13 Желтоқсан, 2017

Абыздар мен Алыптар

1878 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Кезінде қазақ әдебиетінің классик ақсақалы Ғабит Мүсіреповтің «Социалистік Қазақстан» газетінде шыққан «Дәстүр және жаңашылдық» деген мақаласы жан сарайын өзі айтатын есрафіл самалындай желпіп, зиялы қауым мен жазушы жамағатқа кеңестік тымырсықтың көбесін сөккен сәуледей әсер етіп еді. 

Абыздар мен Алыптар

Осы естелік мақалада «Алыптар тобы» деген сөз алғаш айтылып, қазақ руханиятында алыптар ұғымы дүниеге келген болатын. 

Жақында ардақты Ақселеу Сейдім­бекті еске алған «Егемен Қазақстан» газетіндегі басқосу жиында Мәжіліс депутаты, баспасөз қайраткері С.Абдрахманов аталмыш мақалаға қатыс­ты бір әңгіменің шетін шығарды. Сөйтсе, бұл мақалаға алтын арқау болған негізгі ойларды Ғ.Мүсірепов содан біршама уақыт бұрын М.Әуезов музей-үйіндегі Халық университетінің кезекті сабағындағы әңгімесінде толғап айтқан екен. Университет жетекшісі, ұлтжанды ұлағат иесі Рахманқұл Бердібаев аға арнайы стенографистка шақырып, әңгімені бастан-аяқ жаздырып алады. Ол стенографистка, сол кезде «СҚ»-да жұмыс істеп жүрген, «Егеменнің» кейінгі жүйрік журналистерінің бірі Гүлзейнеп Сәдірқызы мәтінді редакция қызметкері  С.Абрахмановқа, ол өз кезегінде бөлім меңгерушісі А.Сейдімбековке көрсетеді. Одан әрі стенограмма  негізінде мақала әзірлеу туралы идея туындап, ол сәтімен іске асырылады. Ақселеу ағамыз бен Сауытбек екеуі ақсақалдың  үйіне барып, Ғабаңа қол қойғызып алады.

1978 жылдың 12 ақпанында «СҚ»-да жарқ етіп шыққан Ғ.Мүсірепов мақаласының өмірге келіп, жарияға жол табу тарихы осындай екен. Ғабаң осында алғаш рет: «өзінің алдындағы алыптар тобының жазушылық, азаматтық, адамгершілік, қоғамдық дәстүрлерінің өнегелері» туралы ерекше толқыныспен ағынан жарылып айтады. «Алыптар тобы деп Сәкен Сейфуллин, Бейімбет Майлин, Ілияс Жансүгіров, Мұхтар Әуезов, Сәбит Мұқановтар тобын санаймын» дейді. «Осы алыптардың жан-жақты еңбектеріне негізделіп, Қазақстан Мемлекеттік туын көтергеннен кейін бірер жылдың ішінде республика баспасөзі құрылғанын» алға тартады. Мәдениет ошақтарының пайда болуы, драма және опера театрларының ашылып шаңырақ көтеруі, жазушылар ұйымының ұйымдасуы – осының бәрі алыптардың еңбегіне сүйеніп ат­қарылған игіліктер екендігін бұл­тартпай баян қылады.

Ғ.Мүсірепов алыптар тобының дәстүрлері жайлы айтқанда қазақ мем­лекеттілігінің  қаз басуына көбірек меңзейтін сияқты. «Қазақстан Мем­лекеттік туын көтергеннен кейін» деген сөздердің астарында түсінген адамға үлкен мән жатыр. «Мемлекет­тік» деген сөзді  бас әріппен бастап әспет­тейді. Алыптар тобының ар жағын­да қазақтың толағай тұлғалары тұр­ға­нын аңдап, аңғару қиын емес еді. Ал алыптар тобына кейінгі буынның Ғабаң­дай асылдың өзін де қосуы әбден заң­ды болатын. Әдебиет ауқымынан шы­ғып кетер болсақ,  бұл топты Тұрар Рыс­құлов, Сұлтанбек Қожанов, Смағұл  Сәдуа­қасовтар да толықтырары сөзсіз.

Ал енді біздің ішкі бір ойымыз айта­ды. Жоғарыдағы Сәкен, Бейімбеттер бас­та­ған толағайлар алыптар тобы болса, бұлар­дың алдындағы халқымыз­дың көш­бас­шы көсемдерін, Алаш қайрат­кер­лерін абыздар тобы, арыстар тобы деудің жөні де, реті де келіп тұр екен-ау. Алаш арыстары деген атау көпшіліктің көкірегіне, жұртшылықтың  санасына сіңісті болып кеткелі қашан. Халық маңдайға біткен асылдарын, өз ерлерін, өз кемеңгерлерін таниды. Әлбетте, абыздар тобының алдыңғы қатарында Әлихан Бөкейханов, Ахмет Байтұрсынұлы, Мұстафа Шоқай, Міржақып Дулатұлы, Жаһанша Досмұхаметұлы, Мұхамеджан Тынышпайұлы, Мағжан Жұмабайұлы, Халел Досмұхаметұлы, Жүсіпбек Аймауытов, Сұлтанмахмұт Торайғыров һәм басқалары тұрмақ.

Қазақтың қайта жаңғырған мем­лекеттілігінің бастау бұлағында, бүгінгі Тәуелсіздік идеясының түп тұма­лы қай­нарында осынау абыздар тобы, Алаш­ арыстары тұрғаны шүбәсіз. Олардың бәрі халық үшін бастарын бәйгеге тіккен, жанпидалыққа барған, елі үшін жан кешкен пассионар тұлғалар еді. Ақыры, барлығы қалың елі қазағының жолында шаһид болды. «Тірі болсам, хан баласында қазақтың хақысы бар еді, қазаққа қызмет қылмай қоймаймын» дейтін Әлекең, қазақтың мұқтаж-мұңына келгенде «Маркс айтты екен деп тоқтамаймын!» деп қайсарланатын Ахаңдар  сол абыздар тобының ұйытқысы болғанда кейінгі толқынды да тәрбиелеп үлгерген-ді. Осы Ахаң елуге толғанда жас Әуезовтің мақала жазуы, тойын Орынбордың төрінде сахнаға қолтықтап шығарып Совнарком төрағасы Сәкеннің бастауы,т.б. жайлар осыны айғақтайды.

Алыптар тобы да Алаш арыстарының тәрбиесін алғандар.  Олар да ақырына дейін қазағына қызмет қылды. Абыздар мен алыптар сабақтастығының бір парасы осындай. 

Қорғанбек АМАНЖОЛ,
«Егемен Қазақстан»