25 Қаңтар, 2018

Әлемдік қаржы ағыны

427 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Кеңес Одағы кезінде дүкен сөрелері заттарға жұтаң болатын. Адамдар қолындағы азын-аулақ қаржысына іздеген заттарын таба алмай әуреге түсетін. Осыдан барып зат тапшылығы орын алатын. 

Әлемдік қаржы ағыны

Еліміздің тәуелсіздік алуымен бізде де бүкіл әлемдегі секілді нарықтық қатынас орнықты да, бұл жүйе дүкен сөрелерін затқа толтырды. Сөйтіп та-
уар тапшылығы жойылды. Бірақ есесіне ақшаның қадірі артты. Қазір ақшаң болса, құстың сүтінен басқаның бәрін тауып алуға болады. Демек қазіргі күні жеке адам да, компания да, мемлекет те ақша үшін күреседі. Оны әркім әртүрлі жолдармен алады. Біреу еңбегін, біреу білімін, біреу талантын, енді біреу қолындағы барын жалдайды немесе сатады.

Әлем елдерінің инвестициялық саясаты осы жағдайды есепке алатын секілді. Гүлден шырын соратын бал арасы секілді инвесторлар да өз капиталын нығайту үшін өзіне пайдалы елдер мен аумақтарды іздейді. Арзан жұмыс күші, тауарларды өткізу рыноктары немесе шикізат байлығы бар елдер оларды гүлге толы жазира секілді тартады. Біздің Қазақстан тәуелсіздік алысымен көмірсутегі және металл кендері шикізат көздерінің молдығымен оларды өзіне тарта білді. Осының нәтижесінде бүкіл Орталық Азияға келген инвестициялардың 80 пайызын бір өзі иеленіп отыр.

Енді әлемдік тікелей шетелдік ин­вес­­тициялардың соңғы кездегі ағыны қа­лай қарай ауғандығына назар аударып көрейік.

БҰҰ-ның Сауда және даму жөніндегі конференциясы әзірлеген есеп бойынша әлем елдеріне 2014 жылы 1324 млрд, 2015 жылы 1774 млрд, 2016 жылы 1746 млрд доллар инвестиция келген екен. Осы инвестицияның басым көпшілігі бұрын дамушы елдердің еншісіне бұйырса, кейінгі екі жылда жағдай өзгере бастапты. Енді инвестициялар ағымы дамыған елдерге қарай ауа бастаған. Мәселен, 2014 жылы дамушы елдер әлемдік инвестициялардың 50 пайыздан астамын алса, 2015 жылы 40 пайыздан астамын, ал 2016 жылы 30 пайыздан астамын ғана ала алған. Әсіресе Африка, Латын Америкасы мен Кариб бассейні елдеріне келетін инвестициялар көлемі тұрақты түрде төмендей түскені сезіледі. 

Керісінше, осы уақыт аралығында дамыған елдердің инвестициядағы үлесі 40 пайыздан 70 пайызға дейін көтеріле түскен. Инвестициялар, әсіресе, Еуропаға қарай құйыла бастаған. Мәселен, Еуропа елдері 2014 жылы 272 млрд доллар инвестиция тартса, 2016 жылы бұл өңірге 533 млрд доллар инвестиция құйылыпты. Сондай-ақ АҚШ ықпалындағы Солтүстік Америка құрлығы елдері 2014 жылы 231 млрд доллар инвестицияға ие болса, 2016 жылы 425 млрд долларды құрайтын инвестицияға кенелген.

Бұдан әлемде жүріп өткен соңғы дағ­дарыстардың инвестиция­лар ағымы мен ба­ғытына елеулі өзгеріс­тер енгізгендігін байқауға болады. Қаржының көбіктенуі, жаңа технологиялардың молынан енуі және саяси шиеленістердің жиілеуі салдарынан пайда болған бұл дағдарыстар ел мен елдің арасындағы алшақтықты ұлғайта түсті. Дүниенің құбылуы, көп­теген өңірлерде тұрақсыздықтың етек алуы, босқындар проблемасының кү­­шеюі қарапайым халықтың ғана емес, ірі инвесторлардың көңіліне де алаң әкелді. Осыдан барып әлемдік ин­вес­ти­циялар ағымы да «бай байға, сай сай­ға құяды» қағидасымен жүріп жат­қан секілді.

Әлемдегі ең мықты инвестор ел АҚШ екендігі бұрыннан белгілі. 2016 жылы бұл ел 299 миллиард долларды құрайтын инвестициясын сыртқа шығарыпты. Дегенмен мұнан кейінгі тізімде елеулі өзгерістер болғандығы байқалады. Мәселен, көршіміз Қытай 2015 жылы 128 миллиард долларды құрайтын инвестициялық қаржысын сыртқа шығарып, АҚШ, Ирландия, Нидерланд, Жапониядан кейінгі бесінші орынды қанағат тұтса, 2016 жылы 183 миллиард доллардың инвестициясымен екінші орынға табан тіреген. Мұнан кейінгі орындарға Нидерланд, Жапония, Канада, Гонконг жайғасқан.

Ал енді қай ел көбірек инвестиция тартуда деген сұраққа жауап іздесек, көш басынан бұрынғысынша тағы да АҚШ-ты көреміз. 2016 жылы оның тартқан инвестициясының көлемі – 391 миллиард доллар. Демек соңғы жылдары АҚШ-тың инвестицияны беруінен алуы көбейген. Сондай-ақ 2016 жылы 254 млрд доллардың инвестициясын алушы ел ретінде екінші орынға Ұлыбритания біріккен корольдігі көтеріліпті. Үшінші орынға 134 млрд доллардың инвестициясын тартқан Қытай табан тіреген. 

Ал біздің Қазақстан жағдайына келсек, 2016 жылы елімізге 20,6 млрд доллар тікелей шетелдік инвестициялар келгені белгілі. Бұл 2015 жылғы көрсеткіштен 40 пайызға артық және соңғы он жыл ішіндегі рекордтық көрсеткіш ретінде тіркелген.

Сұңғат ӘЛІПБАЙ,
«Егемен Қазақстан»