Технология • 29 Қаңтар, 2018

Баламалы энергия – сарқылмайтын қуат көзі

2851 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Елбасы Жолдауының басым бағыттарының бірі – жаңғырмалы энергия үлесін арттыру, «жасыл» технологияларға көшу, тұрмыстық қатты қалдықтарды кәдеге жарату және қайта өңдеу арқылы ресурстық әлеуетті дамыту екені белгілі. Осы міндеттер қалай жүзеге асырылып жатыр? Бұл туралы Энергетика вице-министрі Ғани Сәдібеков Үкімет үйінде өткен баспасөз мәслихатында баяндады.

Баламалы энергия – сарқылмайтын қуат көзі

Бүгінде күллі әлемде энергия тапшылығы байқалып отырғаны белгілі. Қазір өзіміз қуат көзі ретінде пайдаланып отырған көмір, мұнай, табиғи газ секілді энергия түрлері түптің түбінде түгесілетіні анық. Сондықтан Қазақстан да болашағы үшін қам жасап, жаңғырмалы энергия көздері арқылы ресурстық қорды жасап алуға ерекше ықылас танытып отыр. Вице-министрдің айтуынша, «Қазақстан-2050» Стратегиясында да табиғи ресурстардың сарқылуы қазіргі заманғы сын-тегеуріндердің бірі ретінде қарастырылған. Осыған орай еліміз баламалы қуат көз­дерін дамытуды қолға ала бас­тады. Ғ.Сәдібеков электр энер­гетикасы саласындағы жаңғыр­малы энергияның үлесін 2030 жылға қарай 30 пайызға дейін жет­кізу міндеті тұрғанын алға тарт­ты. Былтыр бұл саладағы өсім са­ғатына 1 млрд кВт-сағат энергия­ға жеткен. Ол 2016 жылмен салыс­тырғанда 22 пайызға артық көр­сет­кіш. Ендігі биылғы жос­пар – энер­гияны өндіруді саға­тына 1,7 млрд киловатқа жеткізу.

Мемлекет жаңғырмалы энергия көздерін өндіретін нысандарды да салуға ден қойып, былтыр осындай бес нысан іске қосылған. Олардың бәрі де алдымен шалғай өңірлерді баламалы энергия көзімен қамтамасыз етуді мақсат еткен. Биыл тағы 10 нысанды пайдалануға беру жоспарланып отыр.

Вице-министр жаңғырмалы энергия көздерін одан әрі дамыту үшін аукциондық механизмдер енгізіле бастағанын айта келіп, бұл жобаларға инвестицияларды көптеп тартуға, процестің ашық әрі әділ өтуіне ықпал ететінін жеткізді. Бұған қоса биыл алғаш рет жалпы қуаты бір гигаватты құрайтын жаңғырмалы энергия көздері жобаларына халықаралық аукциондық сатылымдар енгізу жоспарлануда. Бірінші сатылымдар мамыр айында өткізіледі. «Аукциондық сатылымдарды өткізу туралы мәліметтер ресми интернет-ресурстарында жария­ланады. Іріктеудің шарттары бар­лық кәсіпкерге бірдей болады. Аукционға тек бизнесмендер ғана емес, азаматтығына қарамастан кез келген ниет білдіруші қаты­са алады. Аукциондық саты­лым­дарға қатысуға отандық биз­нестен басқа қазірдің өзінде Сауд Арабиясы, Канада, АҚШ, Қытай секілді шетелдердің компаниялары қызығушылық танытып отыр. Мұндай аук­цион түрін енгізу арқылы біз екі мәселені шешпекпіз. Біріншіден, жаңғырмалы энергия көздерінің құны мен еліміздің экономикасына ықпал ету деңгейін төмен­детеміз. Екіншіден, жаңғырмалы энергия көздері саласындағы озық технологияларды елімізге тартатын боламыз», деді Ғ.Сәдібеков.

Бұдан кейін жасыл техно­ло­гияға көшу мәселесіне тоқтал­ған вице-министр тұрмыстық қал­­дықтарды өңдеу үлесін 2030 жылға қарай – 40 пайызға, 2050 жыл­ға қарай 50 пайызға дейін жет­кізу көзделіп отырғанын айтты. Ал 2030 жылға қарай халық­тың 100 пайызы қалдықтарды шы­ғару қызметімен қамтылып, тұр­мыс­тық қатты қалдықтар поли­гон­­дары­ның 95 пайызы эколо­гиялық талаптар мен санитарлық ережелерге сай жұмыс істейтін болады.

Қалдықтарды бөлек жинау 40 елді мекенде, сұрыптау – еліміздің 19 өңірінде енгізілген. Биыл Шымкент, Қарағанды қа­ла­ларында, Алматы мен Солтүстік Қа­зақстан облыстарында қалдық­тарды қайта өңдеу бойынша 5 нысанды пайдалануға беру жоспарланып отыр екен.

Ескі көліктерді қайта өңдеу, қабылдау жұмыстары да аяқсыз қалмағанын айтқан Ғ.Сәдібеков бүгінде тозығы жеткен көлігін өткізген жандарға берілетін өтемақы 49 мыңнан 150 мыңға дейін жетіп отырғанын атап өтті. Әрі көлігін өткізген азаматтарға отан­­дық жаңа көліктерді жеңіл­дік­пен алуға мүмкіндік беретін арнайы сертификат тапсырылады.

Қымбат ТОҚТАМҰРАТ,

«Егемен Қазақстан»