Ат спорты • 22 Қаңтар, 2018

Жылқы үйірмесін ашты

817 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Бүгінде Жоламан Есетов­пен қазталовтықтар «күнде жүздеседі». Неге дейсіздер ғой? Ауданымыздың ауылдарын­­дағы көшелерде ілініп тұрған барлық баннерлер оның қолы­нан шыққан.

Жылқы үйірмесін ашты

Сонымен қатар түрлі буклеттер де Жоламанның қолымен жасалып жатыр. Осыларды ескерсек, замандасымызбен аудан тұрғындары күнде жүздесіп тұрған жоқ па?! Өйткені ол – ауданымызда­ғы ең алғашқы полиграфия кәсібі­мен айналысып отырған бір­ден-бір жас кәсіпкер. Осындай еңбегінің нәтижесінде осыдан 2 жыл бұрын облыстық «Үздік жас кәсіпкер» аталымының жеңімпазы атанды. 

Енді Жоламан тағы бір қы­рынан көрінуде. Жастайынан жылқы малын қадір тұтқан ол сәйгүлік баптап, бәйге аттарын жаратады. Жоламанның жүйріктері аламан бәйгелерде топ жарып та жүр. Осындай кәсібін өзі ғана біліп қоймай, жасөспірімдерге үйретуді қолға алды. Баптауындағы 7 сәйгүлікпен (ағылшын, қолтума тұқымдар) мектеп оқушыларына үйрету үшін тегін үйірме ашты. Жылқы десе қандары қозатын қазақтың балалары емес пе? Үйірмеге үйіріліп қарадомалақтар көптеп келе бастады. Олардың ішінде тіпті қыз бала да бар. Бүгінде сол балалар бос уақыттарында Жоламанның қасынан табылуда. Олар атқа мініп үйренумен қатар бәйгеге шабу, теңге алу, қыз қуу, жамбы ату сынды ұлттық ойын­дарды да үйренуде. Жоламан оларға жылқы тарихы туралы дәріс те оқып жүр. 

Біз барғанда қарадомалақтар атқа мініп, мәз болып жүр екен. Оларды әңгімеге тартып едік. «Атқа мінсек бәйгеге шапқымыз келеді» деді. Міне, олардың бо­йында ұлттық рух оянып келеді. Осындайда «Қазақ тарихын айтсақ жылқы тарихын айтамыз, жылқы тарихын айтсақ қазақ тарихын айтамыз» деген даналық сөз ойға оралады. 

– Алдағы уақытта тай жарыс ұйымдастырамын. Сонымен қатар түрлі ұлттық ат спорты ойын­дарын да өткізу жоспарымда бар, – деді Жоламан. 
Міне, осындай ұлттық қадір-қасиетімізді ұлықтайтын, оны жасөспірімдерге үйретіп жүрген ісін байқаған, әркез жаңашыл­дық бастамаларға қолдау көрсе­тетін аудан әкімі Абат Абайұлы Жола­манға жаңадан құрылып жат­қан «Айбын» спорт клубы арқылы үйірме ашуға қолдау көрсететінін білдірген. 

Сондықтан алдағы уақытта ауданымызда қасиетті жа­нуар жылқы малын дәріптейтін «Жоламан мектебі» қалыптасса деген тілек бар. 

Мөлдір ӘНУАРБЕКҚЫЗЫ
Батыс Қазақстан облысы,
Қазталов ауданы