07 Желтоқсан, 2017

Қазақстанның жаһандық жауапкершілігі арта түсті

345 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Жақында Минскіде Ұжымдық қауіпсіздік туралы шартқа (ҰҚШҰ) қол қойылғанына 25 жыл, ал осы келісім негізінде оның ұйым ретінде құрылғанына 15 жыл толғанына байланысты мерейтойлық сессия өтті. ҰҚШҰ-ның бас органы – Ұжымдық қауіпсіздік кеңесінің осы алқалы жиынында еліміздің аталған аймақтық ұйымға келер жылы төрағалық ететі­ні белгілі болды.

Қазақстанның жаһандық жауапкершілігі арта түсті

Сыртқы саясаты ұлттық қауіпсіздікті нығайту, аймақтық және халықаралық тұрақтылықты қамтамасыз ету сынды маңызды стратегиялық басымдықтарға негізделген Қазақстан әлемдік аренадағы өз міндеттемелерін жүзеге асыруда БҰҰ, ЕҚЫҰ, ШЫҰ, ИЫҰ және ҰҚШҰ секілді беделді ұйымдармен бірлесе жұмыс істеуде. Сондай-ақ халықаралық және аймақтық бірлестіктерге төрағалық етуде тәжірибесі мол Қазақстан жа­һан­дық сын-қатерлердің алдын-алу­ға қатысты оң бастамалардың күн тәр­тібіне шы­ғарылуына мұрындық болып жүр. Еліміздің осы іспеттес әлем­дік ауқымдағы іс-қимыл үдерісі 2018 жылы қаңтарда БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесіне төрағалық ететіндігімен жаңа сипатқа ие болады деп күтілуде әрі бұл бағыттағы, яғни халықаралық қа­уіпсіздікті нығайтуға байланысты ша­ралардың оңтайлы жүзеге асуына Қа­зақстанның ҰҚШҰ-ға алдағы уақытта жетекшілік жасауы да зор ықпалын ти­гізетініне сенім білдірілуде.

Ташкент қаласында 1992 жылғы 15 мамырда қол қойылған Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарттың негізінде 2002 жылы, дәлірегі осыдан 15 жыл бұрын шартқа қатысушы елдер ҰҚШҰ-ны бірлестік ретінде құру жөнінде ше­шім қабылдаған болатын. Бүгінде ҰҚШҰ әлемдік қоғамдастықтан оң бағасын алып, беделді ұйымдар қата­рынан өзіндік орнын тапқан. Оның мұн­дай деңгейге көтерілуіне Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың тарапынан енгізілген ұсыныстардың оң әсерін тигізгенін ерекше атап көрсе­туіміз керек.

Бүгінде ҰҚШҰ елімізге шетелдік қару-жарақтарды, әскери техникаларды жеңілдікпен сатып алуға жол ашуда. Бұл – ел қаржысын үнемдей отырып, әскери күштерімізді, құқық қорғау органдарын соңғы үлгідегі қару-жарақтармен және техникамен жабдықтауға берілген оңтайлы мүмкіндік. Әсіресе, ҰҚШҰ шеңберінде көпжылдық Әскери-эко­номикалық ынтымақтастық бағдар­ламасы бекітілгенін, соның нәтижесінде қару-жарақтар мен әскери техника саласында қызмет көрсетуге арналған орталықтардың жүйесін құру іске асырылып жатқанын ерекше атап өткен жөн. Аталған жағдаят отандық әскери өнеркәсіптің әлеуетін арттыруға, еліміз­дің әскери қызметшілерін Ресей мен Беларусьтің әскери жоғары оқу орындарында ақысыз немесе жеңілдікпен оқытуға, сондай-ақ Армения, Қырғыз­стан мен Тәжікстанның әскерилерінің елімізге келіп оқуына мүмкіндіктер бе­ре­ді.
Ұйым аясында бітімгершілік күш­тер­­ді, құқық қорғау органдарын, сондай-ақ  ТЖМ органдарының арнайы мақсаттағы бөлімшелерін қамтитын ұжымдық қа­уіп­сіздік жүйесі жұмыс істеп тұр. Атал­­ған бөлімшелер түрлі жаттығу шараларына қатысып, өздерінің деңгейін кө­теруде.

Қазіргі таңда ҰҚШҰ халықаралық терроризм мен діни экстремизмге қар­сы күреске жіті көңіл аударып отыр. Қазақстан тарапының белсенді іс-қи­мы­лының нәтижесінде халықаралық терроризмге қарсы күреске қатысты іс-шаралардың тізбесі қабылданып, тер­­рористік деп танылған ұйымдардың ті­зімі бекітілді. Сонымен қатар ҰҚШҰ-ның есірткіге қарсы стратегиясы нақты­лан­ды. 

Негізінде, ҰҚШҰ шеңберінде өткі­зілетін әрбір шара еліміздің қауіпсіздігін нығайтуға, аймақтық тұрақтылықты қамтамасыз етуге зор әсерін тигізуде. Ал­­да­ғы уақытта осы бағыттағы жұ­мыс­тар қарқын алатыны Минскіде ұйым­дастырылған мерейтойлық сессия­да айқындала түсті. Осы орайда Президент Н.Ә.Назарбаев атап көрсеткен басым­ бағыттардың маңызы зор. Тарата ай­тар­­ болсақ, Елбасы Қазақстанның ҰҚШҰ-­ға төрағалық жасайтын кезең­де­­ ұйымға мүше елдердің әскери сала­дағы өзара іс-қимыл ауқымын ұлғай­ту, тәжірибелік әскери-техникалық ынты­мақтастықты нығайту, бірлестіктің лаң­­кес­тікке қарсы күрестің жаһандық жү­­йесін қалыптастыруға атсалысуын қам­тамасыз ету, мүше мемлекеттердің киберқауіпсіздігіне төнген қауіптерге қарсы жұмыла әрекет ету, заңсыз есірткі айналымына қарсы күресті күшейту сынды бағыттарға баса мән берілетінін нақты көрсетіп берді. 

Енді, алдағы уақытта өзекті мәселе­лер қамтылған осы басымдықтар ҰҚШҰ шеңберінде басшылыққа алынып, жү­йелі жұмыстар жүргізілетін болады.
Айта кетейік, ҰҚШҰ Ұжымдық қа­уіп­сіздік кеңесінің кезекті сессиясы 2018­ жылдың екінші жартыжылдығында Ас­танада өтпек.