11 Қаңтар, 2018

«Мемлекеттік тілді білмек – елшіден...»

663 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Қазақстанға танымал тұлға, сенатор Икрам Адырбеков «Елші­лер­дің шетелде болу мерзімін 5 жыл­­дан арттырмау мәселесі өзекті бо­­лып отыр, себебі қазіргі кезде 20 жыл­дан астам уақыт бойы елге орал­­маған елшілер, дипломаттар бар. Олар елден қарым-қатынасын үзді деп айтуға болмайды, дегенмен де соны нашарлатқан, елдегі жағ­­дайды те­рең түсінбейді» деді («Сөз­бе-сөз» – «ҚазАқпарат»). 

«Мемлекеттік тілді білмек – елшіден...»

Естіген құлақта жазық жоқ, «Қазақ­стан Респуб­ликасының дипло­матиялық қызметі туралы» Қазақстан Республикасының Заңына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын талқылау барысында өткен жазда көпшілік таң­ғаларлық осындай сөздің айтылғаны бар. Әріптесін қызу қолдаған Сыртқы істер министрлігінің жауапты хатшысы Анарбек Қарашев те ағынан жарылды: «Балалар қазақ екенін білмей кетеді. Мен 12 жыл (елде) болған жоқпын. Балаларымда туған елі туралы дұрыс танымы болмады. Елге келіп, үш жылдан кейін балалар қазақ екендерін сезіп отыр, яғни осында мектепке барып, қазақша сөйлеп, қай мемлекеттің баласы екенін түсіне бастады». Өте аянышты-ақ ахуал. Демек, халық­аралық маңызды істермен ғана айналысатын құзырлы ведомстводағы жауапты азаматтардың депутаттар назарына ұсынған бұл мәселелерінің көкейкестілігінде, мемлекеттік салма­ғында еш дау болмауы тиіс. Алайда...

Жаңа жылдың алғашқы күндері «24.kz» телеарнасына Германияда тұратын атағы күллі Еуропаға танымал қандасымыз нейрохирург Жә­дік Шенол полиглот екеніне қара­мастан, ана тілінде сұхбат берді. Қазақстан топырағын баспаған үш қызы мен кенже ұлы бір дауыспен қосылып, Нұрғиса Тілендиевтің «Сар­­жайлауын» шырқады. Ана тілі­не деген құрметтің ең таза да асқақ үлгісі. Германияда туып-өскен отаға­сының өзі Қазақстанда бір-ақ рет болыпты. Тарихи Отанынан тым шал­ғайда жүрген отбасының ана тіліне, Отанына деген мынадай сүйіс­пеншілігін көргенде көзіңе еріксіз жас үйіріледі. 

Тағы бір мысал... Кеше ғана 102 жасқа салтанатпен қадам бас­қан Әсия Сардарбек әжеміз аме­рикалық (Вирджиния штаты) ұзақ жасау­шылардың мәртебелі сапында тұр. Атақты ауған патшасы Зәкір ханның ұрпағы, ел билеушісі Әміри Мұхаммедтің жесірі Әсия әжеміздің «1916 жылы Шудың бойында туыппын. Жалайырдың қызымын. Үркіншілік кезінде әуелі Түркістанға жеттік, одан Қарақалпақстан арқылы Әмударияны кешіп Ауғанстанға өттік», деп қазақша мүдірмей сөйлеген сағынышқа толы қарлығыңқы дауысы күллі Қазақ елінің құлағында жаң­ғырып қалып қойды. Жарты ғасырдан астам Ауғанстанда Шах сарайында, одан кеңес әскері баса көктеп кір­генде Еуропа елдерін сағалап, содан соңғы 20 жылда Америка Құрама Штат­тарына тұрақтаған әзіз анаға ана тілін ұмыттырмаған қандай құдірет, қандай қуатты күш болды екен?! 

Міне, осы арада Шенол мырза мен Әсия әжеміздің мысалында бас­тапқыдағы елшілер оқиғасына қайта оралуға мәжбүрміз. Бізді жалпыға бірдей қоғамдық талаптар тұрғысынан алаңдатқаны – әлемнің әр бұрышында Тәуелсіз Қазақстанды елдестіріп жүрген азаматтарымыздың 10-15 жыл ел бетін көрмегені емес, егер біздің елшілеріміз арасында ана тілі қолданысы нашарлай бас­таса, осыншама жыл ішінде сол шетелде олар қай тілде сөйлеген? Еларалық ресми құжаттар қай тілде толтырылды? Оларға біздің мем­лекеттік тіліміздің қазақ тілі еке­ні шынымен-ақ ескертілмегені ме? Елшілер мен консулдар отбасында қай тілде сөйлесті екен, ана тілін біл­мейтін «балалары біз қай мемлекеттен келдік» деген ойда жүрді деген сауал туындайды. Рас қой. Заң тұжырымдамаларын бекітердегі дипломаттарымыздың ана тілінің проблемасын алға тарта сөйлеген ықыласын заң қабылдаушылар «шын көз жасымызға сенер», иланар деген үміті шығар деп ой түйдік.

Ойымызды румын мен француз халқына тең ойшыл, көрнекті философ Эмиль Мишель Чоранның «Адам қай елде тұрса да, тек қана өзінің ана тілінің құдірет-күшімен ғана өмір сүреді. Біздің шын Ота­нымыз – ана тіліміз. Осыны ұғынсақ жеткілікті» деген ғажайып сөзімен қорытындыласақ дейміз. Күллі әлем елшілеріне, оның ішінде қазақ елшілеріне құлаққағыс етіп тұрғандай неткен уытты сөз еді?!.

Талғат СҮЙІНБАЙ,
«Егемен Қазақстан»

Соңғы жаңалықтар