22 Ақпан, 2018

Даму үшін әділдік ауадай қажет

1552 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Әділдік қашанда адамзаттың арманы болып келеді. Жасыратыны жоқ, кейде бір ұжым түгілі, бір отбасының өзінде әділдік кемшін қалып жатады. Осындай жағдайда оның тұтас мемлекетте орнауы орындалмас армандай көрінетіні рас.

Даму үшін әділдік ауадай қажет

Бірақ қалай десек те, әділдіктің салтанат құратыны қиял емес екендігі анық. Тек сол әділдіктің орнауына адамдардың өздері ерік берсе, соны қабылдаса және соған тек икемделу ғана емес, оны өздері күнделікті ту етіп ұстанып жүрсе нәтиже шығады. Әйтпесе, қолдан сол ту түскен күні әділдік те қараң қалатыны белгілі. Ал біздің ел үшін әзірге керегі әділдік туын әр адамның ұстанып жүруі болып тұрғаны жасырын емес.

Әрине, әділдік адалдықтан туады. Және кез келген істе жұрттың бәрі адалдық танытады деу асыра айтқандық болар еді. Әйтпесе мүлде қылмыс та болмай, сот жүйесі де, құқық қорғау органдары да әділдікті орнатамыз деп шала бүлінбес еді. Мемлекеттер арасында соғыс та болмас еді. Бірақ әлемде жанжал да, соғыс та, қылмыс та қанатын кеңге жайып барады. Ол нені білдіреді? Әрине, қайда болса да әділдікті орнатудың қиындығын білдіреді. Өйткені ол дауласып қалған екі адамның арасындағы келіспеушілік кілтін табу үшін ғана емес, бүкіл адамзаттың болашағы үшін керек. Міне, сондықтан да Мемлекет басшысы Н. Назарбаев «ХХІ ғасырдағы әділдік – бұл ұлттық дамудың ең маңызды шарттарының бірі» деген болатын. Бұл сөзге ел іші де, сырты да тыныш болсын, халықаралық жағдай жақсы болсын, дау-дамай, өкпе-наз, қастандық аз болсын деп тілейтін иманды жанның бәрі қосылады. Өйткені әділ бола білудің маңызы тереңде. Оны Елбасы да айта келе: «ХХІ ғасырда жаһандық әлемнің құрылымы көптеген факторларға тәуелді. Олардың қатарында жер жүзіндегі миллиардтаған адамдардың әділдікке ұмтылысын көруге болады. ХХІ ғасырдағы әділдік – бұл адамгершілік категориясы ғана емес, ұлттық, жаһандық дамудың ең маңызды шарттарының бірі. ХХІ ғасыр­да «үшінші әлемнің» табиғи ресурстарын «сорудан» тұратын экономикалық модельден өнегелік күтуге болмайды. Ол жерлерде әлгін­дей ресурстар таусылған соң тығы­рыққа тірелу байқалады», деді.

Демек, әділдік біздің дамуымыз үшін ауадай қажет. Ол үшін не керек? Біздің Ата Заңымызда ең басты құндылығымыз адам, оның құқы мен бостандығы екендігі анық жазылған. Ендеше осы азаматтардың бай-қуатты, бақытты болуы мен елдің өркендеуіне не түрткі бола алады? Ол – әлемдік тәжірибеде айқындалған­дай, биліктің азаматтарға деген адал қарым-қатынасы, Конституция, заң­дарымыздың барлық талаптары ой­да­ғыдай сақталуы. Осындай адал да әділ қарым-қатынас арқасында азаматтар өздерінің, балаларының, немерелерінің ертеңгі күнге сенімін арттырады. Ешқандай қорқынышсыз, үрейсіз үлкен істерді сеніммен бас­тайды. Ал мұның өзі азаматтардың бола­шақта табиғи ресурстарға мүдделі бол­май бақуатты өмір сүре алатындай күйге жетуіне жағдай жасайды.

Бәріміздің де жақсы өмір сүр­гі­міз келетіні сөзсіз. Осы орайда Елба­сы­­ның әлемдегі 30 озық елдің қатарына ену бастамасын көтеруі бекер емес. Ол көшке тек өз елінде жақсы өмір сүретіндер ғана қосыла алады. Міне, Мемлекет басшысының стратегиялық тапсырмасының мәнісі осы – ел тұрмысының жоғары деңгейге жетуін көздеу. Оның бір негізі – әділдік. Оны қалыптастыратын сот жүйесі мен құқық қорғау органдары. Осыған орай Президент «Кез келген сот реформасының түпкі мақсаты – судьялардың адалдығы мен кәсібилігі, әділдік және әділ сотқа қолжетімділік болып саналатын тәуелсіз және сатылмайтын сот билігі» деді. Ендеше біле білсек, құқық қорғау органдары мен соттардың проблемаларының бүкіл қырын қамтитын Ұлт жоспары дәл осы міндеттер ауқымын шешуге бағытталған. Бірақ бір ғана соттың немесе құқық қорғау органдарының жұмысы әділдік мәселесін шешіп бере алмайды. Әр адамның, барша халықтың, тұтас елдің қолында әділдік туы желбіреп тұрса ғана биліктің де назары адалдық пен әділдік ауылына ауатыны сөзсіз. Алайда бұған біз дайынбыз ба осы?

Александр ТАСБОЛАТ,
«Егемен Қазақстан»