13 Қазан, 2017

Жұмысшы мамандығының мәртебесі жоғары

1040 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Еліміздің еңбек рыногында кәсіби жұмысшы мамандардың тапшы болып келе жатқанына біраз жылдың жүзі болды. 

Жұмысшы мамандығының мәртебесі жоғары

ҮИИД бағдарламасы бойынша елімізде озық технологияларға негіздел­ген бірқатар жаңа өндіріс орындары ашылды. Міне, осыған байланысты сол заманауи өндіріс орындарында жұмыс істейтін өзіміздің білікті жұмысшы кадрларының жоқтығы анық көрінді. 

Жергілікті жастардың осы зауыт-фабрикаларға келіп жұмысқа орналасуы үшін қажетті мүмкіндіктер жасалмаған. Олар біліктілігі жоғары кәсіби жұмыс­шы мамандығын игергеннен гөрі қара базарлардағы жүк таситын ауыр жұмыс­қа жегілгенді оңай көреді. Еліміз­дегі кәсіптік-техникалық білім саласының эконо­микалық өмірден сырт қалуы, еңбек рыногы мен кәсіптік оқу жүйесі арасын­дағы байланыстың үзілуі, жұмысшы мамандарын даярлаушылар мен жұмыс берушілер арасында бір мақсат жолындағы ортақ келісімнің болмауы осындай келеңсіздіктерге жол беріп, уақыт талабына сай техникалық бейімі жоғары кәсіби жұмысшылар даярлауды тығырыққа тіреді.

Осыған байланысты Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев 2015 жылғы желтоқсан айын­да Қазақстан халқына Жолдауында «Әлеу­меттік саясаттағы мемлекеттің ба­сым­дығы адам капиталын дамытуға кең ауқым­ды инвестициялар болуы тиіс. Мен 2017 жылдан бастап жаңа жоба – «Барша­ға арналған тегін кәсіптік-техникалық білім» бағдарламасы басталатынын жария­лаймын», деп атап көрсетті. Сөйтіп еліміз­де тегін кәсіптік-техникалық білім беру жүйесін енгізу аясында еңбек ры­но­гын­а қажетті жұмысшы кадрларды даяр­лау­дың үлесін арттыруда бетбұрыс басталды. Техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарының басты мақсаты еңбек нарығына қажетті мамандарды даярлау, олардың біліктілігін шыңдауға бағытталған шараларды іс-жүзіне асыру болып табылады.

Мемлекет басшысының бастамасымен биылғы жылы іс жүзіне асырыла бастаған жоба екі бағыт бойынша қолға алынды. Бірінші – жұмысшы мамандығын игеруге ниет білдіргендердің барлығының өтіні­шін қанағаттандыру үшін жергілікті бюд­жеттер есебінен оқыту. Бұған қызмет көрсету саласының, ауыл шаруашылығына техникалық және технологиялық қызмет көрсету салаларының мамандарын даяр­лау кіреді. Биылғы жылы осы бағытта мем­ле­кеттік тапсырыс бойынша 79,5 мың адам кәсіптік білім беру орындарына қабылданды. Екінші бағыт бойынша республикалық бюджет есебінен 2017-2021 жылдар аралығында жұмыспен қам­ту­ды және бұқаралық кәсіпкерлікті да­мы­ту бағдарламасы шеңберінде кәсіптік оқы­ту жүйесі жұмыс істей бастады. Бұл орай­да, техникалық және білікті кәсіби жұ­мыс­шылар даярлауға басымдық беріледі.

Осы уақытқа дейін біздің кәсіптік-техникалық білім беру колледждері 80 пайыз орта дәрежедегі маман кадрлар және 20 пайыз кәсіби жұмысшы мамандарын даярлаумен айналысып келген. Биылғы жылы бағдарлама аясында бұл мәселені түбегейлі өзгертуге мүмкіндік туды. Егер бұрын студенттер колледждерде 2 жыл 10 ай оқып, бір ғана мамандық алып шыға­тын болса, енді осы мерзімде үш маман­дық бойынша кәсіби жұмысшы дәре­же­сін меңгеріп шығады. Енді еліміздің еңбек рыногы бірнеше мамандықты иге­ре алатын кәсіби жұмысшылармен толы­ға­тын болады. Бұл кәсіби техникалық білім беру саласында модульдік оқыту бағ­дар­ламасын енгізудің арқасында мүмкін болды. Білім және ғылым вице-министрі Асхат Аймағамбетовтің айтуынша, енді еліміздегі кәсіптік-техникалық білім бере­тін оқу орындарының бағдарламалары жұ­мыс берушілердің келісімімен және олар­дың талаптарын ескере отырып жаса­латын болады. Бағдарламаның тағы бір ар­тық­шылығы, ол еліміздің барлық өңір­лері­нің шалғай елді мекендеріндегі жас­тар­ды молынан қамтуға бағытталған. Осы­ған байланысты республика бойынша 1855 мобильдік топ құрылды.

Оның құра­мы­на колледждердің оқытушылары, ауыл­дық әкімдіктердің өкілдері, учаскелік инс­пек­торлар және жастар ұйымы­ның өкіл­дері кіреді. Олар шалғай елді мекен­дер­­ді аралап, мамандығы жоқ жұмыссыз жа­с­тар­ды оқуға тартады. Осы шараның арқасында үстіміздегі жылы 24,8 мың адам кәсіптік-техникалық білім беру жүйесіне тартылды.

Бағдарлама бойынша сұранысы жо­ғары болашақтың мамандықтарына да басымдық берілуде. Мәселен, Шығыс Қазақстан облысының кәсіптік-техникалық білім беретін оқу орындарында 7 жаңа мамандықты оқыту басталды. Алдағы уақытта Қарағанды облысында бұрын еңбек рыногында белгісіз болып келген 15 жаңа мамандық бойынша кадрлар даярлау қолға алынбақ. Қазіргі таңда жоғары сұранысқа ие болып отырған мамандықтың бірі мехатроника болып табылады. Озық технологиялар көптеп қолданысқа енгізіле бастаған экономикамыз интеллектуалды мамандарды көптеп қажет ете бастады. Ертеңгі интеллектуалды болашақ маман­дығы­ның негізі тұғыры – жан-жақты сапа­лы білім. Елімізде биылғы жылдан бас­тап кеңінен қолға алынған баршаға арнал­ған тегін кәсіптік-техникалық білім бағдар­ламасының да басты ұстанымы білімді де білікті жұмысшы мамандарын даярлау болып табылады.