25 Желтоқсан, 2017

Мінезсіздік

567 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Бізде Құдайға шүкір, бәрі бар, бұрынғылар айтпақшы, «құстың сүтінен басқаның бәрі». Дарқан даланың асты-үсті толған қазына. Жайлау малға толып, халықтың саны да біртіндеп өсіп келеді. Материалдық, демографиялық тұрғыдан алғанда ғой, бұл. Алай­да, сол мол байлықты қалың ха­лықтың қажетіне жарататындай,  ұлт мүддесіне сол барды ұқсатып бағатындай мінез жағы кемшін соғып жатыр қазіргі алаштың ерлерінде. 

Мінезсіздік

Мінезділердің өзі мінезсіздердің көптігінен, табансыздықтың кесірі­нен көбірек зардап шегетіндей ме қалай? Мінезсіздіктен сорлап жүр­міз деп айтатынымыз да сол. Ел тәуел­сіздікке ие болғанымен, ерлер жағы басыбайлылық қамытынан, басқалай айтқанда құлдық психологиядан әлі арыла алмай келеді. Басыбайлы мінезі тұрғысынан. Әлихан Бөкейхан айтқандай: «Ұлтына, жұртына қызмет ету – білімнен емес, мінезден». Ресей, АҚШ, Ұлыбритания оқу орындарын бітіргендер кәсіби білімі жағынан емес, халықтың  жай-жағдайын, ұлт­тың мұң-мұқтажын ойлау тұрғы­сынан олқы соғып жүр. Алған білім халықтың кәдесіне жарамаса, онда не қайыр?!

«Ширек ғасырдан астам уақыт ішінде о-сын-шама жетістіктерге қол жеткіздік!» деп қуаныштан қаза­қы бөрікті аспанға атып, әйтпесе, «ҚазСАТ» арқылы ғарышқа жолдауға да болар еді. Бірақ, елдің экономикалық әле­уеті мен халықтың әлеуметтік дең­гейін,  байлардың қазынасы мен қарапайым қазақстандықтардың  өмір сүру жағдайын салыстырып көретін болсақ, бәрі де тайға таңба басқандай көрінеді емес пе.  Қазақ жерінің бар байлығы, оның түгелдей он сегіз миллион жұртының  үлесін түгендеп, дәулетін асыруға қызмет етіп жатыр ма, әлде...

Айтпақшы, сыбайлас жемқорлық  дегеніңіз керенау кеңселерді түгел­дей жайлап алғандай көрінеді. Жем­қорларды құрықтап-ақ жатқан тә­різді. Әйтсе де азаяр емес. Жем­қор­лар  байлығын  жер түбіне асырып қана қоймай, тұтастай а-н-ау жаққа өзде­рімен бірге ала кететіндей жанталаса тірлік кешетінін қайтерсіз. Көзі тірісінде өзіне алтыннан ескерткіш тұрғызған Сапармұрат Ниязов та дү­ниеден өтті емес ме. Байлықтың құ­лына айналғандар жиған-тергенінің барлығы, басқа емес өз ұрпақтары арасында күні ертең-ақ алауыздық  тудыратынын шынымен түсінбей ме екен?

Байлыққа құныққандардың көбі ұлы Абайды да оқымайды ғой. Оқыса, соншалықты далбасалап, ел-жұрттың наласына қалып, заңды белден басып, байлық жинауға жанталаспас еді-ау. Ақын «Ескендір» поэмасында жаһанды билеген Александр Ма­кедонскийдің өзін де «тәубасына» түсіріп,  адамның көзі бір уыс то­пы­раққа ғана тоятынын данышпан Арис­тотельдің дуалы ауызы арқылы ұғындырған жоқ па! Абай шығармасын оқымағандардың  адамдық, адалдық, әділеттілік әліппесінен бейхабар болуы да бір жағынан заңды тәрізді...

Әсілі,  мемлекеттік қызметшілердің біліктілігін көтеретін оқу орындарын­да, ең бастысы, Мемлекеттік қызмет академиясында әл-Фарабидің «Қайы­рымды қаланың басшысы қандай болуы керек?», деген сұраққа жан-жақты жауап беретін трактатынан бастап, жоғарыда біз айтқан Абайдың «Ескендір» поэмасы бар, жалпы ел басқаруға қатысты пәлсафалық трактаттарды, қазақ билерінің кесімді де тұжырымды ойларын оқытуға басымдық берсе ғой. Құжынаған көк қағаздың бергі дүниенің «шлагбау­мынан» әрі қарай өте алмасын түсін­гендер осыдан кейін оған аса құнықпас  па еді, кім білсін?! Билікке құмарлық, байлыққа деген ашкөздіктің ақыры ынсапсыздыққа бастау болып тұр.  Ал оның ақыры қарақан басы үшін кез келген дүниені құрбандыққа шалуға, яғни мінезсіздікке  ұласып жататыны тағы бар...

Айтар ойымыздан сәл қиыстау кеттік білем, енді соған қайта оралсақ. Шынында да, қазіргі қазақ қоғамы мінезді жандарға зәрулік танытуда.  Осындайда бұрынғы  аға ұрпақ өкіл­дері еске түседі, «солар болғанда  жағдай қалай болар еді», деп түйесің іштей.

Қысқасы,  қазір қазақ оқыған­дарында Жұмабек Тәшеновтің табан­дылығы жоқ, Жұбанның жүрек­жұтқандығы тапшы болумен қатар, Асқар Тоқпановтың айбаты  жетіспей жүр, сондай-ақ Баукеңнің батылдығы да керек болып тұр. Тоқетері, Кене­сарыша қайырғанда, «Кезенген жаумен кескілесіп тұрып өлісуге шыдайтын ұл болмаса, сондай ұлды туғызып тұр­ған ел болмаса, қазақтың қай ісі өрге басар дейсің?!». 

Ғабит ІСКЕНДЕРҰЛЫ,
«Егемен Қазақстан»

Соңғы жаңалықтар