Таным • 28 Ақпан, 2018

Алғыс айту күні – елдіктің ерен мерекесі

1229 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Қазақстан халқы Ассамблеясының жиырма жылдығын мерекелеу аясында Елбасы этномәдени бірлестіктер өкілдерінің ұсыныс­тарды қолдап, бұл күнді этностардың бір-біріне және көптеген этностар елге күштеп қо­ныс­тандырылған кезде төзімділік пен қонақ­жай­лы­лық танытқаны үшін қазақ халқына алғыс білдіре алатын күн деп жариялады.

Алғыс айту күні – елдіктің ерен мерекесі

Ассамблеяның ХХІІ сессиясының ашылу салтанатындағы сөзінде Мемлекет басшысы қиын-қыстау заманда елімізге көптеген халықтардың жер аударылғанын, сол кезеңде жергілікті жұрттың оларға үлкен қамқорлық көрсеткенін, елдің жағдайы ауыр болса да, барын бөлісіп, тату-тәтті тірлік еткенін еске алды. «Сталин режімінде әр жылдары, өздеріңіз білетіндей, халықтар түгелдей жер аударылды. Оларды вагондардан ауылдарға тастап кете берді, олардың еш дүниесі болған жоқ. Сол уақытта бұл далада өздері мұқтаж бола отырып, оларды саман үйлеріне қабылдаған қазақтар, қазақ отбасылары ғана өмір сүрді»,  деді Елбасы. Нұрсұлтан Назарбаевтың осы сөздері «Алғыс айту күні» мерекесінің басты философиялық іргетасы болды.

Бұл күнде барлық ұлттың бір-біріне және осы адамдарды қабылдаған, барынша қам­қор­лық білдірген қазақтарға алғыс айтуы тамаша дәс­түрге айналды. Алғыс айту күннің халық­ара­лық дәрежесі жоқ, бірақ еліміз үшін бұл үлкен аса маңызды мерекелердің бірі. 1 нау­рыз – Елбасының бейбітшілік пен келісімге негіз­­делген сарабдал саясатының нәтижесі паш етілетін күн. Ұлы Дала елінің жастары үшін біртұтас елдіктің, ынтымақтастық пен тату­лық­тың және де өткенге салауат пен болашаққа деген үміттің мерекесі.

Алдағы уақытта Елбасы бастаған Қазақстан халқы Ассамблеясы жастар саясатын жаңартуды жоспарлауда. Саяси, экономикалық, рухани жаңғырудың аясында ҚХА жастар қанатын реформаландыру да көкейкесті мәселе. Бүгінгі буын бір шаңырақтың астында, біртұтас ұлт ретінде қазақтың еліне, жеріне, тіліне құрмет білдіре жүріп, Ұлы Дала елінің дамуына үлес қосуға дайын.

Максим СПОТКАЙ,

Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшесі, «Нұр Отан» партиясы медиа-редакциясының басшысы