20 Қазан, 2017

Кімді тұлға тұтамыз?

1202 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Баяғының жастарына «Мен өмір­ден өзімді іздеп жүрмін» деп сөйлеу тән болатын... Жақында Америкада оқып жүрген қазақ­стандық жас өреннің пікірін тыңдап көруге тура келді.

Кімді тұлға тұтамыз?

«Сізбен қай тілде сөйлесейін?» деп сұраған су қондырғыларын қоюмен айналысатын әлгі өркеннің мәйін мәдениетіне сүйсініп, ерекше ілтипатпен әңгімелестім. «Қазақ­станның келешегі бұлыңғыр, өйткені жастар өзінің ана тіліне шорқақ», деп текке байбалам сала берген дұрыс емес, мынадай білімді, көзі ашық, үш тілді емін-еркін меңгерген жалындаған жастар тұрғанда. Құдайым-ау, жасып, несіне жігерімізді құм ете береміз осы?», деген сәулелі ойдың санада жылғадай жылт ете қалмасы бар ма?

– Айналайын-ау, қазақ болғандық­тан қазақша сөйлеспегенде, енді өзіңмен ағылшынша, немісше сөйлеседі деп пе ең? – деймін.

 – Кейде жастардың ана тілінде сөй­лемеуін бір түйір қазақша білмейтін үйіндегі ата-анасына жаба салу – қате. Менің де әке-шешем бір-бірімен орысша әңгімелеседі. Бірақ тіл үйрену әр адамның өзіне, жеке басының қалауына байланыс-ты дер едім. Мысалы, Америкада оқып жатқан қасымдағы қазақ жастарының бәрі өздерінің ана тілдерін жақсы біледі, сүйеді. Өзім Алматыда орыс мектебін оқып бітірсем де, қазақшаны кейін өз бетіммен оңай үйрендім, – деп үн қатқан жас өркеннің тілі сәл-пәл бұралғанына қарамастан қазақша сөйлеуге талпынған әрекеті көңілдегі күңгірт күдікті сейілтіп, мерейлендірді. Алайда бүгінгі көпшіліктің талқысына салайын деп отырған әңгімеміз тіл туралы емес, тұлға деген ұғымды қазіргі жастардың қалай қабылдап, түсінетіндігі хақында. Әңгіменің арнасын тілден неліктен тұлғаға кілт бұруымыздың себебіне тоқталсақ, бұл өзі шексіз, шетсіз ұза-а-ақ әңгіме. Шетелдік су қондырғысын орнататын компанияға жалданып уақытша жұмыс істеп жүрген оның сөздеріне құлақ түре келгендегі топшылаған тұжырымымыз – бүгінгі заман жастарының кескін-келбеті, дүниетанымы мен рухани құндылықтары мүлде бөлек, олар үшін «ата-анам оқытады, тоқытады, көл-көсір ақша жұмсап, кернейлетіп, сырнайлатып үйленгенде мейрамханада тойымызды өткізіп береді...» деген ұғымдар тым жат. Мұхиттың арғы бетіндегі айтулы білім ордасына төлейтін ақшасын өзі маңдай терімен тауып, ата-анасына алақан жаймай, заманауи өмірге бет бұрған мұндай өрімдей өреннің іс-әрекетінен айналып кетесіз, әрине. Бағып-қаққан ата-анасына рахмет! Алматыдағы «алтын ұя» – аяулы мектебінде дұрыс тәлім-тәрбие берген мұғалімдеріне мың алғыс. Әр қазақтың баласы қиындықтан қашпайтын, жамандыққа баспайтын мынадай адал, әділ болса ғой, шіркін! Дедік. Қазіргі заманның үнімен ғажап үйлескен, ертеңінен ел-жұрты үлкен үміт еткен жас құрақтың ой-пікіріне құлақ түре келіп, қазақтың тағы бір қасиетті ұғымының бастапқы мағынасының өзгеріске ұшырап, басқаша сипат алып бара жатқанына алаңдамасқа амалымыз қалмады. Біздің заманымызда кез келген кісі тұлға атала бермейтін. Зиялы аға-апаларымызды, аты мәшһүр белгілі кісілерді тұлға дейтінбіз. Ал бүгінде кім көп, тұлға көп. Алмас есімді мына азамат та өзін қазірден бастап тұлға санайды екен. Бізді қоғам өмірге осылай даярлап оқытты дейді. «Қазір өз орнын өмірден іздеп табу деген ұғымнан гөрі бүгінгінің жастарында өздерін жеке тұлға ретінде қалыптастыру, яғни жасап алу белсенділігі басым» дейді. «Қарағым-ау, қалың елі – қазағы үшін аянбай тер төккен міне, мынадай кісілерді біз қадірлеп тұлға тұтамыз» деп Абайдан бастап аузымызға түскен ақын-жазушы, қайраткерлердің бәрін атап шықтық. Келешектің өкілі селт етпеді.

«Жеке тұлға өзінің сана-сезімін, дүниетанымын, рухани ойлау қабілетін білім мен еңбектің арқасында ұдайы байы­тып, жан-жақты дамытып отыруы керек. Өйткені әр адамның индивид қалпынан тұлға тұғырына көтерілуіне қоғамдағы қалыптасқан ахуал, отбасындағы алған тәлім-тәрбиесі, оқыған мектебі, ата-тегі, тамыры... т. б. көптеген қасиеттері қатты әсер етеді. Алайда тұлға бойындағы кез келген ерекшелік оның адамгершілік қасиеттерімен өлшенуі тиіс» деп судыратып кітап оқып тұрғандай желдірте салды. Қарап тұрсаңыз, оның мына айтқанының бәрі дұрыс сияқты.

 Бір жағынан алып қарағанда, адам өзінің келешекте кім болатынын, өмірлік мақсат-мұратын ерте бастан ойлап, тұлға болуды армандаса, несі айып екен? Дейсіз. Сөйте тұрғанмен, біз де «бес күндік қысқа ғұмырда адам болып қалмақта қазіргі ең маңызды мәселе – өзіңді іздеп табу-ау» деген бастапқы түсініктің түймесін кеудемізге қадаған күйі қала бермекпіз. Өзін таппаған жан бір істі бастайды да, аяғына жетпей тастай салады. Әр шөптің басына қонған көбелек сияқты байыз таппай, баянсыз тіршілік кешеді. Қала берді жастық шақтың ажарына кәсіп таңдауда қателеспей, өз орнымды өмірден тапсам екен деген аңсарлы айдын ғана жараспай ма, тәйірі? Кісіні қолдан тұлға жасауды оқытатын білім ошағы болса, қолы жеткеннің бәрі соны бітіріп, тұлғаның дип­ломына ие бола бермей ме? Сондықтан тұлға деген атауды ағайын, орнымен қолдансақ деген тілек.

Қарашаш ТОҚСАНБАЙ,
«Егемен Қазақстан»

Соңғы жаңалықтар