10 Қазан, 2017

Уақытты үнемдей білген ел ұтады

1129 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Осының алдындағы мақала­мызда Карл Маркстің «барлық үнемдеулердің ақыры уақытты үнемдеуге ұласады» деген данагөй сөзіне сүйене отырып, уақыттың қадірі туралы әңгіме қозғаған едік. Расында да уақыттың қадірі мен бағасы жыл өткен сайын артып келеді. Ал оның бағасын барған сайын арттырып отырған бір фактор, ол – елімізге енгізіліп жатқан жаңа технологиялар. Жаңа технологиялар адамның іс-әрекеті мен қимылын барған сайын алымды ете түсуде. Сол жаңа технологиялардың арқасында бір сағаттың ішінде бұрын бір күнге, тіпті бір аптаға созылатын біраз шаруаны тындыруға болады. Сон­дықтан да қазір заманға сай жетілген адам үшін әрбір күн ғана емес, әрбір сағат уақыт қадірлі.

Уақытты үнемдей білген ел ұтады

Мәселен, қазіргі 1 сағаттың ішінде сіз «Электронды үкімет» қызметін пайдалану арқылы өз үйіңізден шықпай-ақ өзіңізге қажетті анықтаманы ала аласыз. Бизнесмен болсаңыз бұл қызмет арқылы басқа да шаруаларыңызды тындырып үлгересіз. Электронды банк қызметі арқылы бір жерден екінші жерге ақша аударымын жасай аласыз және жалпы интернет арқылы өзіңіз қалаған ұшаққа немесе пойызға үйден шықпай-ақ билет алып, билетіңізді алдын ала тіркеуден өткізіп, баратын қалаңыздағы жататын қонақүйіңізді тауып, түсетін нөміріңізді белгілеп үлгіресіз. Тіпті егер сіз жедел қимылдың адамы болсаңыз осы шаруалардың бәрін атқаруға жарты сағат уақыттың өзі жетіп қалар. Ал ақпараттық технологиялық құралдар дамымай тұрған бұрынғы кезде осы шаруаның әрбірін атқару үшін кемінде 2-3 сағат уақытыңыз кетер еді. Демек, уақыт үнемделген сайын адамның іс-әрекеті мен атқаратын шаруасы да барған сайын алымды бола түсуде.

Бұдан туындайтын қорытынды, алдағы уақытта әрбір адамға, сонымен қатар заң аясындағы кез келген бизнестің иесіне өз уақытын үнемдеп пайдалануға қолайлы жағдай туғыза алған ел ғана заман талабына сай дами алатын болады. Мұның жақсы нышандары біздің елімізде бар. Мәселен, кез келген қала мен аудан орталықтарында жұмыс істеп жатқан Халыққа қызмет көрсету орталығын осының жарқын мысалы деп түсінеміз. Жасалынып жатқан басқа да қолайлы мүмкіндіктер жетіп артылады.

Ал енді қарапайым халық үшін қызмет ететін осы жақсылықтардың барлығы бізге өз аяғымен келіп жат­қан жоқ. Мұның барлығы Елбасы Жол­даулары арқылы күні бұрын белгілен­ген бағытқа, яғни жүргізіліп отырған мемлекеттік саясатқа байланысты орайластырылған шаруалар. Мәселен, жуықта Астанада цифрлан­дыру жөнінде республикалық кеңес өтті. Оған Елбасы қатысып, көптеген құнды пікірлер айтты.

«Біз тәуелсіздік жылдары ішінде әлемнің бәсекеге қабілетті 50 елінің қатарына қосылдық. Қазір дамыған озық 30 елдің қатарына ену міндеті тұр. Ол Қазақстаннан жаңа инновациялық дамуды және жедел технологиялық жаңғыруды талап етеді. Сондықтан мен осы жылдың басында Қазақстан хал­қына арнаған Жолдауымда үшінші жаңғыру жөнінде жарияладым. Оның негізі цифрландыру болып табылады», деді Президент.

Қазір қоғамның әртүрлі топтарында осы цифрландыру мәселесі арагідік талқыланып қалады. Оларда әртүрлі пікірлерді естисің. «Біз қоғамды, эко­номиканы цифрландыру деген дүниеге мүлдем дайын емеспіз» деп жата­ды кейбір азаматтар. «Қалайша дайын емеспіз, егер сол цифрландырудың не­гізі болып табылатын заманауи тех­но­­ло­гиялық құралдардың бірі – смарт­­фон­дар қазір үлкендерді қойып, әрбір мектеп оқушысының қолында жүрсе?!» дегің келеді кейде соларға қарата. Демек, қоғамға цифрлы ақпарат­тық тех­но­логияларды енгізудің алғы­шарт­тары қазірдің өзінде пісіп- жетілген мәселе. Тек енді оған қоғамның өзін дайындау керек. Бұл жайында халықтың техникалық жағынан сауатты болуы өте маңызды екендігін аталған кеңесте Мемлекет бас­шысы атап көрсетті.

«Көпшілік біз енгізбекші болып отырған технологияларды пайдалануды білмейді, оларға соны үйрету қажет. Смартфонды қалай пайдалану керектігін де үйреткен абзал. Сондықтан бізде атқа­ратын жұмыс көп және оны неғұр­лым жиі айтып, насихаттауымыз керек», деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Цифрлы технологияларды қолдануға жол ашқан цифрлы революция дегеніміз не? Ол – қазіргі заманғы ақпараттық-коммуникациялық технологиялардың өндіріс пен қызмет көрсету саласына жаппай енгізілуі. Оны біз қазір үшінші индустриялық революция деп атаймыз. Елімізге оның жетістіктері енген сайын уақыттың бағасы да арта беретін болады. Елбасымыз өткізген жоғарыдағы кеңестің маңызы да осында.