Тәрбие • 06 Ақпан, 2018

Ақсақал неге қамықты?

308 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Адам тағдыры шалқар теңіздегі қауқарсыз қайық секілді. Үнемі асау толқындармен арпалыса жүзіп, жаңқадай шағылып жағаға шығып қалмауға тырысып бағады. Сондықтан «өмір – теңіз» деп бекер айтпайды. Бірақ осындай өмірдің ыстық-суығын көрген, оның небір қиын жолдарынан өткен адамдардың салған соқпақтарының сыры ашылмаса, қайырымы да болмайды екен. Неліктен дейсіз ғой. 

Ақсақал неге қамықты?

1941-1945 жылдардағы соғыс­тың тыл еңбеккері, «Қазақ тілі» қо­ғамының ардагері, КСРО және Қазақстан Республикасы білім беру ісінің озық қызметкері, Жылыой ауданының құрметті азаматы Нұр-Мұхаммед Есенәліұлы бүгінде 88 жастан асып отыр. Жылыой ауданынан табан аудармай, сондағы мектептерде 65 жыл бойы үздіксіз ұстаздық еткен. Еліміздің жоғары оқу орнын өткен ғасырдың 53-жылдары бітірген екен. Иә, кеңестік заманның бар ауыртпалығын да, бүгінгі егемен еліміздің тәуелсіздік алған жылдарындағы қызығын да қатар көріп келе жатыр. Расында, көргені аз емес. Айтары да көп екен. Бірақ соған қоса назы да бар екенін жасырмады.

89 жасқа аяқ басқан атамыз өткен жолы редакциямызға арнайы бас сұқты. Осы жасқа келген­де бас басылымның қара шаңырағы табалдырығын атта­­ғанына қатты риза болды. Газе­тіміздің жаңарып, жасарып, жан­данып жатқанына қуаныш біл­дірді. Сөйтіп өмір жолын да, өмір жолынан жастарға үлгі алар жайт­тарды да айтып өтті. Еліміз тәу­ел­сіздігін алған шақта бақытты өмір сүріп жатқан қазіргі жастарға қы­з­ыға да қуана қарайтындығын, мұн­­дай кезеңге аяқ бастырған Ел­ба­сының сара саясатының баян­ды­лығына ризашылығын жеткізді. Енді міне, бүгінде «Нұр Отан» пар­­тиясының мүшесі ретінде көп­те­ген жақсылықтардың, игі істер­дің куәсі болып жүргенін жасыр­мады. Алайда ол, өзінің жас ке­зін­де қолға алған ісінің аяқсыз қал­ғанын күрсіне айтады. Сонау 1982 жылдың желтоқсан айында сол кездегі Қамыскөл қазақ мектеп-интер­натының директоры болып тағай­ындалады. Әрине ол кезде мек­­теп-интернат деген аты ғана еді дейді. Себебі мектеп-интернат ке­шені толықтай құлдырауға түс­кен.

Дәл мұндай қысылтаяң шақта директорлық тізгінді өзіне текке ұстатпағанын Нұр-Мұхаммед Есенәліұлы да анық ұғынады. Келесі жылы мектеп-интернатты құрдымнан құтқару үшін үш жыл­дық күрделі құрылыс жұмыс­та­рының жоспарын түзіп, соған бел шеше кіріседі. Сөйтіп бас-аяғы үш жыл дегенде мектеп-интернат ке­ше­ні қайта жаңарып, қатарға қо­сы­ла­ды. Тіпті содан Қамыскөл қазақ мектеп-интернаты 1986-1987 оқу жылына сақадай сай әзір болғаны сонша, социалистік жарыста оныншы бесжылдықтың жеңімпазы атанады. Соны бағалаған аудан басшылары мектеп директоры Н. Таңбайды «КСРО ағарту ісінің үздігі» белгісімен марапаттайды. Алайда бұл еңбектің жемісін көру ұзаққа созылмайды. Неге екені белгісіз 1988 жылы «Қамыскөл қа­зақ мектеп-интернаты жабылсын» де­ген шешім шығарылады. Бар ең­бек зая кетіп, аталған оқу кешені жа­бы­лып тынады.

Міне, содан бері Н. Есенәліұлы ақсақал осы мектеп-интернаттың орын­сыз жабылғанын айтып ке­леді. Мәселе, дәл сол мектеп­тің жөнделіп, қайтадан қирап қа­лу­ын­­да емес. Мәселе, сол кездегі қан­­шама оқушылар мен ата-ана­лар­­дың күткен ақ үміті ақталмай қа­­луында, соған сай қаншама жас­тың қиыншылық көргенінде дей­­ді. Ол мектеп жабылмағанда әлі күнге пайдаға асып, талай жастың өмірге қанаттанып ұшуына алтын ұя міндетін атқарар еді. Тіпті басқа да сала қызметіне жарар ма еді. Сондықтан бүгінде ақ­са­қал нақ сол кездегі өзінің де еңбегі ескерусіз қалғандығын жасырмайды. Енді қазір сол кезде атқарған қызметтерінің басы ашылып, анықталып тексерілсе деген тілегі де жоқ емес. Осының жайын қуалаймын деп жүріп, басы да дауға қалған көрінеді. Жергілікті басылымдарда «Қамыскөл мектеп-интернаты неге жабылды?», «Қамыскөл интернаты қашан ашы­ла­ды?» атты мақалалар да жа­рия­лан­ған екен. Сондықтан ақсақал өзінің кезіндегі атқарған еңбегін е­леп, әлі де ескерсе, сөйтіп бір қай­ы­­рымын қарастырар тиісті билік ор­ны болса деп үміттенеді. Әрине мұндай шешімі қиын мәселелер түйіні тарқатылуы үшін құзырлы органдар көмегі қажет екендігі сөзсіз. Ендеше ақсақалдың үніне құлақ түрер мекемелер де табылып қалар дейміз.

Александр ТАСБОЛАТ,
«Егемен Қазақстан»