09 Қаңтар, 2018

Абай және Шумер мәдениеті

2404 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Тәуелсіздік дәуірі» атты зама­науи шығармасындағы: «Ұлы тарих кемел келешекке жетелейді» деген сындарлы ойы ата тарихымызға, рухани мәдениетімізге үңілуді меңзейді.

Абай және Шумер мәдениеті

Ендеше, қазақ тілі мен мәдениетінің ғаламдық мәдениетпен байланыс­тарын ой көзімен барлау, тарихи-мәдени деректерді айқындау, түп-төркінін тексеру – қазіргі ғылымның талабы.

Олжас Сүлейменовтің «Аз и Я» кітабының «Шумер-наме» дейтін бөлімінде б.з.д. шамамен төртінші мыңжылдықта пайда болған шумер тілі мен түркі тілдерінің мәдени байланысы зерделенеді. Бұл орайда ол Алдыңғы Азиядағы өлі тілдердің мән-жайын зерттеген И.М.Дьяконовтың «Көне Алдыңғы Азия тілдері» (Москва, 1969) еңбегінде келтірілген жүзден аса шумер сөзін мысалға алып, пікір өрбітеді. О.Сүлейменов шумер лексикасын түркі тілімен салыстыру мақсатында Тәңір, Адам, Табиғат тақырыбындағы пішіндес, мағыналас, туыстас 60 сөз-ұғымды іріктеп, әрқайсысының жазылу ерекшелігін көрсетеді. Сонда шумер заманында ата, апа, ана, туу, тума, ер, шабан, үй, Білге (аккад тілінде – Гильгамеш), біз, сіз, ағаш, Тәңір (дингир), теңіз және т.с.с. сөз-ұғымдар болған екен. Сонымен қатар «Шумер» терминдік атауының этимологиясына үңіліп, мұның арғытүрікше, ал Сибирдің (Сібірдің) көнетүрікше айтылған түрі дейді. Бұл неліктен? Ұқсас­тық сыры неде дегенге жауап іздер бол­сақ, Топан судың кесапатынан Оңтүстік Сібір­ге ауады. Б.з.д. 5-ші мыңжылдықта Топан­ның беті қайтып, шумерлер 4,5 мың­жылдықта Месопотамиядағы Тигр, Евф­рат өзендеріне оралады. Сондықтан да жер-жаһанның екі жақ шетінде Шумер өрке­ниетінің із-таңбасы халықтың санасында да, Сібірдің жартасында да қалған.

Негізінен, шумер мен түркі тілдері арасында лексикалық жағынан мағы­на­лас, мәндес сөздер болуымен қатар, таңба­­ларында да сәйкестіктер бар. «Шумер сызу таңбалары б.д.д. 2900 жыл­дары көрініс тауып, 2400 жылдары жүйелі жазуға айналды... Ассирия патшасы Аш­шур­банипал өзінің кітапханасына шумер тақ­тайшаларын жинатып, оқып отыр­ған» (Сарай Әнес. Көк түріктері. Алматы, 2014, 120-121-беттер).

Шумердің «Гильгамеш» дастанында б.з.д. он мыңыншы жылдықта болған Топан тасқыны толық сипатталған. Және де «Гильгамеш» баяны Сібірдегі Хака­сия­ның жартас суреттерінен (петро­глифі­нен) көрініс табуы да қызық.

Шумерлерде философия, стилистика, грамматика, юриспруденция ғылымдары жоғары деңгейде дамыған. Бұлар 3,5 мың жыл бұрын қыш тақтайшаларға қаша­лып жазылған және жалпыадамзаттық құн­дылықтарды қамтиды. Көпшілігі ауыз­дан ауызға ерте тараған. Көне дәуірдің даналық мәйектерін 1934 жылы Эдуард Чиер Филадельфиядағы Пенсильвания университеті музейінің коллекциясынан тауып, біраз фрагменттерін жариялаған. Сонан соң «Тарих Шумерден басталады» дейтін зерттеу еңбегін жазған Сэмюэл Н.Крамер Ыстанбұлдың Көне Шығыс музейінен сексен шақты кестелері мен үзінділерін ғылыми айналымға қосқан. Әсіресе адамзат өркениеті тарихында ең ежелгі жазу-сызуларды қопара тексерген профессор Эдмунд Гордон (1921 жылы туған) Шумер мақал-мәтелдерінің (1968, 634-бет) толық нұсқасын жариялаған. Осы ретте Шумер мақал-мәтелдерімен мағыналас, үйлес қазақ ғибраттарын атап өтейік: «Кісі киімі кіршең», «Бір құмалақ бір қарын майды бүлдіреді», «Кедей бұзауын байлап қойып мақтайды», «Ұста пышаққа жарымас», «Аш құлақтан тиыш құлақ», «Танымаған жерге тон сыйлы», «Әйел – ердің бағы, ұл – ердің қорғаны», «Етікші бізге жарымас» және т.с.с.

Шумертанушы Сэмюэл Н.Крамер  «Білім қайғы тудырады» дейтін «білім» мен «қайғы» ұғымдарын байланыстыратын мақалын келтіреді. Сонда Абайдың:

Қайғы шығар ілімнен,

Ыза шығар білімнен, – дегеніндегі «қайғы» сөзі тура мағына­сында айтыл­маған. Әрі қарай ойшыл хакім осы бір сөзге қатысты пікірін былайша тереңдетіп сабақтайды: «Қартайдық, қайғы ойладық, ұлғайды арман»; «Әрбір уайым-қайғы ойлағыш кісі не дүние шаруасына, не ақырет шаруасына өзгеден жинақырақ болса керек. Әрбір жинақылықтың түбі кеніш болса керек; «Бес нәрсеге асық бол, Адам болам десеңіз, Тілеуің, өмірің алдыңда, Оған қайғы жесеңіз»; «Талай сөз бұдан бұрын көп айтқанмын, Түбін ойлап, уайым жеп айтқанмын». Хакім ақын қолданған метафораның ішкі мағынасы мейлінше қабат-қабат. Расында «Бір сөзің мың жыл жүрсе дәмі кетпес» деп, «сөзі алтын хакім» тұлғасын Мағжан Жұмабаев қалай айтқан!

Халықтың ойы, тілі – тарихтың, мәде­ниеттің, заманның тілі. Өркениет тарихында Абай құбылысы – философиясымен, ғылыми-шығармашылық дүниетанымымен, гуманистік көзқара­сымен, стилистикалық мәнерлілігімен, көркемдік шеберлігімен, ішкі эстетикалық мазмұнымен өзгешеленетін әрі мың­жылдықтардың сырын, құдіретін, сипатын мәлімдейтін алтын дәптер іспетті. Шумер мәдениетімен де нәрленген алтын тамырлы Абай даналығы осындай ойларға жетелейді.

Серік НЕГИМОВ,
филология ғылымдарының докторы, профессор