Қазақстан • 22 Ақпан, 2018

Тараздағы «Жеңіс» саябағы қайта жаңғыртылады

2398 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

 Алдағы уақыттарда Тараз қаласындағы Бауыржан Момышұлы атындағы «Жеңіс» саябағы қайта жаңғыртылып, адам танымастай өзгеретін болады. Бұл туралы Жамбыл облысының әкімі Асқар Мырзахметов қатысқан қалалық кеңестің отырысында белгілі болды.

Тараздағы «Жеңіс» саябағы қайта жаңғыртылады

 Расында да осы уақытқа дейін тараздықтар жаз мезгілінде серуендеп жүретін, болмаса қонақ келгенде апарып көрсететін демалыс орындарының тапшылығы туралы талай мәселе көтеріп келген. Мәселен Бауыржан Момышұлы атындағы «Жеңіс» саябағына халық көп шоғырланатындықтан, бұл жерді жаңғырту керектігі де сөз болған. Енді аталған саябақ қайта жаңғыртылып, жаңаланатын болады. Жиында саябақты жаңғырту жобасымен Алматы қаласынан арнайы келген «Арыстан – Сервис» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі таныстырды. Жоба авторларының айтуынша, мұнда Ұлы Отан және ауған соғысы ардагерлеріне, сондай-ақ тыл еңбеккерлеріне арналған музей бой көтеретін болады. Сондай-ақ, Ұлы Отан соғысына қатысқан 68 мың жамбылдықтардың есімі жазылған «Жауынгерлік даңқ аллеясы» мемориалды композициясы да салынады. Сонымен қатар, ерлікпен қазақ тапқан жамбылдық жауынгерлер туралы тың деректер іздестіріліп, олар жергілікті баспасөз беттерінде жарияланады.

Саябақ аумағында Жеңіс күніне орай «Мәңгілік полктің» жүруіне де басымдық беріліп, қаланың әр жерінде орналасқан «Мәңгілік алау» мен Бауыржан Момышұлы ескерткіші саябақ аумағына әкелінеді. Бұл орайда Ұлы Отан соғысының ардагері, жазушы Бауыржан Момышұлының ұрпақ тәрбиесіне қатысты айтқан нақыл сөздері жазылған тақтайшалар орнатылады. Сонымен қатар, қауіпсіздікті сақтау мақсатында саяқат аумағына толықтай бейнабақылаулар қойып, қосымша полиция пункттерін ашу жоспарда бар.

 Келешекте Тараз қаласындағы Бауыржан Момышұлы атындағы «Жеңіс» саябағы жастарды отансүйгіштікке тәрбиелейтін, тарихты тануға үндейтін саябақ болмақ.

Хамит Есаман,

«Егемен Қазақстан»

Жамбыл облысы