсы көп. Ас-жиын, тойларда төрге жасы үлкен емес, лауазымы жоғарысы шығып, сөзді де бірінші сол алып мансаптының аузына елді қаратып қою етек алып барады. Төрге озған адам көшелі сөзін, көпшілікке уәжді байламын айтып, ел басқарған біліктілігін көрсетіп, ел-жер аралағанда кеудесіне жиғанын білдіріп, алқалы топты аузына қаратса жақсы, көпшілігінде аузынан шыққан сөздерінен қаншалықты «терең» екендігін байқатып алғанда қарадай қысыласың. Ал сол жиында шенділер көбірек жиналса біткенің. Бірін бірі қайталап, көбік сөзден шар үріп сөйлегенде, іліп алар құнарлы сөз, үлгіге алар тұщымды ой таппайсың.

Туыс адамдардың балалары бір жыл­­ғы төл екен. Бірде солардың бір-бі­рі­мен қаттырақ қалжыңдасып жат­қа­нын көріп анам: «Қайсың үлкенсің?» деп сұрады. «Құрдаспыз, апа», деп жатыр. «Жоқ, оны біліп тұр­мын, бірақ, екеуің бір минут, бір секундте тумаған шығарсыңдар?» «А-а-а, он­да ме­нің 2 айлық үлкендігім бар», деген бірі тұрып. «Қазақта туыс адам­дар­дың ба­лалары бір-бірімен құрдас болып алысып, қал­жың­даспайды, бір аяқ асты бұрын алып ішетін үлкендігің бар екен, ендеше сен бүгіннен бастап ағасың, ал сен соң туғаныңды өзіңнен көр де, бұдан былай аға деп сыйлайтын бол», деп екі інісін лезде тезге салған еді.

Кейде келеңсіздіктерді көргенде анам­ды аңсап кетемін. Аналық, апалық бар мейірімен білгенімен бөлісіп, халықтық қасиеттің кіршіксіз әппақ әлеміне кір жұқтырмай, дақ түспесін деп турасын айтар ақ пейілін сағынамын. Сөйтемін де, маңайымнан жөн сілтейтін есті үлкенді, сол үлкеннің айтқанын артық көрмей, бар пейілімен санасына құйып алатын өрелі жасты іздеймін. 

Анар ТӨЛЕУХАНҚЫЗЫ,
«Егемен Қазақстан»