Бокс • 27 Наурыз, 2018

Олимпиада тұғырындағы қос қазақ

953 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Бұл сурет осыдан 10 жыл бұ­рын Қытай астанасы Бейжіңде өткен XXIX Жаз­ғы Олимпия ойын­да­ры­ның финалында түсі­ріл­ген. Қазақ спорты үшін бұл тари­хи маңызы бар аса құн­ды сурет. 

Олимпиада тұғырындағы қос қазақ

Қазір кез келген қазақ­стан­­дық суреттегі екі спорт­шымен мақ­тана алады. Себебі бей­не­дегі екі қазақ­тың бірі (Ба­қыт Сә­р­секбаев) – Олимпиада чем­пионы атанса, екінші қа­зақ (Қанат Ислам) Қытай құ­ра­масы сапында сынға түсіп, қола жүл­­де алды. Сөйтіп екі бірдей оғ­­ланымыз Олим­пи­­адада меда­ль алып, тұ­ғыр­­дың ең биік са­тысында өт­кенге өнеге, жас­тар­ға үлгі болатындай тарихи су­ретке түскен еді.

Бір қызығы Олимп шы­ңын бағындырған Бақыт Сәр­секбаев пен Қанат Ислам өз­ге елде туып, тарихи отаны­на оралған спортшылар. Ба­қыт Сәрсекбаев 1981 жылы Өзбекстанның Ташкент облысы, Табақсай ауылында туған. 2004 жылы Афинада өткен жазғы Олимпия ойындарында Өзбекстан құрамасымен бара алмай, сол жылы Қазақстанға оралған.

Ал қытайдың 10 дүркін чем­пионы болған Қанат Ис­лам Қытайдың Іле Қазақ авто­но­мия­лық облысы, Алтай ай­ма­ғында туған. Бейжің Олим­пи­адасынан кейін 2010 жы­лы азаматтығын ауыстырып, ата­мекені Қазақстанға қоныс ау­дарды. Ол Қазақстанға Лон­дон Олимпиадасына тарихи ота­нының атынан қатысуды мақ­сат тұтып келген болатын. Бірақ Қытай тарапы Қанат Исламға қарсылық танытып, Қазақстан атынан сайысқа түсуге рұқсат бермеді. Сөйтіп ол 2012 жылдан бүгінге дейін кә­сіп­қой бокста бақ сынап келеді.

Тарихи суретті таспаға тү­сір­­ген қазақстандық фото­тіл­ші Станислав Филиппов сол уа­қытта Олимп тұғырында тұр­ған екі қазақты суретке түсіріп тұр­ғанын білмегенін айтады. «Қателеспесем, Олимпия ойын­­дарының соңғы күндері бо­латын. Басшылар бүгін Бақыт Сәрсекбаев финалда жұ­ды­рықтасады. Бұйырса, құрама қор­жынына алтын жүлде түсіп қа­луы мүмкін, сен сол сәтті суретке түсіруің керек деді. Күт­кеніміздей Бақыт финалдық ай­қаста жеңімпаз атанып, ел ме­рейін үстем етті. Аренаға жи­налған қазақстандықтардың қуа­нышын сөзбен айтып жет­кізу мүмкін емес. Ол өз алдына бөлек естелік. Сөйтіп кезек же­ңімпаз бен жүлдегерлерді ма­рапаттау сәтіне келді. Бар ойым – жақсы кадр жинау бола­тын. Ресми марапаттау сәті аяқ­талған соң Бақыт жанына Қа­натты шақырып, сурет­ке түсуге ыңғайланды. Қа­зақ­­с­тан­дық спортшының әр­бір қи­­мылын назардан тыс қал­дыр­мау үшін оның әрбір әре­ке­тін суретке түсірумен болдым. Қапелімде еш ой жоқ, Бақыт жақын досымен суретке түскісі келген екен ғой дедім де екеуін суретке түсіріп алдым. Жарыс аяқталып, суреттерді өңдеп жатқанда ақпараттық сайттардан «Қытайдағы қазақ боксшысы Олимпиаданың қо­ла жүлдесін алды» деген сы­ңай­дағы ақпаратты көзім ша­лып қал­ды. Сонда ғана Ба­қытпен бір­ге суретке түскен Қа­нат Ис­ламның қазақ екенін біл­дім. Өзімнің тарихи сурет тү­сір­генімді де сол кезде аң­ғар­дым десем болады. Деген­мен, фо­то­­тіл­шілердің кез келген кадры құн­ды ғой», дейді Ста­нислав Фи­липпов.

Қазіргі таңда Бақыт пен Қанат еліміздің мақтаныштары. Қос қазақ оғланының Олимп төріндегі жеңісі мен жетістігі соңдарынан ерген боксшыларға үлгі. Бақыт пен Қанат­тың бұл жетістігін көріп, естіп өскен саңлақтар дүбірлі додаларда Қазақстанның намысын қолдан бермейтіні анық.

Әли БИТӨРЕ,
«Егемен Қазақстан»