05 Сәуір, 2018

Мейірім жүзіндегі мұң

1495 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Абай хакімнің айтуында, адамның жү­рек­тен аяулы жері жоқ. Айрықша бөліп айтқан адамдық үш қасиеттің бірі де – жылы жүрек. «Рақымдылық, мейірбандылық, әртүрлі істе адам баласын өз бауырым деп, өзіне ойлағандай оларға да болса игі еді демек, бұлар – жүрек ісі» дейді. Ал ғақлия қара сөздерінің соңын: «Адамшылықтың алды – махаббат, ғаделет, сезім» деп тұжырымдайды. Осыған ой жүгіртіп пайымдағанда дүниені ұстап тұрған адамдық асыл қасиеттердің асқар шыңында әділет пен мейі­рім тұрмағы лазым.

Мейірім жүзіндегі мұң

Адам Ата заманынан бері, Әбілді Кәбіл, бауырды бауыр өлтіргеннен бастап қаталдық пен қаскөйлік, қатыгездік пен залымдық исі адам баласының қас дұшпаны болып келеді. Сонда дейміз-ау, бір ғажабы, бірге туғаныңды, өз қандасыңды ғана емес, діні мен ділі, тілі біріңді ғана емес, «Адамзаттың бәрін сүй бауырым деп!» деген ұлық ғаделетті сөзді қазақтың бас ақынының айтқаны қандай ғанибет. Аяулы Төлеген Айбергеновтің «адамның заң­ғар ұлылығын сағынышымен есептеуі де» тегін емес. Өмірдің мәні мен сәні, тіршіліктің жұ­лын-өзегі – махаббат пен мейірім дегенді аң­ғартады жоғарыдағы ғибратты ой иірімдері. Із­гілік пен инабат, адамгершілік пен ар-ұят, бар­лық жақсылық атаулы адам жүрегінің тұма бұлағында тұнған тұнық сезім – мейірім мен махаббаттан бастау алады.

«Әлемді сұлулық құтқарады» деген екен әлемге әйгілі жазушы Достоевский. Бұл сөз де өз ретінде, өз орнында дұрыс шығар. Ал бірақ мейірімі, қайырымы жоқ сұлулықтың да сұлулық болып жарытпасы белгілі. Нағыз шынайы сұлулықтан мейірімнің лебі еседі, махаббаттың нұр шуағы төгіледі. Әлемді құтқаратын құдірет – мейірім мен махаббат, адамды адамдық биігіне көтеретін – мейірімнің шапағаты. Кісілік бастауы – мейірімде. Адам жүрегіндегі мейірім мен қайырым Алланың рақымымен жаралады.

Бұл дүниеде ана мейіріміне, аналық махаб­­бат­қа жетер не бар?! Ол өмірді гүлдендіреді, көңілді нұрландырады. Өмір бастауы – ана мейірімінде. Әлемді құтқарудың үлкен бір кепілділігі де аналар жүрегінің телегей-теңіз, күн­дей қуатты, таудай сабырлы мейірім-ма­хаббатында жатыр. Мейірімді адамдары көп қоғам да неғұрлым ізгілікті, әділетті болмақ, қауым жұртына қуанышты көбірек сыйламақ, қылмыс пен қиянаттан, қара жү­рек қаскөйлік пен жауыздықтан тысқары тұрмақ.

Атам қазақ әлмисақтан қайырымды, мейі­рім­ді, бауырмал халықтардың қатарында. Бала кезімізден мейірім бейнесі бізге ақ кимешекті әжелеріміздің, ақ жаулықты аналарымыздың, аяулы апа-қарындастарымыздың, ақ сақалды аталарымыздың, қамқор әкелеріміздің, ақ жайлау ағаларымыздың, ақ пейіл дос-құрдастарымыздың кейпінде елестейді. Әмбе лайым осылай бола бермек. Мейірім әрбір қазақ шаңырағының отының басында, ошағының қасында. Қазақтың асыл тегі тұр­ғанда мейірімнің оты маздап жана бермек, осынау дүниедегі ең ізгілікті кісілік қа­сиет, адами асыл сезімінің шуақ жылуы жү­ректерді жылыта бермек, шарапатын тигізе бермек.

Әлбетте, ниет-тілегіміз осылай болсын дейді-ау. Бірақ күнделікті өмірде мейірім жүзін­дегі мұңды көріп налаға батуымыз, назаланып налуымыз да әсіресе соңғы уақыттарда шектен шығып, тым көбейіп бара жатқандай. Әсіресе қалалы жерде адамдардың бір-біріне қайырымсыз болуының мысалы қадам басқан сайын қынжылтып алдан шығары тым-ақ өкінішті. Үлкен үйлердегі көршілердің бір-бірінің үйіне хал сұрасып, айтшылап кіруі былай тұрсын, бір-бірін танымауы, сәлем ме­зі­ретін де жасамауы қалыпты әдетке ай­налып барады. Адамдар арасындағы қа­ты­наста бір салқындық, суықтық сезіледі. Ең із­гілікті мамандық иесі, абзал жанды, адам өмі­рінің арашашысы дейтін дәрігерлердің ара­сында көмек-шипа сұраған науқастың тау­қымет-тақсыретіне салт етпес, безбүйрек, қайырымсыздықтың да көбірек бой көрсетуі мейірімнің рухани құндылық ретіндегі мәртебесі төмендеп кеткенін аңғартады. Бүй­те берсе мейірімсіздік, тасбауырлық, қайы­рымсыздық қоғамның іштен ірітетін басты дерттерінің біріне айналмақ. Мейірім жүзіндегі мұң ай бетіндегі қара дақтардай бір­тіндеп үлкейе бермек. Сонда қасіреттің үл­кені сол болмақ.

Бір қоғамның, бір елдің адамдары бір-біріне мейірімсіз болса, жауды сырттан із­деп те керегі жоқ. Мейірім болмаған жерде қатыгездік, жауыздық пен залымдық, қия­нат пен қаскөй қылмыс бас көтереді. Күн­бе-күн дерлік небір жан түршігерлік сұм­дықтарды көріп, біліп, естіп жатамыз. Жауыздықтың көкесі кісі өлтіру болса, оған да етіміз өліп алғаны жаман ырым емес пе? Бейкүнә сәбилерді өлтіру белең алуда. Тіпті бөтені емес, әжесі, әйтпесе туған шешесі, туысқандары өлтіріп жатыр. «Ана атынан, адам атынан садаға кеткірлер-ай!» дейсің амалың құрып. Іштен шыққан шақалағын қоқысқа, дәретханаға лақтыру. Қара жүрек өштікпен, қаскөйлікпен кектеніп, көздерін қара шел басып, жар қосақтарын бензин құйып өртеп жіберу, бақталасып азаптап өлтіру... Айта берсе, айналамызда жауыздықтың неше алуан түрі жетіп артылады.

Бұл жалпы қоғамдағы мейірім қасиетінің азайып бара жатқанын аңдатса керек. Жұрт­шылық, тиісті мекемелер осындай түйт­кілді, жанайқайы шырқыраған мәнзелді мә­селеге көңіл аударып, дабыл қаққаны мақұл демекпіз. Айдың-күннің аманында, рухымызды жаңғыртып, береке-бірлігімізді бірлеп жатқан мына бостан заманымызда ең асыл адами қасиетіміз – мейірім жүзіне мұң ұялатып қоюмыз обал, ар-намысқа да, елдігімізге де сын.

Қорғанбек АМАНЖОЛ,

«Егемен Қазақстан»