Аймақтар • 01 Желтоқсан, 2017

Маңғыстау өңірі көз алдымда көркейіп келеді

555 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Әулиелер мекені саналатын Маңғыстау өңірінің бүгінгі тірлік тынысы кімді де болса сүйсінтеді. Мұның бәрі Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың салиқалы саясатының жемісі деп біле­­мін. 

Бұрын көп жағдайда елдің экономикасы әңгіме болат­ын еді. Қазір экономикамыз түзеліп, халықтың әл-ауқаты арт­ты. Ен­ді­гі жерде рухани дамуға бет бұра бастадық. Оған Прези­дент­­тің «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласы қуат беріп отыр. 

Мақаланың әрбір тарауында айтылатын халықтық іс қай жағынан да жұрт көңілінен шығуда. Әсіресе рухани сананы жаңғырту жөніндегі идеялары жастарды серпілтетіні сөзсіз. Оның ішінде туған жерге деген әр азаматтың сүйіспеншілігі қалай болу керек деген мәселе де жан-жақты қозғалған. «Туған жер – әркімнің шыр етіп жерге түскен, бауырында еңбектеп, қаз басқан қасиетті мекені, талай жанның өмір  бақи тұратын өлкесі. Оны қайда жүрсе де жүрегінің түбінде әлдилеп өтпейтін жан баласы болмайды» деген Мемлекет басшысының сөзі бәріміздің рухымызды оятты. 

Маңғыстау өлкесінің барлық өсіп-өркендеуі менің көз алдымнан өтіп келеді. Бұған бірер мысал кел­тіре кетсем артық бола қоймас. Үс­ті­міздегі жыл­дың тоғыз айының ішін­де кә­сіп­орын­дар 1626,2 млрд теңге­нің өнімін өндіріпті. Мұ­най-газ сек­торы дамып, құрылыс индустрия­сы артып, аграрлық сала іргелі да­мып, туризмге де кең жол ашыл­ды. Айталық табиғи газ өн­діру 11,5 пайызға көбейіп отыр. «Нұрлы жол» және «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы аясында да тың істер атқарылып, 665 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді. Жаңа жұ­мыс орындары ашылып жатыр. Осындай тың серпіліске об­лы­сы­мызға келген жігерлі әкім Ера­лы Тоғжанов ұйымдастыру жағы­нан ұтқыр­лығымен өзіндік үле­сін қосып отырғанын айтқым келеді. 

Қазыналы түбектің жұрт­шы­лығы рухани салада да тың қадам­дарға жол салумен келе­ді. Н.Жантөрин атындағы облыс­тық музыкалық драма театр жаңа қойылымдар қойып көрермендерін тәнті етуде. Оған қоса жазуымызды латын  графи­касына оралту жө­нін­­дегі елдік іске де өз үлесі­міз­ді қосу­дамыз. Бұл ұлы Ахмет Бай­тұр­сын­­ұлының қазақ әліпбиін қай­тадан жаңғырту деп біле­мін. Ендігі жерде бұрынғы кет­кен қате­ліктерді жойып қазақ сөзі бұр­маланбай таңбаланып, кейінгі ұрпаққа жетсе нұр үстіне нұр болары анық. Ең бастысы аты-жөнімізді дұрыс жазу шешімін табады деп сенемін. Бұл мемлекеттік мәртебеге ие қазақ тілінің де абыройын асырып, беделін көтерері сөзсіз. 

Облыстық «Қазақ тілі» қоғам­дық бірлестігі жақында Нұрсұлтан Назарбаевтың «Мәңгілік ел» идеясы мен «100 нақты қадам» – Ұлт жос­пары, алда айтқан мақаласын кең ауқымда талдап, оны жүзеге асыру бойынша жиындар, шығармашылық конкурстар өткізіп, жастардың мем­лекеттік тілді қолдануына жағдай жасау жайын үнемі күн тәртібінде ұстап келеді. 

Мен бұл ойларымды Тұң­ғыш Президент күніне қарай жазып отыр­­­мын. Өйткені Нұрсұлтан Әбішұлымен Аста­на­да да, қазы­налы түбекте де жүз­десіп ой бөлістім. Ол кісі­нің бойын­дағы кемеңгерлік, алыс­ты болжап, келешекті бағдарлай­тын алғыр­лығына да тәнтімін. Әсіресе ана тіліміздің құнарын бұзбай, әрін кетірмей, ұлы бабаларымыздың аталы сөзімен ұштастырып отыратын қасиеті кімге де болса үлгі.

 Қалам ұстап ел мен жер тарихын, абзал жандардың елеу­лі ісін үлкенді кішілі шығар­ма­ларыма арқау еткен қаламгер болсам да Елбасымен дидар­лас­қанда ол кісінің айтқан сөз­деріндегі әдемі теңеулері қызық­тыр­май қоймайды. Ел ішін­де жүргендіктен жақсымыз­ды жұрт­қа жеткізуге, азамат­тары­мыз­дың ынтымақ тірлігін айтып отыруды өзіме парыз санаймын. Тұңғыш Президент күніне орай бұл ойымды ес білгелі оқып келе жатқан ел газеті арқылы да жұртшылыққа жеткізуге ниет еттім.

Бектұр ТӨЛЕУҒАЛИЕВ, 

Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі,

Маңғыстау облысының құрметті азаматы