18 Қазан, 2017

Қарсылық па, таршылық па?

580 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

«Біреу Алматыға бір «КамАЗ» сәбіз әкеліп төгіп, елге тегін таратты» деген хабардың шығуы мұң екен, веб-сайттар ақырғы жаңа­лықтың айналасына шыбындай үймеледі. 

Қарсылық па, таршылық па?

Ақпарат нақтылығының күмән­ділігі өз алдына, хабар қас қағым сәтте қол­дан қолға өтті, алпыс шаһар асты. Алайда, әлгі жерге бір машина «екінші нан» – картоп төгілсе, сайттар бұлай шуламас еді. Неге? Бұл – бірінші өз жазылушыларының делебелерін қоздырып, «күлдіріп» қою үшін жа­саған харекеті-тін. Ақпаратқа та­қырып латынша Saebiz (сәбіз) деп қойылды. Аталған сайттың мем­лекетімізге латын әліпбиіне көшу­ге қадам жасап жатқан тұстағы қолдауы шығар!? Әйтпесе орыс тіліндегі «анализ» сө­зінің ағылшынша атауы о баста «аnаlysis» емес пе еді? Оны ешкім буынға бөліп оқыған жоқ, күлген жоқ?! Ал... «saebiz-сәбіз» күлкілі екен?! Бүгінгі Қазақстанның алты жа­сар баласы «бір, екі, үш» сандарын «оне, тво, тһрее» демей-ақ, «уәан, түу, фри...» деп тақылдап тұр.

Ол аз десеңіз «тоғыз» дегенді цифрды «нине (nine)» демей «найн» дейді. Әңгіме енді сол «нине»-ден шығады ғой, естеріңізде болса, әлем футболшыларының ең үздік командасына берілетін алтын кубокті кеңес заманында қаншама жыл бойы «ұлы тілмен» Алтын Нике (nike) деп келдік. Небір аузымен құс тістеген спорт коментаторлары, небір ділмар мемлекет, қоғам қайраткерлерінің өзі де солай деді. Ешкім күлген жоқ. Қазір ғой «Алтын Найк» кубогі деп жүргеніміз... Күнделікті әлемдік желіге кіріп тұратын кез келген көзі ашық жан «Google» сөзін бір-ақ ауызбен «гугл» дейді емес пе? Ендеше біз неге соншама «saebiz»-ге шүйлігіп қалдық? Әрі бұл бір емес!..

Қазір қандай ортада бас қоса қал­сақ та елдегі ең басты оқиға – латын әліпбиіне көшу туралы әң­гі­меге тоқтамай, араласпай өтпейтін хал­­ге жеттік. Ол заңды да. «Я бел ке­те­ді, я белбеу кетеді» деген ға­лым-тілшілеріміз күндіз күлкі, түн­де ұй­­қы көрмей, жаңа қаріпті қыз­мет­ке қосу үшін көз майын тауысуда. Ел газеті – «Егеменде» барша қо­ғам өкілдерінің күн сайын жа­рия­лап жат­қан пікірлері сан-алуан бол­ға­нымен мүдденің бір екені де ерекше бай­қалады. Соған қарамастан кейбір ағайын­дарымыздың арасында латын емле­сін жеңіл күлкіге салып, қылжаққа айналдырып жатқандарын өздері де түсінбей жүргендері бар. Өкінішті! 

Енді ең алдымен латын алф­а­ви­тінің әлемдік үстемдігіне орай істі мейлінше бұра тартып, мемлекеттік, ұлттық науқанды мысқылдап күлкіге айналдырғысы келетіндердің сүйкімсіз әрекеттерін сараптап (аnаlysis) алайық­шы. Кейбір БАҚ-тар арасында бақадай шулап жоқтан өзгені келемеждеу Қазақстан тәуелсіздік алған тұста, еліміздің ұлттық рәміздері мен төл тең­гесі туғанда, Қарулы Күштерімізді құр­ғанда, Астана ауысқанда, қала аттарын өзгерткенде бой көрсеткен! Демек, кириллден латыншаға көшудің саяси мәні солардың қай-қайсысынан да осал түсіп тұрған жоқ! Көрші мемле­кеттер «сәбізімізге» тіл тигізсе, сөз жоқ, Сыртқы істер министрлігімізден ре­ніш нотасын қабылдары даусыз. Ал өзі­міздің күлкіқұмарларға «жеңілдік» беріліп тұр. Бәлкім, «Бас жарылса – бө­рік ішінде, қол сынса – жең ішінде» шығар... 

Орыс тілді екі әріптесімнің қылық­тары мен қызықтары есімде қалыпты. Ғалымжан – қандай да бір жаңалықтың нақтылығын анықтау үшін жас журналистерге «ОБС емес пе, көздерің жетіп тұр ма?» деп талап қоятын. «ОБС деген не?» деген сауалға ол «Одна баба сказала...» деп салмақты ғана жымиятын. Нағыз мектеп. Екіншісі – Сергей. Сол ақкөңіл жігіт бірде «Соғыс туралы өзбек фильмінде солдаттардың «Асса­лаумалейкум, Гитлер ака!» дегенін өз көзіммен көрдім, екі күн күлдім деп мені сендіргісі келді. «Мүмкін емес, бұл деген меніңше – «Саламатсыз ба, Гитлер аға!», сеніңше – «Здравствуйте, брат Гитлер!» деу ғой. Сен екеуміз кеңес мектебінде оқыдық, тәрбиесін алдық, кеңестік фильмде солай болуы мүмкін бе еді, өзің айтшы?» деймін. Біреуден естіген анекдоты екені анық! Мойындамайды, ішін басып күліп жүрді. Күлегеш жігіт!..

Сол айтқандай, латын әліппесіне көшу үстінде үйіріліп әлі талай желдің соғатыны, талай сыбыстың шығатыны даусыз! Ғалымжан айтқандай, «обс»-ға сеніп қалмағандарыңыз аб­зал! Өйт­кені, «сары» парақты сай­ттың оқы­лымын арттыратын «сә­біз» тектес жаңалықты қазіргі буын ав­то­бус­тың ішінде отырып-ақ, суре­тін қиып, оқиғасын келістіріп, ано­нимнің (anonymous-ағылш.) атынан «лақ­тырып» жібере алады, сеніңіз! ІТ мен смар­тфонның арқасында, әрине!..