Қазақстан • 27 Ақпан, 2018

Сараптама қызметі мінсіз болғаны жөн

497 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Астанада Сараптама ұйымдары палатасының жалпы жиыны өтті. Онда палата мүшелері «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне кәсіпкерлік қызметті реттеуді жетілдіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасына сараптама қызметі бойынша енгізілмек кейбір түзетулерге қатысты пікірлерін білдірді. 

Сараптама қызметі мінсіз болғаны жөн

Тарқата айтар болсақ, қазіргі таңда «100 нақты қадам» Ұлт жос­парының 47-қадамына сәй­кес, құрылыс жобаларына сараптау жүргізуді бәсекелестік ортаға бере отырып, мемлекеттік монопо­лиядан біртіндеп бас тарту қарастырылуда. Жиында айтылғандай, аталған мәселеге байланысты бүгінде Парламент Мәжілісінің қарауында жатқан «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне кәсіпкерлік қызметті реттеуді жетіл­діру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгі­зу туралы» заң жобасы аясында Сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметіне (СҚҚжҚҚ) сараптама жүргізу ісіне қатысты бірнеше түзетулер ұсынылған.

Палата мүшелері бұл түзету­лердің бірқатарын орынсыз деп санайды. Мәселен, «Палата – біртұтас коммерциялық емес ұйым» ұғымын алып тастап, бірне­ше палата құру, жобаларды сараптау саласындағы мемлекеттік моно­полия субъектісін, сараптама жүргізуге арналған біртұтас портал мен ақпараттық жүйе жа­сауға байланысты қызметтер мен жұмыстарды ұсыну бойын­ша қосымша қызметтермен қамта­масыз ету және палата жарғысын өкілетті органмен келісімдеу бағы­тында ұсынылған түзетулер палата мүшелерін алаңдатуда. Нақтылай айтқанда, аталған ұйым мүшелері сараптама қызметі саласының әлсіреуіне, кәсіби деңгейі төмен палаталардың пайда болуына және Ұлт жоспарының 47-қадамын сапасыз атқаруға әкеп соқтыратын, жоғарыда аталған түзетулерді жөн­сіз деп есептейді.

Сондай-ақ жиында елімізде бәсекелестік ортаға берілген сараптама жұмыстарының көлемі 2018 жылдың 1 қаңтарында 63 пайызды құрап отырғаны да айтылды. Сараптама қорытындыларына кешенді талдау көрсеткендей, 2017 жылы аккредиттелген сараптама ұйымдарына 11981 жоба түссе, оның 7682-сі бойынша қорытынды беріліп, 2196-сы сол күйі қараусыз қайтарылған және 664 жобаға байланысты келісімшарттар бұзылған.

Палата басқармасы аппара­тының қызметкерлері Парламент қабырғасындағы, «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы ала­ңындағы жұмыс топтарына белсене қатысып, Құрылыс істері және тұрғын үй-коммуналдық шаруа­шылығы комитетінің ғы­лыми-техникалық кеңесінің жұмы­сынан да қол үзбеген. Палата қыз­метінің бағыттарының бірінде, 2017 жылы жобаларды сараптауда өзіндік реттеу құралын енгізуге көңіл бөлін­ген. Бұл мақсатта шетелдік тәжірибе зерделеніп, ел заңнамасы талданған. Нәтижесінде заңнаманы жетілдіру жөнінде ұсыныстар дайындалған.

Былтыр палата «Сатып алулар туралы» заңды бұзу (83 арыз), бағалық ұсыныстар (47), байқаулар (34), нормативтік-құқықтық акті­лерді белден басу жайттары жө­нінде мемлекеттік органдарға жүгінген. Нәтижесінде бірнеше сараптама ұйымы мәртебесіндегі жауап­кершілігі шектеулі серік­тес­тіктер қызметі күмәнді жет­кізушілер тізіміне кіргізілген.

Өткен жылы Қазақстан эко­логиялық аудиторлар палатасымен және Ресей құрылыс сарапшылары палатасымен ынтымақтастық жайлы меморандумға отырған Сараптама ұйымдарының палатасы халықаралық ауқымда да белсене қимылдауда. Палата басқармасы тұрақты түрде өзіне мүше ұйымдардағы мамандар мен сарапшылардың біліктілігін көтеруге қатысты семинарлар мен курстар өткізіп келеді. Мәсе­лен, 2017 жылы 5 семинар ұйым­дастырылып, 10 әдістемелік құрал жасалған. Биыл палата ұжымы, өздеріне қатысты заң баптары мен нормативтік-құқықтың актілерді жетілдіруге күш салуды жалғастырып, дербес электрондық ақпараттық жүйесін дүниеге әкелмек. Әрі қарай ол www.epsd.kz біртұтас электрондық порталына біріктірілмек. Палатаны өз алдына қызметін реттей алатын белді ұйымдарға айналдырып, құрылыс жобалары сараптамасын бәсекелестік ортаға табыстау да жіті назарда болмақ.

Жиын қорытындысында реви­зиялық комиссияның, сарап­тамалық және тәртіптік кеңестің, өңірлердегі өкілдердің, рейтингтік комиссияның есебі тыңдалды.

Айта кетейік, аталған палата Ұлт жоспары мен «Қазақстан Республикасындағы сәулет, қала құрылысы және құрылыс қыз­меті туралы» Заңды (СҚҚжҚҚ) жүзеге асыру мақсатында, тікелей «Атамекен» ҰКП қатысуымен 2016 жылдың ақпан айында «Сараптама ұйымдарының палатасы» атауы­мен аккредиттелген сараптама ұйымдарының кәсіби бірлестігі ретінде құрылған болатын. Қазіргі уақытта бұл палатаға аккредиттелген 97 сараптама ұйымы мүше.

Жолдыбай БАЗАР,
«Егемен Қазақстан»