01 Ақпан, 2018

Фонограммаға тоқтау бола ма?

481 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

 

Соңғы уақытта жұрттың фоно­грам­маға қарсы наразылығы отқа май та­мыз­ғандай өршіп тұр. Сахнада орындайтын әндерін компьютердің көмегімен айтушылар мен аузы жыбырлап тұрғанмен дауысы фонограммамен қабыспай, үйлеспей, тіп­ті айдалаға қиыс кетіп жатқанына қым­сынбайтын, ұят санамайтын бәт­шағарлар халықтың ыза-кегін әбден қайнатып бітірді. Ән айтса, жанын жеп айтатын далалық дәстүрлі тұма бұлақтардың сыңғыры бірте-бірте көз ұшынан жылыстап бара жатқан керуеннің көшіндей санада сұлбалары көмескілене елес береді.

Фонограммаға тоқтау бола ма?

«Әншілер халықты алдамасын, көз­бояушылыққа бармасын. Ән кеші­нен рухани азық алып, демалуға кел­ген қарапайым қара халық қып-қызыл ақшаларын текке кетіріп, алдан­ған­дарына налып, көңілдері су сепкен­дей пұ­шайман болып шығады. Мәселен, біреудің ақшасын алдап-сулап бойға сіңіріп кету заң бойынша қылмыс болып саналады. Ал неге осы тақылеттес теріс әрекеттер, өнердегі қиямпұрыс көрі­ністер заң жүзінде реттелмейді? Көшедегі тонау мен алдап-арбаудан мынадай жалған жолмен пайда табудың қандай айырмашылығы бар? Дейсіз ғой, әрине. Өйткені біздің елімізде фонограммамен ән салуға тыйым салынбаған. Сол себепті әсіресе ән өнерінде бетімен кетушілік белең ала бастады. Қазір ақшасын қайда шашарын білмей жүрген байшыкештің баласының киелі сахнаны еріккеннің ермегіне айналдырып, жұлдыз атанып шыға келуі ешкімнің таңданысын туғызбайды. Сах­наның киесі, иесі деген құдіреттен қорықпайтын бұл неғылған тәртіпсіздік? Кеңес одағы құрамындағы бұрынғы республикалардың көбісінде қазір фо­но­граммаға қатаң тыйым салынған деп естіген құлағымызда жазық жоқ. Сахнада көзбояушылыққа баратын халтурщиктерге айыппұл салып тастаған немістен, қытайдан өнеге алсақ, қазақтың қолын кім байлап отыр? Дамыған Еуропа елдеріне жетейік десек, онда да фонограммаға жол берілмейді екен. Өркениетті елдердің озығынан үйреніп, тозығынан жиренетініміз қайда қалды біздің? Мәтіндері бытықы-шытықы әндердің, бейнебаяндары тұрмыстық ойлардан аспайтын әншісымақтардың арамшөптей қаулап кетуінің себебі сонда. Көзбояушылық үшін ешкім жауапқа тартылып жатқан жоқ. Сахнада аузын жыбырлатып, көзін жыпылықтатып тұрған 4-5 минөті үшін 4-5 мың теңгені сыпырып қалтаға басып кете барады. Жанды дауысқа артығырақ мән беріп, фонограмма құрғырдың көзін құртуға кірісіп кеткен Алатаудың арғы бетіндегі айыр қалпақты қырғыз бауырлар екеш жоқпыз ба сонда? Адамның таңдау құқығы алдыңғы орында тұратын кей­бір демократиялық елдерде оған рұқсат берілгенмен, шығармашылық концерттердің афишасында әннің фонограммамен орындалатыны жазылып тұратын көрінеді.

Компьютерлік дауыс күшейткішпен әуендерін, әуездерін мың құбылтқанмен мұндай таяздықтың ақыры жақсылыққа апарып соқтырмасын, қиядан қызыл нәрсені шалса, қылқына қиқу салатын ала қанат сауысқан бұлбұлдың орнын өліп қалса да баса алмайтынын түсінбейтіндері жаман. Бірақ бәрінен де фонограмманың арқасында әнші атанып жүргендер мен домбырада, қобызда, жалпыхалықтық музыкалық аспапта шынайы өнер көрсететін өнер иелерінің аражігін ажыратып, «мынау – дұрыс, анау – қате» деп таза өнімді биіктете қоше­меттеп, ал қойыртпақты қоқыс жәшікке сұрыптап отырған ешкім жоқ. Міне, бар сыр сонда.

Оңай олжа, жеңіл жолмен табысқа кене­лу екінің бірін әншіге айналдырған заманда өмір сүріп жатқанымызбен, түбі алдамшы атақтың ерте ме, кеш пе, бәрібір тамыры қиылады. Бет-пердесі ашылады. Лап етіп жанып, лып етіп өшеді. Біздің кейбір әншісымақтардың бейнебаяндарының сиқы қандай? Шетелдік қымба-а-ат көлікке мініп кетіп бара жатады. Көпқабатты үйлерін, іші толы алтын жалатылған жиһаздарын жария етеді. Жапсырма кірпіктерін, қызыл-жасыл көйлектерін, баттасқан бояуларын, әлем-жәлем әшекейлерін әспеттейді. Қазақы мидың қауашағына сыймайтын нәрселерді насихаттайды.­ Осы арқылы кімнің деңгейі қай жер­ге дейін өскенін бағамдай бересіз. Мұн­дайда біздегі шіркіндер әлемдік дең­гейдегі өнер жұлдыздарынан неге үлгі-өнеге алмайды екен-ай дейсің. Халық әншінің концертіне түрі-басын көру үшін емес, сахнадағы биязы өнерін, жанды дауысын тыңдап, рухани ләззат алу үшін баратынын ұғынатын кез жетті ғой болмаса. Компьютермен жөнделген, тазаланған, қырналған, жонылған нұсқалар телевизиялық жобалардың талабына жауап беруі мүмкін-ау. Ал бірақ көпшілік жиналған алқа-қотан басқосуларда, концерттік залдарда өтірік ерін жыбырлатып, алты қырдан атағыңды асыра алмайсың. Сондықтан халық текке алданып қалмауы үшін алдын-ала «ән фонограммамен орындалады», болмаса «жанды дауыста шырқалады» деп жарнамасы мен афишаларына міндетті түрде жазылуы талап етілуі керек. Содан соң жұрт бара ма, бармай ма, өздерінің құқы.

Қарашаш ТОҚСАНБАЙ,
«Егемен Қазақстан»