Ауыр атлетика • 07 Желтоқсан, 2017

Алтыннан алқа таққан ақсақал

417 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Жақында Оңтүстік Корея астанасы Сеул қаласында гір спортынан әлем чемпионаты болып өтті. Әлемнің 34 елінен 500 спортшысы қатысқан жарыста Көкшетау қаласының тұрғыны Борис Нұғманов абсолюттік чемпион атанды.

Алтыннан алқа таққан ақсақал

Жер шарының ең мықты гір көтерушілері жиналған Сеулдегі әлемдік чемпионатта көкшетаулық ақсақал 74 жастағы спортшы ардагерлер арасында топ жарды. 70-74 жас аралығында өнер көрсеткен Борис ақсақал бо­йында рух пен намыстың қызуы бар екенін білектің күшімен дәлелдеді. Әсіресе гірді сілке көтеруден әлемдегі ең мықты спортшы екенін көрсетті. Зілдей темірді көтерудің қыр-сырын жақсы меңгерген Б.Нұғманов өз машығының сырымен былайша бөлісті: «Гір көтерудің бұл түрінде алдымен оны көтеріп кеудеге тірейміз де, артынан жоғары сермей­міз, 1-2 секунд ұстап тұрып, қайтадан кеудеге әкелеміз де төмен сырғытамыз. Осылайша қайталай береміз». 

Әрине айтуға оңай, ал 500 спортшы қатысқан айтулы додада жеңіп шығу оңай болмағаны анық. Өйткені қызу жарыста қос сайыс бо­йынша бақ сынасқан Борис ақсақал екінші орынды қанағат тұтыпты. Бұл ретте атлет 2008 жылдан бері ардагерлер сайысына белсенді қатысып келеді. Сөз реті келгенде айта кету керек, үстіміздегі жылдың қазанында өткен Қазақстанның жатып сығымдау чемпионатында да жеңімпаз болған еді. Міне, енді, әлемдік додада топ жарып отыр. Елге орала салысымен Борис ақсақал келесі жылдың мамырында Будапешт қаласында өтетін Еуропа чемпионатына дайындықты бастап та жіберді. 

Асқар ТҰРАПБАЙҰЛЫ,
«Егемен Қазақстан»

Ақмола облысы